
Бір жыл ішінде Қазақстан рейтингте 20 қатарға көтерілді, бұл саланың қарқынды дамуын және мобильді интернет жылдамдығы мен сапасының жақсарғанын көрсетеді. Осы көрсеткіштің арқасында Қазақстан Румыния, Венгрия, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Жапония және т.б. елдерді басып озды.
Орталық Азия мемлекеттері мен Еуразиялық экономикалық одаққа келетін болсақ, Қазақстанның пайдасына алшақтық айтарлықтай байқалады. Мәселен, Қазақстандағы мобильді интернет жылдамдығы Өзбекстанмен салыстырғанда 58%, Қырғызстаннан 75,9%, Армениядан 94,8%, Ресейден 2,2 есе және Беларусьтен 4 есе жоғары.
Интернетке қосылу жылдамдығы мен сапасын талдауға маманданған жетекші халықаралық компанияның сарапшылары Ookla өз зерттеулерінде атап өткендей, Қазақстандағы мобильді интернет жылдамдығының өсуі 5G желілерін дамытудың арқасында күшті серпін алды.
Қазақстан Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде 5G-ді коммерциялық түрде іске қосқан алғашқы елдердің бірі. 2025 жылғы сәуір айының басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 3 мыңнан астам 5G базалық станциясы орнатылған.
Түсінікті болу үшін республикадағы 4G мен 5G көрсеткіштерін салыстырайық. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 5G желісіндегі мобильді интернеттің жүктеу жылдамдығы секундына 332,11 мегабитті құрады, ал 4G желісінде бар болғаны 32,59 мегабит болды, яғни айырмашылық 10 есе асады. Деректерді жіберу жылдамдығы бойынша да ұқсас жағдай байқалады: 4G желісінде секундына 12,6 мегабит болса, 5G желісінде 32,3 мегабит – айырмашылық 2,5 есе.
Осылайша, бесінші буын желісі өзінен бұрынғы желіден айтарлықтай озып тұр және дәл 5G Қазақстандағы мобильді интернеттің жылдамдығы мен сапасын арттырудың негізгі қозғаушы күшіне айналды.