Оқиға • Бүгін, 15:18

Жамбыл облысында 200-ге жуық омарташы кәсібін тастауға мәжбүр: Субсидия жыры қашан бітеді?

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жарты мыңнан астам жамбылдық омарташының 200-ге жуығы сүйікті кәсібінен бас тартуға мәжбүр болып отыр. Олар субсидия сергелдеңінен зәрезап болғандықтан, сондай қадамға барған, деп жазады Egemen.kz.

Жамбыл облысында 200-ге жуық омарташы кәсібін тастауға мәжбүр: Субсидия жыры қашан бітеді?

Субсидия талабы өзгерген соң, жағдайы мүшкіл тартқан омарташылардың көңілі түсіп қалған. Екі жыл бұрын рəсімделген субсидия қаржысын қолына əлі алмаған шаруаның жүйкесі жұқармағанда қайтсін? Қажетті қаражатқа қол жеткізе алмаған олар ара тұқымын асылдандыруға зар болып отырған жайы бар. Оларға жауапты басқармадағылардың 150 миллионға жуық берешегі бар. Ата кəсіпті жылдар бойы табыс көзіне айналдырған азаматтардың жүзін торлаған мұң кімді де болса толғандырмай қоймайды. Шаруалар қаржылық қолдаусыз істі дөңгелету қиынға айналғанын тілге тиек етті.

«Дəл қазіргі жағдайымыз көңілге еріксіз кірбің түсіреді. Тиесілі субсидияны алғымыз келетіні əлімсақтан белгілі. Алайда жауапты басқарма өкілдері шаруалардың қарызын əлі күнге жапқан жоқ. Біршама уақыт бұрын ұлым араларға қажетті ағаш ұяны алуға 4 млн шамасында қаржы жұмсады. Оның бір данасының өзі 25-30 теңгеге бағаланатынын біреу білсе, біреу білмес. Қазір сол ұяның санын 700-ге жеткіздік. Соған қарамастан мемлекет тарапынан берілетін субсидияны ала алмай, тарығып отырмыз», дейді омарташылардың бірі Григорий Пастух.

Кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істер саны 4 есе қысқарды

Əр істің өзіне тəн машақаты бар. Оған ешкімнің таласы жоқ. Төскейде төрт түлікті өргізген қазекеме жайылымның жөні бөлек екені анық. Сол секілді омар  ташы кəсібіне адалдық танытқандардың да өз мехнаты бар. Олар «ара жаю» жұмысы оңай емес екенін алға тартады. Айтуларынша, ерте көктемнен бастап, күрең күз келгенше көшіп жүреді. Себебі арадан балды молынан алу үшін шөп біткеннің гүлінен шырын жинау керек. Түсіне білген адамға бұл шаруаның қиындығы жетіп-артылады.

«Өткен жылы аралар арасында пандемия болды. Салдарынан 80%-ға жуығы қырылып қалды. Жұмысқа жегілетін араны да, асыл тұқымдының аналығын алуға да қаржы қажет. Алайда жергілікті билік өкілдері қол ұшын бере алмады. Субсидия талабы да өзгергені жанымызға батты. Жағдайдың осылай құбылуы салдарынан екі жүзге жуық азамат кəсіпті тастап кетуге мəжбүр болды», дейді облыстық омарташылар қауымдастығының төрағасы Константин Кутасов мəселенің мəнісін түсіндіріп.

Мамандар айтқан уəжге сүйенсек, жел уілдеген күні аралардың қанат қағуы мұңға айналады. Сол кезде олар жəшік төңірегінде ғана ұшады. Ал араның еңбекқорлығын еселеп арттырудың маңызы зор. Ол үшін жоғарыда маман айтқандай, асыл тұқымды аналығын сатып алу қажет. Мұның бəрі қаржыны талап етеді. Қаражатың болмаса, істі алға дөңгелетіп əкетемін деу – бос əурешілік. Салаға жауапты ауыл шаруашылығы басқармасындағы азаматтардың сөзіне сенсек, агросекторға арналған субсидия аз бөлінгендіктен, омарташыларды жарылқау мүмкін емес. 2024 жылдан бері қырықтан астам шаруаға 90 млн теңге шамасында қаражат берілген. Ал өткен жылы ешбір омарташы субсидияның қызығын көрмеген. Екі жылдық қарыз алдағы күндері үлестірілмек.

«2024 жылғы қарыз 113,7 млн теңгені құрап отыр. 2025 жылғы берешек – 33,7 млн теңге. Бұл берешек келесі айдың он бесіне дейін өтеледі деп отырмыз. Жоспарда тұр», дейді облыс əкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нышаналы Телеуов.

Қалай болған күнде де, омарташылардың субсидияға дер кезінде қол жеткізе алмай, қаржылық қолдаудан қағылуға мəжбүр болғаны қынжылтады. Əрине, басқармадағылар берген уəдеге салсақ, берешек өтелер күн алыс емес секілді. Тек қаржылық қолдаудың уақтылы көрсетілмеуі кəсіп иелерінің жұмысына кедергі келтірмесе дейсің. Оны уақытында көре жатармыз.

Соңғы жаңалықтар