Қоғам • Бүгін, 12:40

Пранк жасаймын деп қоғамдық тәртіпті бұзатындар көбейіп кетті - Нартай Аралбайұлы

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Аралбайұлы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға әлеуметтік желілерде белең алған қауіпті пранктерге қатысты депутаттық сауал жолдап, мұндай әрекеттерге заңды түрде тосқауыл қою қажеттігін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Пранк жасаймын деп қоғамдық тәртіпті бұзатындар көбейіп кетті - Нартай Аралбайұлы

Фото: Ашық дереккөз

Депутат қоғамда кеңінен тараған қауіпті пранктер мен жауапсыз блогерлердің әрекеттеріне алаңдаушылығын білдіріп, олардың қоғамдық сана мен тәртіпке тигізіп жатқан теріс ықпалына тоқталды.

«Қазір қоғамда пранкпен парақшасындағы лүпілдің санын арттырғанмен парасат биігінен омақаса құлағандар қаптап кетті. Адамды қорқытуды, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп әзілдің шекарасынан шығып кеткен әркімдер әлеуметтік желіде әлек салуды доғармай тұр»,  деді депутат.

Нартай Аралбайұлының айтуынша, елорда мен өзге өңірлерде түсірілген пранктердің көпшілігі қоғамда қорқыныш пен наразылық тудырып отыр. Ол мысал ретінде лифт ішінде «жалған мәйіт» қойып адамдарды шошытқан, тапаншамен қорқытып видео түсірген және аула сыпырушыларды мазақ еткен блогерлердің әрекеттерін атады.

«Ол ол ма, біздің блогер-сымақтар шетелге барып абыройды айрандай төгіп жүр. Мәселен, қазақстандық блогер Аружан Айбекова Қытайда «ұрлық жасап жатқандай» ролик түсірген. Арты үлкен шу болып, ақыры әлгі қыз жергілікті полицияға шақырылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ ол түсінді ме? Өйткені дәл осы блогердің арада аз уақыт өткенде Ташкент метросында жігіттердің қолынан ұстап тиіскені туралы бейнежазба тағы тарады. «Ойыннан да омыртқа сынатынын» білмейтін мұндай блогер-сымақтарды қатаң жауапқа  тартатын кез келді. Себебі бұл адамның жеке өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу», деді ол.

Депутат жасанды интеллектіні теріс мақсатта пайдалану арқылы жасалатын жаңа түрдегі пранктерге де назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттік тұлғалардың жалған бейнелерімен немесе азаматтарды шатастыратын бейнероликтермен қоғамды адастыру қауіпті құбылысқа айналып барады.

«Тағы бір пранкте балалар ата-аналарына «танымайтын адам үйге келіп тұр, не істейміз?» деп жасанды интелект арқылы беймәлім адамның үйге кіріп кеткен, пәтерді аралып жүрген суреттерін жібереді. Зәресі ұшқан ата-ана полицияға телефон шалады, жұмысын тастап үйіне барады. Ақырында бұл пранк деп бала-шаға бейқам отырады. Дәл сол уақытта полиция шын мұқтаж адамға көмекке баруға үлгермей қалуы мүмкін, оны интернеттің инесіне отырғандар ұқпайды», деді депутат.

Сондай-ақ депутат соңғы уақытта ел ішінде «табытта 24 сағат өткізу» секілді адам шошытарлық челлендждердің таралуын сынға алды.

«Хәкім Абай: «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, зияны тимек» деген уағында. Сондықтан өлшемге өресі жетпейтіндерді заңмен тұсайтын кез келді», деді Нартай Аралбайұлы. 

Депутат өз сөзінде бірқатар нақты ұсыныстарды да ортаға салды:

  1. Пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзған, жеке адамның өміріне қол  сұққандарды анықтап, олардың бірыңғай тізімін жасап жариялау қажет.
  2. Қауіпті пранк арқылы адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққандардың әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау керек;
  3. Әлеуметтік желі әкімшілерінен қауіпті пранктер мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға жедел хабарлауды талап ету қажет;
  4. Мұндай теріс құбылыстың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде, нәтиже беретін контент ретінде  жүргізу керек.