Білім • 26 Сәуір, 2025

ҚазҰУ білім алушылары ЖИ арқылы газет шығарды    

570 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің магистранттары жасанды интеллект арқылы қазақ тілді алғашқы ғылыми-танымдық, конвергентті, инклюзивті газет даярлады. ЖИ жасаған қазақ тіліндегі басылым «AI-Tamyz» аталады.

ҚазҰУ білім алушылары ЖИ арқылы газет шығарды    

«Мемлекет басшысы мемлекеттік тілде контент әзірлейтін нейрожеліні дамытуға аса зор мән беріп, осы салаларды дамытуға баса назар аударып отыр. Жасанды интеллект бағдарламаларының 2024-2029-жылдарға арналған мемлекеттік даму стратегиясы қабылданды. Ректорымыз Жансейіт Қансейітұлының тікелей басшылығымен  Фараби университетіндегі білім беру мен мамандар даярлау ісінде жасанды интеллектінің қолданыс аясын кеңейту басым бағыттың біріне айналып отыр. Бұл орайда Фараби университетінде Орта Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылды. Оның игілігін студенттер мен жас ғалымдар  көріп, өз тәжірибесі мен ғылыми ізденісін жасайды. Ал журналистика факультетінің магистранттары нейрожелі арқылы жасап шыққан алғашқы қазақ тіліндегі «AI-Tamyz» газеті осы бағыттағы игі бастаманың бірі ғана», – дейді шығармашылық топ жетекшісі, журналистика факультеті деканы, филология ғылымдарының кандидаты Қанат Әуесбай.

«AI-Tamyz» – конвергентті, инклюзивті газет. Басылымның цифрлық, аудиомәтіндік, бейнеконтенттік нұсқалары қоса шығып отыр. Басты ерекшелігі – газеттің барлық материалы жасампаз зердеге тапсырма беріп, генерациялау арқылы жасалды. Газет материалдары, суреттер мен бейнеконтент, аудиомәтін – барлығы да түрлі нейрожелі бағдарламасын қолдану арқылы әзірленіп отыр. Инклюзивті аталған себебі, қоғамның «мүмкіндігі ерекше» өкілдері үшін газетпен танысуға арнайы жағдай жасалды. Мәселен, көру қабілеті төмен жандар газеттегі мақалалардың аудионұсқасын тыңдай алады. Ол үшін әр мақала үшін QR-код орналастырылды. Код көру қабілеті төмен адамдарға оңай табылуы үшін газеттің әр бетінің астыңғы оң жақ бөлігінде берілді.р

«AI-Tamyz» атауының бірнеше түсіндірмесі бар. AI – ағылшынша «Аrtificial intelligence» – «жасанды интеллект» дегенді білдіреді. «Ai» және  «Tamyz» сөзімен бірігім дыбысталуы жағынан «Айтамыз» етістігін білдіріп тұр. Ол ғылым мен білімде, күнделікті өмірде болып жатқан өзекті оқиғалар мен мәселелерді айтамыз дегенді меңзеп тұр. Оның үстіне, тамыз айы жеміс-жидек пен көкөністің мол өнім беретін айы екені белгілі. Сол себепті бұл басылымның елге берер өнімі көп болсын деген ізгі ниетпен қойылды. Бір жаынан көркемдік әдеби тұрғыдан «Әй, майын тамызып айтады екенсің» деген сөз тіркесімен де қисынды үйлесіп тұр. Айтар әңгімені көркем, әдемі, ерекше жеткізуді қазақи танымда осындай тұрақты сөз тіркесімен келтірдік»,  – дейді газетті шығарушылар.

«Газетті жасап шығару идеясы кездейсоқ семинар сабақтың бірінде туды. Data-журналистика пәні бойынша кезекті семинар сабағы өтіп жатқан. Дәріскеріміз Қанат Әуесбайұлы Италияда жасанды интеллект көмегімен жасалған тұңғыш газеттің шыққаны туралы ақпаратты талқылауды ұсынды.  Ізінше «осындай газетті неге қазақ тілінде өзіміз жасамасқа?!» - деген ой тастады. Осылайша біз тобымызбен бірлесіп, нейрожелі арқылы жасалған қазақ тіліндегі тұңғыш газетті жасап шығуға бекіндік. Әлбетте толықтай жасанды интеллект көмегімен жасап шығу оңай болған жоқ. Өйткені, бүгінде жасампаз зердеде қазақ тілінің толық мүмкіндігі қолданылмайтыны кедергі болды. Дегенмен ыждаһаттылық танытып, айтқанымыздан қайтпадық.  Сапалы мақала, қажетті сурет пен бейнені генерациялау үшін ондаған ЖИ бағдарламаларын сынақтан өткізіп,  жүздеген тапсырма беріп, діттегенімізге ақыры жеттік. Қазірде ЖИ саласында қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келе жатыр. Сондықтан алдағы уақытта біздің жасап жатқан дүниеміз қазіргіден де сапалы әрі жылдам, оңай жасалатын болады», – дейді газеттің бас редакторы, «халықаралық журналистика» мамандығының 1-курс магистранты Нұр-Алтай Өмірзақ.

О«Газетті жасау барысында түрлі нейрожелі бағдарламасын тәжірибе жүзінде байқап көрдік. Мәтіндерді «ChatGPT, GEMINI» секілді бағдарламалар арқылы генерацияладық. Бұл бағытта біз алдағы уақытта университетіміздің IT-факультетінің бағдарламалау мамандығында оқитын студенттерімен тығыз ынтымақтаса жұмыс істемекпіз. Бұдан былай қазақ тілінде «мәтін-аудио-бейне» форматында бағдарламалар әзірлеуді көздеп отырмыз. «AI-Tamyz» газетіндегі мақалаларды сондай-ақ, «WhisperAI, MicMonster , Text to Speech» сияқты ЖИ бағдарламаларын қолданып, жасадық»  – дейді газеттің шығарылымына жауапты редактор, магистрант Айшат Нақа.

«Газет жасаудағы маңызды дүниенің бірі – мәтінге сай бейнеконтент жасау болды. Біз ол үшін «СanvaAI, DALLE, MidJorney» сияқты ЖИ бағдарламаларын қолдандық.  Сондай-ақ, нейрожелінің шығармашылық тұрғысындағы қабілетін сынап, оған әзілдер, шытырман оқиғалы әңгіме мен өлең жаздырып  көрдік. Ал қажетті дыбыс пен әуендерді жазуға «SunoAI» бағдарламасын қолдандық» – деді контент генерациялаған магистрант Жұмабек Мотан.

«Бұл басылымды жасап шығаруда газеттің барлық дизайны мен макетін құрастырып, оған қажетті мақалаларды жинастырып, құрастырып шығу болды. Ол үшін біз «СanvaAI» бағдарламасының дайын шаблондарын жетілдіріп, газетті толықтай сол платформада жасап шықтық. Бастапқыда газетті айына бір рет, аптасына бір рет шығарып тұруды көздеп отырмыз. Басылым университетіміздің барлық білім алушысы мен оқытушылары және өзге де ғылым саласындағы ізденімпаз жандарға арналған», – дейді газетті жинап, құрастырған магистрант Аягөз Қабылғайым.