
Павлодар қаласының Кенжекөл ауылы тұрғындары сумен жабдықтау жүйесіне қосылған кездегі есептеулердің заңдылығын анықтау беруді сұрап, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне жүгінген. Оған сәйкес мекеме «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізген.
- Тексеру нәтижесінде «Табиғи монополиялар туралы» Заңның 24-бабы 10-тармағының 3)- тармақшасының бұзылуы, атап айтқанда, су құбырының сыртқы желілеріне техникалық қызмет көрсетуге ақы төлеу түрінде қосымша талаптар қойып, оларды нақты орындамай, тұтынушылардың реттеліп көрсетілетін сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізуін шектеу анықталды. «Павлодар-Водоканал» ЖШС-не ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 164-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік іс қозғалды,-деп хабарлады Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінен.
Департамент «Павлодар-Водоканал» ЖШС атына Кенжекөл ауылының тұтынушылары үшін реттелетін сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ негізсіз алынған табысты қайтару туралы нұсқама енгізді.
Павлодар облысы