
Мәселен, былтыр «Фолиант» баспасынан танымал ақын Әбубәкір Қайранның «Байтақ» атты кітабы шықты. Онда ақынның өлеңдерімен қатар, «Семей» және «Арзу» поэмалары жарияланған. «Семей» поэмасының «Алашорда» атты бір тарауы біз сөз еткен тақырыпқа арналса, «Арзу» атты лирикалық поэма тұтасымен Алаш тақырыбын арқау етіпті.
2024 жылы жарық көрген тағы бір эссе форматындағы кітап – белгілі жазушы Дидар Амантайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл мұраты, болмыс философиясы». Бұл да осы Алаш тақырыбынан тамыр тартады. Онда Ақаңның еңбегі ой-зерде, таным, парасат тұрғысынан талданады.
Алаш тақырыбын арқау еткен тағы бір туынды – 2025 жылы шыққан жазушы Қайсар Әлімнің «Атылуын күткен алты күн» романы. Онда өлім жазасына кесілген алашордашы Сейдәзім Қадырбай өмірінің соңғы сәті суреттеледі. Ол – Торғай өңіріндегі Алашорда қозғалысының қайраткері. Алашордашылар туралы деректерде, Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр Дулатованың естеліктерінде есімі жиі аталады.
Осындай Алаш тақырыбындағы көркем және танымдық дүниелердің көбейе беруіне тілектеспіз.