– Данна, сіздің ғарыш сапарыңызды әркім әртүрлі айтып жатыр. «Қалталылардың, шынайы өмірден қол үзіп қалған кейбір топтың өзін-өзі танытуға, дәлелдеуге ұмтылған әрекеті» деп ойлайтындар да бар. Бәлкім, бұл олай емес шығар. Бірақ сонда да турист ретінде ұшуға қатысты егжей-тегжейлі мәліметтерді өзіңізден естігісі келеді. Сізге бұл сапар не үшін қажет болды?
– Ең алдымен, сіздерге, «Egemen Qazaqstan» газеті ұжымына «Blue Origin» ғарыш миссиясы аясындағы сапарыма көңіл бөліп отырғанына алғыс айтамын. Отандастарымның, халқымның ықыласы мен қолдауы маған өте маңызды. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров жерге оралған бойда құттықтап, батасын берді.
Қазақтың қай баласы да арманшыл келеді емес пе. Мен де, анам айтпақшы, ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ қызы боламын деп ойлаған жоқпын, тек арманымды орындағым келді. Бала жастан реактивті ұшақтарды тізгіндеуді қиялдап өстім. Ғылыми жарияланымдарды оқып, дәрістерге қатысып, зерттеулерді бақыладым. Кәдімгі адам қатысуға өтінім бере алатын алғашқы бағдарламалар пайда болысымен, хат жазып, өтінім жібере бастадым. Ғарышқа ұшуға үш жыл бойы дайындалдым. Жаһандық деңгейдегі жобалармен айналысатын компаниялар қалтаңдағы қаржыңның есебіне емес, табандылығыңа, психологиялық төзімділігіңе баса назар аударады. Ақшаның шығу тегінің тазалығы да маңызды, себебі компания бұл мәселені соңғы сәтке дейін тексереді. Ең бастысы, мен көп жыл бойы психологиялық, ментальдық, физикалық тұрғыдан сынақтарға дайын болдым.
Мен үшін ұшу – аттракцион емес, алдағы зерттеу жолының бір бөлігі. Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты. Жаңа шекараларды игеру арқылы технологияны ғана дамытып қоймаймыз, өз мүмкіндігімізді де кеңейте түсеміз.
– Ғарыш сапарында Құдайдың бар екенін түйсігіңіз түбірінен және түпнұсқасында сездірген шығар. Ғарышкер Талғат Мұсабаев ағамыз ғарыш сапарынан кейін дін жолына біржола бет бұрмаса да «Құдайды ақиқат деп тануыма себеп болған» деген еді.
– Ғарыш маған ерекше сенім берді деп айта алмаймын, бірақ рухани әлем маған бөтен емес. Атмосферадан тысқары, Жерді биіктен көргенде, жаратылыс сырының адам түсінігінен жоғары тұрғанын, адамзаттың кіндігі Жер-Анаға байланып тұрғанын ағзамның әрбір талшығы арқылы сезіндім. Ұшу 10–12 минутқа созылды, бірнеше минут бойы нақты салмақсыздық күйін бастан өткіздік. Ғарышта тұрып, көгілдір шәлісіне оранып алғандай әсер қалдыратын Жер-Ана адамзат баласының қаншалықты әлсіз екенін, оны Жаратушы құдіреттің біздің санамыз жетпейтін мүмкіндіктерге ие екенін түсінесіз.
– Ғарыш сапары, Жерден 100 шақырым биіктегі Карман шекарасына барып келу айтуға ғана оңай. Ұшар алдында жағдайыңызды бақылап отыратын күтуші тағайындалды ма?
– «Blue Origin» компаниясы – ұшуға арналған ең қауіпсіз және технологиялық жүйелердің бірі. Онда бәрі алдын-ала ойластырылған. Бортта бәрі дербес жұмыс істеді, әркім өзіне жүктелген тапсырманың шекпенінен шыққан жоқ. Сапардың алдында командамен бірнеше дайындық болды.
–Тәжірибелі альпинист ретінде Африкадағы Килиманджаро мен Кавказдағы Эльбрустың шыңдарын бағындырдыңыз. Ғарыш сапары адамзаттың мүмкіндігіне деген көзқарасыңызды өзгертті ме?
– Мен кәсіби альпинист емеспін, тек тауды жақсы көремін, тау өмірімнің маңызды бөлігі. Тау да, ғарыш та шыдамдылыққа, төзімділікке үйретеді. Бұл сапар көзқарасыма өзгеріс әкелді десем артық болар, бірақ сезімімді кеңейтті, өзіме деген сенімімді арттырды. Мысалы, Эльбрусқа көтерілу сияқты, бұл жолғы сапар соған дейінгі жоспарларымның жалғасы іспетті, адамның мүмкіндігі біз ойлағаннан әлдеқайда кең екенін дәлелдеді.
