Қоғам • Бүгін, 09:40

Платформалы жұмыс – тұрақты табыс көзі

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астана, Алматыда такси жүргізушілері, курьерлер жұмысқа әбден маманданған. Өзінің, отбасының қамы үшін күні-түні еңбек етуден шаршамайтындар платформадағы жұмысын негізгі табыс көзіне айналдырып үлгерді. Осы үрдіс қоғам, жол қауіпсіздігіне, содан соң еңбек нарығына белгілі бір дәрежеде әсер етіп отыр.

Платформалы жұмыс – тұрақты табыс көзі

Курьер, таксист болу ермек емес

«Яндекс Global» компаниясының платформа арқылы жұмыспен қамту жобасы нәтижесінде 65 мыңнан астам автокөлік жүргізушісі «Яндекс. Такси» серіктесі ретінде әлеуметтік жағынан қорғалған. Былтыр компания елімізге 29,5 миллиард теңге көлемінде салық төлеген. 2016 жылдан бері ел экономикасына 225 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Яндекс Global» компаниясының бас директоры Даниил Шулейконы қабылдап, «Yandex Qazaqstan» компаниясы қызметінің негізгі бағыттары мен жоспарларын талқылаған еді. Оның ішінде интернет-платформа арқылы халықты жұмыспен қамту, жасанды интеллект технологиясын дамыту бастамалары туралы әңгіме өрбіді. Кездесуде Президент компанияның цифрлық трансформацияға, шағын және орта бизнесті қолдауға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан үлесіне жоғары баға беріп, мәдени мұраны озық технологиялармен интеграциялау мәселесін айтты. Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде мәдени бірегейлікті сақтаудың, қазақ тілі мен мәдениетін цифрлық кеңістікте ілгерілетудің мәні жоғары екенін алға тартты. Демек платформалы жұмыспен қамтуда салмағы бар ірі компания алда жұмысшыларды әлеуметтік қолдауға, қауіпсіздікке басымдық берумен шектелмей, қазақ тілі мен мәдениетін танытатын жаңашылдықтарға басымдық береді.

Медицина, білім, ғылым, IT, экономика, әлеумет, мәдениет, өнеркәсіп, құрылыс, қай сала болсын білімді, епті, бәсекеге қабілетті маманға зәру. Қазір курьерлікте, таксиде жүргендердің басым көбі мамандыққа, жалақыға, жұмыс режіміне көңілі толмай қолды бір-ақ сілтегендер десек, жаңылмаймыз. Басшымен келіспей, араздасып, маман­дықтан көңілі қалғандар да кездеседі. Айта берсек, жекелеген адамдардың таң­да­ған кәсіптен алыстауына себеп-салдар жетеді. Таксиде күнделікті табысың қолға тиеді. Курьерлер де солай, әр тап­сы­рысының ақысы сол мезетте түседі. Жала­қыны айлап күтпей, тапқанын күнделікті алып отырған жұмысшының көңілі тоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдап, плат­форма арқылы жұмыс істейтін жас­тар­дың саны, олардың жұмысшы маман­дық­тардың ішіндегі үлесі туралы сұрап білдік.

«Платформалық жұмыс елдегі көпте­ген адамның нақты табыс көзіне айналып келеді. Біздегі платформалық жұ­мыспен қамтудың ең кең таралған түрлерінің бірі – такси қызметтері: «Яндекс. Такси», «Uber», «InDrive», та­ғысын тағы. Сол секілді курьерлік жет­кі­зу қызметінде «Glovo», «Wolt» секілді ком­паниялар бар. Алайда интернет-платформалар арқылы жұмыс­пен қамтыл­ған адамдардың санына қатыс­ты ресми статистикалық деректер қалып­тас­ты­рылмайды. Сарапшылар­дың бағалауы бойынша, елімізде әртүрлі интернет-платформалар арқылы шамамен 1 миллионға жуық азамат қызмет көрсетеді», деп жазылған министрліктің бізге ұсынған қысқа хабарламасында.

 

Саладағы кемшілік реттеліп келеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау вице-министрі Олжас Анафин интернет-платформаларда жұмыс істейтін отандастардың саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айтады. Дегенмен олардың басым көпшілігінде зейнетақы жинақтары жоқ. Сол себепті уақытша еңбекке жарамсыздық жөніндегі жәр­дем­ақы, тегін медициналық көмек секілді әлеуметтік кепілдіктерден қағыл­ған. Бүгінде дәл осы кемшілікті реттеу тұрғысында заңнамаға өзгерістер енгізі­ліп жатыр. Оның ішінде салық, әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесі төмендегені платформа арқылы жұмыс істейтіндердің оң жамбасына келетін шешім. Бұл туралы вице-министр былай дейді:

«2023 жылы Әлеуметтік кодекске интернет-платформаларға қатысты ұғым­­дар, сондай-ақ жеке тұлғалардың такси тасымалдаушысы ретінде таны­луын реттейтін автомобиль көлігі туралы заңға түзетулер енгізілді. Мемлекет­тік кірістер комитетімен, «Яндекс. Такси» компаниясымен бірлесіп, интернет-платформалар арқылы қызмет көрсете­тін тұлғаларға салықтық әкімшілендіру­дің бала­малы тәртібін қолдануға қатыс­ты қанат­қақ­ты жоба іске асырылды. Осы тәсілді сынақтан өткізудің нәтижесінде 2024 жылғы 1 шілдеден бастап заңнамаға бірқатар түзету енгізілді. Атап айтқанда, мобильді қосымшаны пайдалана отырып, жеке кәсіпкерлерге арнайы салық режімін қолдану шарттары жеңілдетілді. Салық және әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесі 4%-ға дейін төмендеді. Осыдан кейін интернет-платформа операторлары салық агенттері ретінде танылды».

