
Енді міне, жақында Араб мемлекетінің Дубай қаласында өткен ағылшын тілі және менталды арифметика бойынша халықаралық жарыста Шалқар ауданының оқушылары жүлделі орындарды иеленіп қайтты. Оларды атап айтсақ, №8 орта мектебінің оқушылары Аяна Аманжолова I орынды, Раян Әнес II орынды иеленді. III орынды №2 мектеп-гимназиясының оқушысы Альбатыр Қамбар мен №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Сезім Сүндетбай және №8 орта мектебінің оқушысы Ақеркем Жадырасын жеңіп алды.
– Зейінді оқушылар бақ сынаған бұл халықаралық жарысқа Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан сынды түрлі елдерден келген әлем тілдеріне жүйрік балалармен бәсекеге түскен оқушыларымыз сайыс барысында керемет әсерге бөленіп, өзге елдің мәдениеті мен тілімен, дәстүрімен танысып, көкжиектерін кеңейтіп қайтты. Олар әрқайсысы бұл жарысқа да үлкен сеніммен барды. Алайда әр елден қатысатын өрендерді таныстырар сәтте сол елдің әнұраны орындалып, ерекше құрмет көрсетіледі екен. Осы сәтте оқушыларымыз сәл толқыды. «Бұл елге келіп, бақ сынауларыңның өзі үлкен жеңіс» деп, мен оларды жігерлендірдім. Дегенмен үмітіміз ақталып, барлық оқушымыз жоғары биіктен көрінді, –дейді «Akzer_english» оқу орталығының жетекшісі Ақзер Сүгіралина.
«Ұстазы мықтының ұстамы мықты» демекші, шалқарлық оқушыларды ағылшын тілін үйретуде аталған оқу орталығының жетекшісі Ақзер Ақылбекқызының да еңбегінде айта кеткен жөн. Ол 2012–2013 оқу жылында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің шетел тілі: екі шетел тілі мамандығын қызыл дипломмен аяқтаған. Осы жылы аталған оқу орнының филология мамандығы бойынша магистратураға түсіп, 2015 жылы гуманитарлық ғылымдардың магистрі академиялық дәрежесі бойынша үздік бітірген. Ақтөбе қалалық және облыстық үш тілді «Тілдарын» байқауларының I орын иегері. 2018 жылы Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы аясында және дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен жүзеге асқан «Zhas Project» бағытымен 1 миллион теңге грант ұтып алып, оған ағылшын тілін үйрету орталығын ашады. Бүгінде бұл орталықта тұрақты 80 оқушы ағылшын тілін үйреніп отыр.
Шағын орталықтан қосымша шет тілін үйретіп, әлем елдерінде өтетін білім бәсекесінде шәкірттерінің бағын сынатып жүрген Ақзер Ақылбекқызының еңбегіне ата-аналар қауымы дән риза. Абыроймен алыс сапардан келе жатқан жеңімпаз оқушыларды Шалқар теміржол вокзалынан үлкен салтанатпен күтіп алып, құрмет көрсетуі – соның бір көрінісі.
Мұхтар МЫРЗАЛИН
Ақтөбе облысы,
Шалқар қаласы