Медицина • Бүгін, 16:25

Qalqan: Жаңа технология МӘМС-ті қалай өзгертеді?

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруды жетілдіруге бағытталған жүйелі өзгерістер кезеңі басталды. Осы үдерістің негізгі тетіктерінің бірі – Qalqan бірыңғай цифрлық платформасы. Ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жаңа кезеңі ретінде қарастырылып отырған «МӘМС 2.0» моделінің технологиялық негізін қалыптастырады, деп жазады Egemen.kz.

Qalqan: Жаңа технология МӘМС-ті қалай өзгертеді?

Жаңғыртудың басты мақсаты айқын. Бұл – МӘМС қаражатын пайдалану кезінде ашықтықты қамтамасыз ету, басқару тиімділігін арттыру және қаржылық тәртіпті күшейту. Қазіргі жағдайда бұл мәселелердің өзектілігі артып отыр. Себебі денсаулық сақтау жүйесінде қаржылық үдерістердің толық біріктірілмеуі, деректердің әртүрлі жүйелерде шашыраңқы болуы және қолмен орындалатын операциялардың сақталуы басқару сапасына әсер етпей қоймайды.

Осы тұрғыдан алғанда, Qalqan платформасын енгізу – уақыт талабынан туындаған шешім. Платформа медициналық қызметтерді болжау, есепке алу, тексеру және төлеу процестерін бір жүйеге біріктіреді. Нәтижесінде қаржылық операциялар автоматтандырылып, шешімдер нақты деректерге сүйене отырып қабылданады. Бұл, өз кезегінде, жүйедегі артық шығындардың алдын алып, ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Маңыздысы, Qalqan медициналық ұйымдардың емдеу-диагностикалық қызметіне араласпайды. Ол тек қаржылық ағындарды басқаруға бағытталған құрал ретінде қарастырылады. Яғни платформа денсаулық сақтау жүйесіндегі қолданыстағы ақпараттық шешімдерді алмастырмай, оларды өзара байланыстыратын және толықтыратын тетік қызметін атқарады.

МӘМС жарнасын жергілікті әкімдік кімдерге төлейді?

Жаңа жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі – бақылау тәсілінің өзгеруі. Бұған дейін бақылау көбіне қызмет көрсетілгеннен кейін жүргізіліп келсе, енді алдын ала бақылау қағидаты енгізіледі. Платформа медициналық ұйым атқарған медициналық қызметті жіберген сәтте-ақ деректерді тексеріп, сәйкессіздіктерді анықтайды. Бұл қаржының нақты көрсетілген қызметке жұмсалуын қамтамасыз етеді және артық төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді.

ӘМСҚ Цифрлық даму орталығы басшысының орынбасары Гаухар Жанайдарова атап өткендей, жаңа тәсіл басқару логикасын өзгертеді. Жүйе шот қалыптастыру кезеңінде-ақ ақауларды анықтап, шешім қабылдауды нақты деректерге негіздеуге жол ашады.

Qalqan енгізілуімен медициналық ұйымдардың жұмысына да бірқатар өзгеріс енгізіледі. Ең алдымен, талаптар біріздендіріліп, түсінікті болады. Адал әрі сапалы қызмет көрсететін ұйымдар үшін жағдай жеңілдейді. Олар көрсетілген қызмет үшін төлемдерді уақытылы алады. Ал талаптардың сақталмауы автоматты түрде анықталып, тиісті шаралар қабылданады. Бұл жүйеде жауапкершілікті арттырып, әділ бәсекелестікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Жүйедегі өзгерістер ең алдымен азаматтарға бағытталған. Пациенттер көрсетілген медициналық қызметті QR-код арқылы растау мүмкіндігіне ие болады. Бұл көрсетілмеген қызмет үшін төлем жасауға жол бермейді. Сонымен қатар әр азамат жеке кабинеті арқылы өзіне көрсетілген қызметтер туралы және сол үшін төленген қаражат көлемі жөнінде толық ақпарат ала алады. Бұл ашықтықты күшейтіп, жүйеге деген сенімді арттыруға негіз болады.

МӘМС жаңарады: Әр теңге науқасқа нақты жетуге тиіс

Бұдан бөлек, «халықтық бақылау» тетіктерін енгізу де жоспарланып отыр. Осы бағытта eGov Mobile қосымшасында арнайы сервистерді іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл азаматтардың жүйедегі процестерге қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, кері байланысты жеделдетеді.

Qalqan платформасын енгізудің тағы бір маңызды қыры – оның қолданыстағы мемлекеттік цифрлық инфрақұрылым негізінде жүзеге асырылуы. Бұл қосымша бюджет шығындарын талап етпейді. Сонымен қатар деректер қауіпсіздігі жағына да ерекше мән берілген. Платформа қорғалған байланыс арналары арқылы ғана қызмет көрсетеді.

«Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы кезеңде медициналық ұйымдардың бірыңғай электрондық дерекқоры қалыптастырылды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы негізгі ақпараттық жүйелермен интеграция қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта медициналық ұйымдарды санаттарға бөлу, қаржыландыру тәсілдерін саралау және талдау мен болжау құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген», деді Гаухар Жанайдарова.

Жалпы алғанда, Qalqan платформасы МӘМС жүйесіндегі қаржыландыру тәсілін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бақылаудың алдын ала кезеңге көшуі, шешімдердің нақты деректерге негізделуі және қаржылық үдерістердің бірізденуі жүйенің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Бұл бастама денсаулық сақтау саласындағы ашықтықты күшейтіп қана қоймай, азаматтардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға да қызмет етеді.

Соңғы жаңалықтар