Қысқасы, қазір министрлік қолға алып, үйлестірген жұмыстар платформа арқылы жұмыс істейтін азаматтардың зей­нетақысына, медициналық сақтан­ды­руына қолайлы. Ауру-сырқатты МӘМС аясында тегін медициналық кө­мек ала алады. Қарттық таяғанда зей­нет­ақы жарнасының шарапатын көреді. Платформалы жұмыс­та еңбек ететін­дердің саны миллионнан асып бара жатқанын ескерсек, дер кезін­де қабыл­данған заң талай адамның әлеу­меттік мәселесін оңалтатынына сенім мол.

 

Мопедті куәліксіз басқара алмайсыз

Тағы бір маңызды хабарды айталық, 5 сәуір­ден мопедтер ресми түрде меха­ни­калық көліктерге теңестірілді. Яғни мопед иелері осы мерзімге дейін көлігін тіркеп, жүргізуші куәлігін алуға тиіс. Оған А1, А немесе В санатындағы жүр­гізуші куәлігі болса жарайды. Сосын жүргізушілер техникалық тексеру­ден, азаматтық жауапкершілікті сақ­тан­­дырудан өтуге тиіс. Бұдан былай тір­кел­­меген мопедтерді пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынады. Мопед жүргізетіндерге заң талаптарын қатаңдатпасқа амал қалма­ды. Ірі қалаларда қаптаған көліктің арасымен зулаған талай жас, жасөспірім оқыс жағдайға ұрынды. Соңы қайғылы аяқталатын оқиғалар жиіледі. Заң талаптары жол жүру ережелерінен хабарсыз, жүгенсіз жүргізушілерді біршама тия­тыны анық. Алматыда курьер болып жұмыс істеп жүрген Бағлан Қарлыбай әлеуметтік қолдау шаралары, мопедті тіркеуге қатысты заң қазіргі жұмы­сына еш кедергі келтірмегенін мәлім етті.

в

Суретті түсірген – Алмас ҚАЙСАР

– Өзім отбасылымын, екі баламыз бар. Мопед жүргізетін курьерлердің табысы жақсы дегенді естіп, ауылдан Алматыға баруды жөн көрдім. Алғашында мопедті жалға алдым. Ай сайын төлейтін пәтер ақысы тағы бар. Табысы жақсы. Күнде­лікті тынбай жұмыс істесең 35-40 мың теңгенің төңірегінде түседі. Мысалы, бүгін түс ауа жұмысқа шығып, кешке дейін 20 мың теңге таптым. Жуырда мопед сатып алып, тіркедім. Нөмір алдық. Мопедтерді тіркеуге қатысты заң күшіне енгелі қалада көліктің осы түрі азайып кеткенге ұқсайды. Шын мәнінде, қауіпсіздік тұрғысында бұл ұтымды шешім. Салыққа жеңілдіктер жасалғаны да қуантады. Бұрын салыққа ай сайын 22 мың теңге аударсақ, қазір 18 мың теңге төлейміз. Ол аз десеңіз, 18 мың теңгенің ішінен зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыруымызды ұстап қалады, – дейді Б. Қарлыбай.

Бағланның негізгі мамандығы – дәне­керлеуші. Ауылда табыс аз, қаладағы ірі компаниялар тәжірибесі жоқ жасты жуытпайды дейді. Отбасылы адамға бірер жыл табысты ұмытып, тәжірибе арттырамын деп жан бағу қиын. Кейіп­керіміз сөзін түйіндей келе ауылда мамандық бойынша жұмыс істеуге 250-300 мың теңге жалақы ұсынатындар табылса, баруға дайын екенін айтты. Алматы, Астанаға елдің әр аймағынан такси жүргізуге, курьер болуға баратын жастар жетеді. Олар таңнан кешке дейін қала қарбаласынан қажыса да, кері шегінбеуге тырысып жүр. Осындай еңбекқор жастарды мамандығы бойынша жұмысқа тартсақ, еңбек нарығын­дағы тапшы мамандардың орнын толты­руға мүмкіндік туады. Такси жүргізу секілді курьерлік қызмет те жастардың ермегі емес. Сондықтан қазір платформа арқылы жұмыс істейтіндердің қамы үшін маңызды заңдар қабылданып жатқаны қуантады. Қызмет көрсету сапасы оңалғаны, салада бәсеке күшейгені бәрі-бәрі тұтынушыға, яғни бізге тиімді. Әйткенмен, екінші жақта жоғары білімі бар немесе жұмысшы мамандықты игерген қабілетті жастардың тұрақты жұмыс таба алмай сенделгені де қынжылтады. 

Соңғы жаңалықтар

Даланың дара перзенті

Еңбек • Бүгін, 09:50

Атакәсіпке адал азамат

Еңбек • Бүгін, 09:45

Әлеуметке тиімді жоба

Қоғам • Бүгін, 09:35

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Бүгін, 09:25

Адам папиллома вирусы қандай ауру

Денсаулық • Бүгін, 09:22

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Жасанды интеллектіні жүйелі енгізген банктер

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:10

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:55

Смағұл сапасы

Тұлға • Бүгін, 08:50

Мұстахара

Жәдігер • Бүгін, 08:45

Керек дерек

Digital • Бүгін, 08:40

Бірегей білім моделі

Қоғам • Бүгін, 08:35

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:25