Аймақтар • Бүгін, 11:45

Балалардың жазғы демалысы жайлы бола ма

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Балалардың жазғы демалысын мінсіз ұйымдастыру аға буынға сын. Ақмола облысында  жазғы демалысты ұтымды ұйымдастырудың мүмкіндігі зор. Сексен көлді омырауына сексен моншақ етіп таққан орман-тоғайлы, ақ айдынды, саф ауасы тамылжыған табиғаттың аясы құтты игерілмей жатқан тың іспетті, деп жазады Egemen.kz.

Балалардың жазғы демалысы жайлы бола ма

фото: ашық дереккөз

Көркем өңірдің мүмкіндігін кәдеге жаратсақ

Балалар және жасөспірімдер туризмі ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұлтановтың мәлімдеуінше өңірдегі 8 бірдей жазғы лагерь табаны күректей 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істемейді. Жұмыс істеп тұрған лагерьлердің де шекесі шылқып тұрған жоқ. Ұзақ уақыт ауыстырылмағандықтан төсек орындарының тозығы жеткен. Өзге де жабдықтары ескірген, тіпті кейбір лагерьлерде кешегі кеңес заманынан мұра болып қалған құралдарды пайдаланып келеді. Соның өзінде орын тапшы. Тапшы болатындығы кеңес заманынан қалған лагерлердің кейбіреулері жілігі татымайтын қаражатқа сатылып кеткен. Себебі олар айдын көлдің жағасында, ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныстың етегінде тұр. Ел ертеңі балалар демалмаса да бүгінгінің бай патшасының жадыраған жаз айларында ат басын тірейтін орны.

–Жұмысы мүлде тоқтаған балаларды сауықтыру орталықтарының бәрі кепілде немесе мүлдем сатылмайды. Иелерімен тілдесіп көрдік, жазғы лагерьлерді қалпына келтіру үшін қыруар қаражат қажет екен. Егер Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы көркем жерлердегі лагерьлер мен балалар сауықтыру орталықтарын түгелдей іске қоссақ, еліміздегі барлық балалардың тұп-тура 20 пайызын жазғы демалыспен қамтамасыз ете  алады екенбіз, – дейді Қайрат Сұлтанов, – қазір ондай мүмкіндік жоқ. Өткен жылы балалардың тек 4 пайызына ғана демалуға мүмкіндік туды.

Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ассоциация төрағасының пайымдауынша, 25 жылдан бері қаңтарылып бос тұрған лагерьлер қайтадан қалпына келтірілсе, 700-ден астам адам уақытша болса да жұмыспен қамтамасыз етіледі екен. Екі қолға бір күрек таба алмай отырған қазіргі шақта бұл да тәп-тәуір нәпақа емес  пе? Тұралай жығылған, әлі еңсесін көтере алмай жатқан лагерь атаулы дүрк етіп қайта бой көтерсе, жергілікті азық-түлік өндірушілердің де өнімі өтер еді.   

–Балалардың жазғы демалысы туралы айтылғанда лагерьлерге баратын балалардың саны ғана көрсетіледі. Ал, олар қалай тамақтанады деген сауалға жауап іздеп жатқан жанды көрген жоқпын, – дейді Қайрат Сұлтанов, – менің есебімше, екі жарым айдың ішінде шамамен 7 тоннаға жуық сиыр еті, 20 мың дана жұмыртқа, 31 мыңнан астам бөлке нан жұмсалады екен. Ал, егер барлық лагерьлер жұмыс істесе ше? Тамақпен курортты аймақтарды ғана емес балалар лагерьлерін де қамтамасыз ету қажет болады. Бұл да табыс көзі емес пе? Балалардың жазғы демалысымен айналысқысы келетін кәсіпкерлер бар. Бірақ, өкінішке орай оларға ешқандай салық жеңілдігі жоқ. Әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды балалар демалысына бизнес ретінде қарайды.

Ендігі бір мәселе медициналық кадрлардың тапшылығы. Әне бір жылы ондаған бала уланып, елді дүрліктірген еді. Өткен жылдың шілдесінде Бурабай баурайындағы лагерьлердің бірінде Павлодар облысынан келген жетімдер үйінің тәрбиеленушілері де астан уланған. Кейін мәлім болғандай балаларды қарайтын дәрігер жоқ екен. Тексеріс барысында 250 бала орналасқан лагерьде дәрігер былай тұрсын мейірбике де болмай шыққан.

