
Құлеке батыр – Абылай ханның оң тізесін баса отырған ақылшы-батырларының бірі. Хан оны Ресей, Қытай мемлекеттері арасындағы елшіліктерге де жіберіп, дипломатиялық істерге жұмсап отырған. Құлеке туралы кезінде:
«Құдай жақсы жаратқан Құлекені айт,
Елде жақсы бар болса бір-екенін айт.
Атығайда төрт қасқа батыр өткен
Жантелі, Жәпек, Тілеке, Құлекені айт», деген сөз қалған.
Құлекеден Бәбеке, Мөңке, Тілеуке, Шардақ, Қазақбай, Жүсіп атты алты ұл туады. Осындағы Тілеуке ақын, философ, ақылына қарап жасынан шал атанған Шал ақын.
Қазақбайдың бір баласы – Бекмырза. Оның Жантілеу деген баласынан Қошан туып, ал одан атақты академик Аманжол Қошановтың тарағанын білеміз. Бұл атаның ұрпағы ежелден қарымды, текті, білімді, аталы екені көрініп тұр.
Бекмырза 1903–1904 жылдары қасына елден Ыбырай және тағы бір жігітті ертіп, қажылыққа барған. Өзі 60-тан жаңа ғана асқан жаста болса керек. Осы сапарда Бекмырзаның Алла бұйырған ажал сағаты жетіп, шейіт болады. Ал оның зәмзәм суы және басқа да заттар салған сандығын елге Ыбырай мен қасындағы жігіт аман-есен жеткізіп, ұрпағы Жантілеудің үйіне тапсырады. Содан бері бұл сандық ғасырдан артық уақыт бойы Құлеке батыр ұрпақтарының бастан кешкен оқиғаларының куәсі болып тұрған.
Жуырда осы сандықты Жантілеудің немересі Мұрат ақсақал өз қолымен Қызылжардағы Ислам мәдениетінің музейіне тапсырды.
ПЕТРОПАВЛ