Руханият • Кеше

Отбасы институтының рөлін арттыру қажет

130 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі қоғамда көптеген отбасы күрделі психологиялық ахуалды басынан кешіріп жатыр. Оның салдарын мамандар әлеуметтік, экономикалық, тіптен саяси себептермен, сондай-ақ халқымыздың сан ғасыр бойы жасап келген ұлттық тәрбие институты рөлінің төмендеп кетуімен байланыстырады.

Отбасы институтының рөлін арттыру қажет

Ғылымға қадам басқан алғаш­қы күннен бастап, отба­сы пси­хо­ло­­гиясын бас­ты та­қырып етіп таңдаған әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің жалпы және қолданбалы психология кафедра­сының жетекші маманы, психо­логия ғылымдарының кандидаты, профессор Майра Қаба­қова әсіресе, қазақ отбасындағы қарым-қатынасты зерттеудің маңызын алға тартты.

Семей жерінде туған ғалым қазіргі Санкт-Петербор мемлекет­тік уни­вер­ситетін үздік аяқтағаннан кейін еңбек жолын Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бас­тады. Одан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінде ұстаздық етті. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде шәкірт тәрбиелеп, отбасы құндылықтарының қоғамдағы рөліне қатысты кешенді еңбектер жазып, психология ғылымының соны салаларына қалам тартып келеді.

Оның айтуынша, ұлттық тәрбиенің зиялы қоғам қалыптастырудағы рөлі қашанда жоғары.  Тәрбие  өнегелі отбасынан басталады. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары еліміздің ажырасу көрсеткіші бойынша алдыңғы ондықта тұрғаны алаңдатады.

Профессор көбінесе жас отбасы­лардың ерте кезеңде, ал ерлі зайып­тылардың 20-25 жылдан кейін ажырасу себебін отбасындағы психологиялық ахуалдың тұрақсыздығына байланыс­ты екенін атап өтті.

Еліміздегі ажырасу көрсеткішінің саяси, әлеуметтік, экономикалық себеп-салдарын ескеруіміз қажет. Көнеден жеткен ауыз әдебиетінің жарқын үлгілері, тарихи деректер халқымыздың рухани-мәдени бол­мысының өміршеңдігін ай­ғақ­тайды. Жер дауы, жесір дауы, ру­лар арасындағы түсініспеушілік алқа билердің араласуымен шешіліп отырғаны тарихи деректерден аян. Инабатты қыз, батыр ұл тәрбиелеген қоғамда «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» әдебі қалыптасты. Қандай да бір дау-дамай шиеленіссіз данагөй ақсақалдардың бір ауыз сөзімен шешіліп отырды. Қоғамдағы қазіргі жағдайда ата-бабаларымыз дипломатиялық тәжірибесінің жетіс­пейтіндігіне көз жеткізіп отырмыз. Қазақ халқы басына төнген нәубет жылдарда осынау бай рухани мұрасынан ажырап қалды. Сондықтан атадан балаға мирас болған ұрпақтар сабақтастығын жоғалтып алмауға қарекет жасау қажет. Өкінішке қарай, осы дәстүрді шама-шарқынша күні бүгінге дейін сақтап келген, ұлттық өнегенің алтын қазығы болған ата-әжелеріміздің де қатары сиреп барады. Қоғамға жаһанданумен сусындаған жаңа ұрпақ келді. Сауатты қарым-қатынас құруға үйренбегендіктен, олар болашақ отбасының тұрақты­лығын қамтамасыз ете алмай жатыр. Отбасына жауапкершілік алғысы кел­мейтін,  коммуникация құруды білмей­тіндер қатары, зорлық-зом­бы­лық фактілері көбейіп барады. Сал­дарынан отбасының шырқы бұзылып, күрделі психологиялық ахуал белең алып отыр, дейді ғалым.

