Жұмысшы мамандықтар жылы • 25 Сәуір, 2025

Жас мамандар жерде қалмайды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Енді жетісулық жас мамандар іргелі кәсіпорындарға барып жұмыс істей алады. Бұрынғыдай қолына дипломын алып, қызмет іздеп қала кезіп жүрмейді. Өңірге қажетті кадрларды жергілікті оқу орындарынан алуды көздеген зауыт басшыларының ұсынысы қабылданды. Оған колледж директорлары да мүдделі болып отыр. Осылайша, екі тарап өзара 10 меморандум жасады.

Жас мамандар жерде қалмайды

Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Жобаны жүзеге асыру мақсатында Талдықорған қаласында «Жұ­мысшы мамандықтар: жаңа кезең, жаңа мүмкіндіктер» атты тақы­рыпта форум өтті. Оған жұмыс беруші кәсіпорындар, білім мекемелерінің өкілдері, студенттер – жалпы саны 150-ден астам адам қатысты. Форум аясында өңірдегі колледждер мен іргелі кәсіпорындар арасында келісім жасалып, осы жылдан бастап іске асатыны белгілі болды.

«Колледж жоғары оқу орны саналмайды, дипломы бір саты төмен. Соған сай барған жерде жалақы көрсеткіші өте төмен болады. Өңірден қатар бітірген көптеген бала үлкен қалаларға барып, сонда тәжірибе жинап жүр. Бұл мүмкіндік біз секілді болашақ жас мамандарға үлкен серпін береді. Алдағы уақытта «Қайнар АКБ» аккумулятор зауытында іс-тәжірибеден өтсем деп отырмын. Бәрі жақсы болса, сонда қызмет етпек ойым бар. Өңірде әке-шешемнің қасында болғаным дұрыс. Басқа жерге жұмыс іздеп бармаймын», дейді студент Алмас Қалқаманұлы.

Меморандум өз кезегінде техникалық колледж студенттерінің тәжірибеден өтуіне, бітірушілердің жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Келісім жасалған кәсіпорындардың арасында «Қайнар АКБ» аккумулятор зауыты, «Ақсу Қант» ЖШС, «JLC Сүт» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты»  ЖШС, «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы бар.

Форумға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев өңірде жастарды жұмысшы мамандықтарына тартуға, қажетті кәсіптерге даярлауға бағытталған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Осы маңызды мін­деттерді әлеуметтік серіктестермен бір­лесіп атқарудағы жос­парларын да атап өтіп, бірлесіп жасалған жұмыстың нәтижелі болатынын жеткізді.

«Өңірдегі жастар жұмыссыз қалмауы керек. Білікті жас кадрлардың өңір экономикасын дамытуына жол ашқан абзал. Бізде жүздеген кәсіпорын мен зауыттар бар. Оларда тәжірибеден өткен жас мамандар өз ісінің шебері болады. Аграрлы өңірде ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырын білетін мамандарды көптеп шығаруымыз қажет», деді М.Көлбаев.

Бірқатар спикер білікті жұмысшы кадр­ларды даярлаудың негізгі мәселелері жайлы сөз қозғады. Студенттер Дмитрий Сунчинянов пен Шырын Болатбекқызы ха­лықаралық стандарттардың білім үде­рі­сіне интеграциялануы туралы өздерінің тәжірибелік бақылаулары жөнінде баяндады.

Форум барысында колледж түлектеріне олардың кәсіби біліктілігін растайтын, жұмысқа орналасуда басым құқық бе­ретін «Алтын карта» тапсыру рәсімі атқа­рылды. Текелі кәсіптік колледжінің «Дәне­керлеуші», Сарқан политехникалық колледжінің «Электр жабдықтары», Бастөбе колледжінің «Аспаз» мамандығы бойынша бітірген жас мамандарын қабылдаған жұмыс берушілер қатарында «КазМұнайГазПромСтройСервис» ЖШС кәсіпорындары, «ИП Ли А.Д.», «ТАТЭК» АҚ бар.

Іс-шара барысында «WorldSkills Kazakhstan 2024» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Бұл білім мекемелері мен бизнес арасындағы тиімді байланыстарды нығайтуда маңызды қадам болды, сондай-ақ жастардың болашағы бар жұмысшы мамандықтарын таңдауына қолдау көрсетуге ықпал етеді.

Жалпы, облыста 27 колледж бар, онда 13 900-ден астам студент оқиды. 2024 жылы мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 4250 орын болған, бюджеттік орындардың басым бөлігі ІТ, құрылыс, инженерия, металлургия сияқты техникалық мамандықтарға тиесілі. Білім сапасын арттыру үшін өткен жылы өңірде 13 жаңа мамандық ашылса, биыл 14 жаңа мамандық ашу көзделген. Бұл қатарда өндірістің автоматтандырылған жүйелері, мехатроника, сәулеттік жобалау, орман және балық шаруашылығы сияқты мамандықтар бар. 2025 жылы облыстағы колледждерге 4500 адамды қабылдау жос­парланған.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәлі­­ме­тінше, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыста 70-тен астам іс-шара өтеді. Соның ішінде «ZhetysuFest», «WorldSkills Zhetysu 2025», «AgroSkills-2024» чем­пионаттары, сондай-ақ студенттерге арналған кәсіби кон­курстар ұйымдастырылады. Облыс әкімінің қолдауымен Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің базасында жұмысшы мамандықтар алаңына айналатын «Zhetysu Skills» орталығы салынады.

 

Жетісу облысы