
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының филиалы – «Бурабай» емдеу-сауықтыру кешенінің автобус жүргізушісі Асқар Уәлиев 43 жылдық тәжірибесі бар еңбек майталманы. Сондай-ақ ол – үлкен ұжымның, қоғамның тұрақты, үйлесімді даму ырғағына үлес қосып жүрген жандардың бірі.
Оның кәсіпорынмен байланысы танкші ретінде әскери борышын өтеп келгеннен кейін, бірден басталды. 1982 жылы «Бурабай» санаторийінің көлігін тізгіндеді. Қырық жылдан астам уақыттан бері осы кәсібі мен жұмыс орнынан мызғымай еңбек етіп келеді. Ұжымымен біте қайнасқан өмірі – тұрақтылықтың да кепілі.
Бүгінде Асқар қызметкерлерді тасымалдауға жауапты. Балаларды оңалту бөлімінен экскурсияға апарады, мұны шақырымдармен өлшенбейтін жан жылуымен құлшына атқарады. Оның автобусы тек көлік құралы ғана емес, әркім өзін қауіпсіз сезінетін кішкентай қамқорлық аралы.
«Бұл – менің үйім. Таңертең жұмысқа тойға баратындай болып жиналамын, асығамын. Әсіресе кішкентай балаларды алып жүргеніме қуаныштымын, олардың әрқашан жақсы көңіл күйде жүргенін қалаймын», дейді Асқар.
Қырық жылдан астам көлік жүргізіп келе жатса да, әлі де сергек, жігерлі, қайратты азаматтың көп жылғы адал еңбегі «Еңбек ардагері» атағымен бағаланды. Жалпы, Курортология және медициналық оңалту (ҒЗИ) мекемесі тәжірибелі де тұрақты қызметкерлерін лайықты бағалап, құрмет көрсетіп отыруды дәстүрге айналдырған. Ұжымда еңбек ардагерлеріне қамқорлық жасаумен қатар, жас мамандардың кәсіби өсуіне де барлық жағдай қарастырылған. Лауазымына қарамастан, институттағы әрбір қызметкер ортақ істе маңызды рөл атқаратынына сенімді болғандықтан, әркім өз міндетіне жауапкершілікпен қарайды. Ғалым, дәрігер, мұғалім, техникалық қызметкер, жүргізуші болсын, барлығы азаматтардың денсаулығы үшін жұмыс істейтін біртұтас тірі азға іспетті.
Асқар Уәлиевтің тағылымды өмір жолы жай ғана жұмыс күндерінің, табыс табудың шежіресі емес, бұл – өз кәсібін шебер меңгерудің, адамдарға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Мұндай адамдар қарапайым, адал еңбек пен адамгершіліктің қалыпты құндылығын дәлелдей отырып, жастарға да өнеге дарытады.