Біздің кейіпкеріміз бұл салаға қатысты зерттеулерін жеті моно­графияға топтастырған. «Жұбайлық қаты­настар тұрақтануының психоло­гиялық факторлары», «Қазақ отба­сын­дағы психологиялық ерекшеліктер» және басқа да еңбектерінде отба­сы­лық пси­хологияны жан-жақты қа­рас­тырады. Қала, ауыл қазақ­та­ры­­ның және қандастардың отба­сылық ерекшелігін, олардың жаңа ортаға бейімделуі, сондай-ақ әске­ри­лер отбасындағы қарым-қаты­насты мей­лінше терең  зерттеген ға­лым­ның бұл ең­бек­тері психология бағытына жаңа серпін берді. ҚазҰУ-да алғаш рет Майра Қабақованың бастамасымен «Психология»  мамандығы бойынша PhD мамандар даярлау бағдарламасының енуі салаға жас мамандардың көптеп келуіне жол ашып, тың еңбектер жазылды. Ғалым бастамасымен ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен баланың, сондай-ақ бірге туған бауырлардың, ағайындардың қарым-қатынасын зерттеу ісі қолға алынды. Осы бағыттарда ондаған тың тақырып ашылып, бүгінде шәкірт­тері зерттеу ісін жалғастырып келеді.  Импакт-факторлы «Web of Science», «Scopus» базасында 10-нан астам мақала мен 300-ден аса ғылыми жария­ланымның, 17 куәліктің авторы отбасы тақырыбының терең зерттеуге зәру сала екенін айтты.

Отбасы тақырыбы өте күрделі. Бұл тақырыпты зерттеуге де екінің бірі бара бермейді әрі кез келген отбасы зерттеушілер үшін ашық емес. Зерттеулер көрсеткендей, 20-25 жыл отасқан отбасылардың босағасы балаларымен берік болып отырған. Алды үйленіп, кейінгісі оқуға кеткеннен кейін шаңырақта екеуден-екеу қалғанда өздігінше өмір сүре алмағандықтан, ерлі-зайыптылардың ширек ғасырдан кейін айырылысып жатуы қоғамдағы күрделі құбылысқа айналып отыр. Мұның себеп-салдары отбасы мүшелеріне психологиялық салмақ салуымен қатар қоғамның да­муына да кері ықпалын тигізіп жатыр. «Сондықтан еліміздегі ажырасу фак­торының себептерін әріден іздеу қажет. Туыстар арасында сауат­ты қарым-қатынас құру, ата-баба тарихына құрметпен қарап, шежіре сабақтас­тығын жалғастыру, сондай-ақ Америка, басқа да дамыған елдер тәжіри­бе­сіндегідей университеттер жанында кең тараған қоғамдық институт­тар үлгісіндегі орталықтар жұмысын жандандырып, алғаш ата-әже атанатын, балалары отбасы құратын ересектерді оқыту курстарын қолға алу қажет» дейді ғалым.

Қазіргі кезде университет түлектері, шәкірттерінің еліміз өңірлерінде орталықтар ашып жатқанын алға тартқан ғалым отбасы ісімен айналысатын соттар жанындағы психологтермен жұмысты жандандырудың да маңызды екенін айтады.

Профессор ғылым жолымен қатар қоғам өміріне де белсене атсалысып келеді. Ұлттық және халықаралық деңгей­дегі ғылыми жобаларға қатысып жүр­ген ғалым қазіргі кезде «Amanat» пар­­тия­сының әйелдер қанатының бас­та­масымен әзірленіп жатқан «Қазақ­­стан Республикасы психологтер қыз­меті туралы» заң жобасына қатысты бастамашы топ құрамының мүшесі.

Ғалымның ұлттық психология саласындағы жетістіктері бүгінде еліміз ғана емес, халықаралық кеңістікке мәлім. «ЖОО үздік оқытушысы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, профессор Майра Қабақова Болгария, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан ғалымдарымен әріптестік орна­тып, әлемдік психологиялық мұра­лар­ды қазақ тіліне аударып, рухания­ты­мыздың дамуына үлесін қосып келеді.

Психология бойынша 10-нан аса магистр дайындаған ғалымның 30-дан астам студенті – халықаралық байқаулардың жүлдегері. Ұзақ жыл ҚазҰУ-дың Философия және политология факультетінде әдістемелік кеңеске жетекшілік етіп, студенттерді қолдау мақсатында «Виртуалды психологиялық қонақ бөлмесін» ұйым­дастырудың бастауында тұрды. Отбасы құндылықтарын зерттеу орталығына жетекшілік етіп, университет базасында Қысқы психологиялық мектепті ұйымдастырды. UNFPA қолдауымен іске асқан «Әкелер институтын дамыту», «Зорлық-зом­былықсыз қарым-қатынас» жобаларына, «Отбасым», «Onege» сынды әлеуметтік бағдарламаларға қатысып, ғылыми бағыттағы ізденісін қоғамның ізгілігіне  арнап келеді.

 

АЛМАТЫ