
«Жуырда Үкімет шекараны ашып, ет экспортын қайта бастауға рұқсат берді. Бірақ бұған дейін ішкі нарықты қорғау үшін ешқандай дайындық жасалмаған.Үкімет жанар-жағармай бағасының өсуін, ауыл шаруашылығы техникасына қажет қымбат қосалқы
бөлшектерді,сондай-ақ өнім тапшылығы қаупін мүлде ескермеген», деді Магеррам Магеррамов.
Депутаттың айтуынша, Үкімет ет экспортына қатысты есеп жүргізбеген. Экспортталған мал басын ішкі нарықта қалпына келтіру үшін кем дегенде үш жыл қажет.
«Экспорттың артынан мал саны азайды, ішкі нарықта сиыр еті тапшы болды. Баға шарықтап кетті. Бұрын жылқы еті сиыр етінен қымбат болатын, енді керісінше – сиыр еті бірнеше есе қымбаттап кетті. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай», деді ол.
Магеррамов Үкіметтің мал шаруашылығына шекара ашылғанға дейін жеткілікті назар аудармағанын, соның салдарынан қарапайым халық зардап шегіп отырғанын айтты.
«2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрі бекіткен субсидиялау ережелері тек ірі кәсіп иелеріне ғана қолайлы. Шағын фермерлер көлеңкеде қалды. Жем-шөп субсидиясы да тек ірі шаруашылықтарға тиімді болды», деді депутат.
Сондай-ақ, ол «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының қайта өңдеу секторына бағытталғанына тоқталып, бұл қаржының тиімді игерілмегенін айтты.
«Қайта өңдеу үшін алдымен өнім болу керек қой. Қазір өңдейтін еттің өзі жоқ. Сондықтан бұл қаржыны мал шаруашылығын дамытуға және мал сою инфрақұрылымын құруға бағыттау керек», деп атап өтті Магеррамов.
Депутат елде мал сою орындарының жетіспейтінін, кей аудандарда 300 шақырымға созылатын аумақта бір ғана сою пункті барын сынға алды.
Депутаттың Үкіметке жолдаған ұсыныстары мен сұраныстары келесідей:
-
2023 жылғы қыркүйектен 2024 жылғы қыркүйекке дейін экспортталған сиыр еті көлемін жариялау;
-
2024 жылғы қазаннан 31 желтоқсанға дейінгі ет экспорты туралы нақты деректер ұсыну;
-
2025 жылдың алғашқы тоқсанына қатысты экспорт көлемін көрсету;
-
Жергілікті атқарушы органдар үшін шағын және орта фермерлерді қолдау бағдарламаларын әзірлеу, өңірлік карталар жасау;
-
«Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясындағы қаражатты мал шаруашылығын дамыту мен мал сою орындарын салуға бағыттау;
-
Ауыл шаруашылығы министрлігіне мал сою орындарының типтік үлгісін жасап, оларды тіркеудің автоматтандырылған жүйесін енгізуді тапсырту;
-
Мемлекет-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында мал сою орындарын салу жобаларын іске асыру;
-
Мемлекеттік сатып алу порталына сиыр етімен қатар жылқы етін де енгізу, бұл бағаны тұрақтандыруға көмектеседі.
«Бүгінде халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етіп отырған мұндай жағдайға Үкімет бейжай қарамауы керек. Ет экспорты – пайда көзі ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты стратегиялық мәселе. Сондықтан бұл салада жүйелі реформа мен әділ қолдау керек», деп түйіндеді Магеррамов.