
Ел аумағының 75%-ында дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, эпидемия, төтенше температура, жер сілкінісі, орман, дала өрттері сияқты табиғи апаттар қаупі жоғары. Климаттың өзгеруі біресе су тасқынына, біресе құрғақшылыққа ұшыратып, жағдайды күрделендіре түседі. Статистика елімізде жыл сайын 3-4 мың төтенше жағдай болып, он шақты адам қаза табатынын, 3-5 мың адам зардап шегіп, шығын 16 миллиард теңгені құрайтынын көрсетеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, республикалық маңызы бар 2 қала, 6 облыс су тасқынына, 2 қала, 13 облыс сейсмикалық құбылысқа бейім.
Былтыр елімізде 12,5 мың төтенше жағдай мен табиғи, техногендік сипаттағы оқиға тіркеліп, материалдық залал 459,6 млрд теңгеге жеткен. Бірқатар табиғи апат тұрғын үй қорының айтарлықтай бұзылуына әкелді. Былтырғы жер сілкінісі мен су тасқыны, сондай-ақ 2023 жылғы орман өрттері табиғи апат тәуекелін қаржыландырудағы олқылықтарды көрсетті, азаматтарды қорғау жүйесін тиісті деңгейде ұстап тұруды, сондай-ақ зардап шеккен халықтың шығындарын, зақымдануды қалпына келтіру шараларын қолдауды шектеді.
Тұрғындардың аз ғана пайызы өз мүлкін саналы түрде сақтандырып, көпшілігі негізінен мемлекеттің көмегіне сүйенген ерікті сақтандыру жүйесі тиімсіз болып шықты. Халықтың қаржылық сауатының жеткіліксіздігі, сақтандыру компанияларына деген сенімнің төмендігі, сондай-ақ төтенше жағдайлардан кейін мемлекеттік көмектің қолжетімділігі ерікті сақтандырудың дамуын тежеді. Нәтижесінде, апат кезінде тұрғын үйді қалпына келтіру ауыртпалығы мемлекеттің мойнына түсті. Бұл бюджетке салмақ түсіріп қана қоймай, ресурстарды басқа да маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерден алшақтатты. Апатты жағдай болған кезде қолданыстағы өтемақы тетіктері (мысалы, мемлекеттік қолдау немесе сақтандыру ұйымдары арқылы) келген залалды толық өтеуге жеткіліксіз, төтенше жағдайлардан зардап шеккендер қаржылық қолдаусыз қалады. Бұл әсіресе табиғи апаттар қаупі жоғары аймақтарда азаматтар мен бизнеске үлкен тәуекелдер тудырады. Қауіп-қатер жоғары аймақтарда мүлікті ерікті сақтандырумен қамту деңгейі төмен. Тұрғынжайды табиғи апаттардан сақтандырумен қамту елімізде небәрі 3,2%-ды құрайды. Зілзала мен су тасқыны қаупі жоғары Алматы қаласында бұл көрсеткіш – 7,7%. Сақтандырудың маңыздылығы мен қажеттілігін жете түсіне бермегендіктен, көпшілік төтенше жағдайды сирек кездесетін, болу-болмауы екіталай оқиға ретінде қабылдайды. Сөйтіп, халық сенімді қорғау тетіктеріне емес, жағдайдың қалайша өрбитініне сенуге бейім келеді. Тағы бір проблема – ерікті мүліктік сақтандыру полистерінің құны оны халықтың едәуір бөлігіне, әсіресе аз қамтылған топтар мен ауылдық аймақтардың тұрғындарына қолжетімсіз етеді. Бұл, әсіресе, зілзала мен су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда өзекті, мұнда сақтандыру ұйымдары сақтандыру жағдайларының пайда болу ықтималдылығының артуына байланысты барынша жоғары жарналар белгілейді. Нәтижесінде, көптеген азамат сақтандырудан бас тартады.
Бүгінде елімізде мүлікті сақтандыру ерікті негізде жүзеге асырылса, табиғи апаттар қаупі жоғары өзге елдерде сақтандыру жүйелері мемлекет-жекешелік әріптестік негізінде барынша тиімді жұмыс істейді. Мысалы, АҚШ-та су тасқыны қаупі бар аумақтардағы тұрғындар мен бизнес үшін сақтандыру міндетті. Коммерциялық сақтандыру ұйымдарын мемлекет қайта сақтандырады. Испанияда арнайы мемлекеттік қор апаттық тәуекелдерді 100% өтейді. Түркияда жылжымайтын тұрғын үй мүлкін жер сілкінісінен сақтандырудың ұлттық бағдарламасы 1999 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін құрылды. Қырғызстанда сақтандырусыз тұрғын үйді сату мүмкін емес, Әзербайжанда орталықтандырылған сақтандыру қоры жұмыс істейді.
Осы тұрғыда қазір әзірленіп жатқан заң жобасы азаматтарға мүліктік шығындарды өтеу тетігін нығайту мақсатында тұрғынжайды жер сілкінісі мен су тасқынынан сақтандыруды көздейді. «Тұрғынжайларды табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғынжайларды табиғи апаттардан міндетті сақтандыру, сақтандыру нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты әзірленіп, бастама жария талқылауға шықты. Жобаға сәйкес міндетті сақтандыру ең қауіпті аймақтардан бастап кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Оның қатарында мемлекеттік сақтандыру ұйымын құру, өңірлік тәуекелдер ескерілген базалық сақтандыру тарифтерін енгізу, әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін сақтандыру сыйақыларын субсидиялау, халықаралық нарықтардағы тәуекелдерді қайта сақтандыру көзделеді. Сақтандыру сыйақыларын жинақтау жөніндегі бірыңғай оператор болатын мемлекеттік сақтандыру ұйымының құқықтық ережелері заңнамада айқындалады. Ұйым қызметтің айрықша түрі ретінде апаттар тәуекелінен сақтандыруды жүзеге асырып, қаржы нарығын бақылау жөніндегі уәкілетті органның реттеуінде болады.
Жыл сайынғы жарнаның мөлшері тұрғын үйдің орналасқан жері мен тұрақтылығына байланысты 1 000-нан 20 000 теңгеге дейін белгіленеді. Апат болған жағдайда төлемдер 10 млн теңгеге жетуі мүмкін. Алдымен көмек шұғыл қажеттіліктерге, содан кейін тұрғын үйді жөндеуге, қалпына келтіруге бағытталмақ. Әзірлеушілердің пікірінше, міндетті сақтандыруды енгізу мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, халық арасында сақтандыру мәдениетінің деңгейін арттыруға, сондай-ақ құрылыс стандарттарын жақсартуды, жылжымайтын мүлік туралы деректерді цифрландыруды ынталандыруға мүмкіндік береді.