– Бизнесіңіз елден тысқары екенін білеміз. Атақ-даңқын әлем мойындаған тұлғалармен жұмыс істейтін компания құруға қандай қасиеттер көмектесті?
– Ұша білген қанатқа дүние кең. Өндірістік, коммерциялық қызметті ұйымдастыру, жүзеге асыру мәселелерімен айналыстым. Біздің салада армандау ғана емес, құра білу, жүзеге асыра білу, бақылау, әріптестер мен қызметкерлерді құрметтеу, сөзінде тұру және сенімді серіктес болу маңызды. Мен барлық жерде табыс тәртіптен, жүйеліліктен, адамдар алдындағы жауапкершіліктің деңгейімен өлшенетінін айтып жүремін.
– Алматы мен Астанада JLO-ның Орталық Азияға гастрольдерін ұйымдастыруға қатыстыңыз. Толығырақ білуге бола ма?
– Иә, біздің «First Media Group» командасы Jennifer Lopez концертін, сондай-ақ биыл Алматыда «Backstreet Boys» концертін ұйымдастыруға қатысты. Бұл – логистика мен сахнадан бастап әртістермен қарым-қатынасқа дейін жоғары дәлдікті талап ететін халықаралық деңгейдегі ауқымды жобалар. Қазақстанның әлемдік деңгейдегі оқиғалар алаңы бола алатынын көрсеткен тәжірибе болды. Біздің команда тек Қазақстан немесе ТМД аумағынан тыс, Еуропа мен Азиядағы халықаралық брендтер мен серіктестерге арналған жобаларды жүзеге асырып келеді.
– Ал енді өз ортамызға оралайықшы. Сіздің команда Батыс немесе Еуропа елдерінде Орталық Азиядан таланттарды танып, оларды әлемдік платформада таныстыруға дайын ба?
– Мұндай мүмкіндікке әрдайым ашықпыз. Егер халықаралық серіктестерден нақты сұраныс немесе Орталық Азия таланттарын таныстыруға лайықты форматтар болса, оларды қарауға дайынбыз. Негізгі мақсатымыз – сапалы жобаларды дамыту, қазақстандық мамандар мен әртістер халықаралық кәсіби қоғамдастықтың бір бөлігі бола алатын жағдайлар жасау.
– Қазір «Portals» деп аталатын жаңа IT жобасын әзірлеп жатқан команданың серіктесі екенсіз. IT бағыты сізге қандай бағыттарға жол ашады.
– Медиа бизнесте жүріп, технологияның адамға қалай көмектесетініне назар аудардым. Сіз айтқан жоба ішкі теңгерім және өзін-өзі реттеу тақырыбымен, бірақ цифрлық құралдарды пайдаланумен байланысты. Мен үшін бұл әртүрлі саладағы – өнер, психология мен технологиядағы тәжірибені адамға жұмыс істейтін бір жүйеге біріктіру тәсілі.
– Өмірін бизнеспен байланыстырғысы келетін әйелдерге қандай кеңес бересіз?
– Менің тәжірибем біреуге ақыл-кеңес айтуға мүмкіндік бермейді. Қазір өзіңді дамытуға мүмкіндік көп. Әзірге тәжірибем аз. Өзімді-өзім іздеп жүрген жанмын. Өзімді танитын деңгейге әлі жеткен жоқпын. Бірақ менің болмысым, жетістігім замандастарыма үлгі болса, қуанамын.
– Дегенмен жас болсаңыз да өзіңізге тән табысқа жетіп жатқаныңызды көріп отырмыз.
– Әр адам жеке тұлға ретінде өмір сүру ережесін өзі қалыптастырғанда ғана дамиды, қоршаған ортасы оның жеке тұлға ретінде дамуына жол ашады. Осы жасыма дейін тағдырымды өзгертетін жайлы жағдайды күткенім жоқ. Тек тәуекелге ғана басымдық бердім. Алдыңызда отырған Даннаның жетістігі кішкентай қадамдардан, тәртіптен, өз күшіне сену, басқалар не ойлайды деген ойды жиып қоюдан басталды. Бір есік жабылмай, екінші есік ашылмайды. Табыстың, жетістіктің екінші аты – кедергі мен қиындық. Қиындықтың не екенін білмесең, табыс құпиясын ашпайды. Құлап қалсаң немесе батпаққа батып қалсаң, сені ешкім жетелеп алып шықпайтынын түсінуің керек. Біреудің көмегін күту – әлсіз адамдардың тірлігі.
– Тағы бір сұрақ: ғарышқа ұшу сіздің денсаулығыңызға қалай әсер етті?
– Ұшуға физикалық тұрғыдан шынайы, мұқият дайындалдық. «Blue Origin» өте жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті және медициналық бақылауды қамтамасыз етеді, сондықтан барлық кезең мамандардың қатаң бақылауымен өтеді. Жер бетіне оралғаннан кейін өзімді жақсы сезіндім. Ғарышқа алғашқы сапар келесі жобаларыма есік ашты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