Балалар және жасөспірімдер туризмі ассоциациясының дерегінше балалардың қала сыртындағы демалысы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 11 бұйрығымен реттеледі екен. Олардың көпшілігі бір-бірімен қарама-қайшы. Лагерьдегі медициналық пункттің лицензиясы болуға тиісті. Алайда балалар сауықтыру орталықтарының 75 пайыздан астамы жеке кәсіпкерлік субъектісі ретінде жұмыс істейді.

–Дәрігер өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. Екінші бір мәселе бүгінде осы ережелерге сәйкес фармбақылау лицензия алу үшін барлығы жеті атау жазылады. Ал, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қондырғысыз 43 атауды талап етеді. Яғни, медициналық пункті жарақтандырудың айырмашылығы 2,5 миллион теңге. Ал, лагерь немесе балаларды сауықтыру орталығы жылына екі жарым ай ғана жұмыс істейді ғой, – дейді Қайрат Сұлтанов.

Шалғайдағы шағын ауылдарды айтпағанның өзінде елорданың іргесіндегі Қосшы қаласында 15 мыңнан астам оқушы болғанымен, әлі күнге дейін бірде-бір лагерь жоқ. Қазір бұл қалада ресми есеп бойынша жүз мыңнан астам халық бар. Қалалық білім бөлімінің мәліметіне қарағанда балаларды жазғы демалыспен қамту деңгейі тым төмен. Биылғы жылдың жазында 8 мектеп базасында бастауыш сыныптардың 5166 оқушысы мектеп жанындағы лагерьмен қамтылады. Бұл барлық балалардың 92 пайызы. Орта және жоғары буында оқитын 6022 бала лагерьге бара алмауы мүмкін. Олардың 1895-і білім  беру үйірмелеріне қатысса, 125 бала әлеуметтік осал топтар есебінен, 10 бала кәсіподақ қаржысымен, 300-ден астам бала ақшасын төлеп демалуы мүмкін. Ал, қалған балалар ше?

–Мен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде бұл мәселені үнемі көтеріп жүрмін, – дейді Айдын Төребаев, – балалар лайықты демалыспен қамтылуы керек. Қосшы қаласының маңында балалардың жазғы лагерін салу уақыт талабы. 

Өңірдегі жазғы лагерьлер мәселесінің өзекті екендігі облыстық білім басқармасына да мәлім. Олардың есебіне қарасаңыз, лагерьлерде демалатын балалардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Басқарманың дерегінше облыс аумағында барлығы 16 лагерь жұмыс істейтін болады. Оның 9-ы мемлекеттік, 7-еуі жекеменшік.

–Қала сыртындағы лагерьлерде биыл 15500 бала тынығады, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова, – өткен жылмен салыстырғанда мың балаға көп. Мемлекеттік лагерьлерге берілетін жолдаманың құны 40-120 мың теңге, ал, жекеменшік лагерьлердің жолдамасының құны 100-140 мың теңге. Педагогтар тапшылығы жоқ. Мамырдың жиырмасына дейін барлық лагерьлер тексерістен өткізілді.

 

Ұлттық лагерь ұтымды болмас па еді

Жас толқынға жарасымды тәрбие беретін ұлттық бала бақша, мектеп бар, ал, лагерь неге болмасқа?! Ұлттық лагерьді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қолөнеріміздің бар байлығын жұмсап, әсемдеп, салтанатты етіп дайындауға әбден болар еді. Балалардың жатын орындары киіз үй кейіптес болса тіпті жақсы. Табиғатына біртабан жақын ұлттық тағамдармен қамтамасыз етілсе, ағзалары кәдімгідей қуат алар еді. Қымыз бен шұбаттың, қазы мен қартаның қадір-қасиеті туралы аз айтылып жүрген жоқ. Алаш жұртының ақ дастарханының киесі бар. Ендігі бір мәселе ұлттық лагерь жанында ұлттық спорт түрлері өрістесе.

Көркем табиғаттың аясындағы балалардың ұлттық лагерінде ұлттық ойындар ойнатылса да ол да бір тәлімді тәрбиенің арнасы емес пе? Ән шырқалып, күй төгілсе көкіректеріне қаншама рухани қазынаны екшелеп жинар еді. Ұлттық лагерьдің тілдік, лингвистикалық бағыттағы пайдасы да көп болмақ. Егер осы ой жүзеге аса қалса, облыс орталығындағы қаншама мұражайлар көшпелі көрме ұйымдастырып, ел тарихы, жер тарихы туралы мол мағлұмат бере алар еді. Өзгелер жұмыла кіріскен соң театр мен филармония да қарап қалмас.

–Мен 1966 жылы бүкілодақтық «Артек» лагерінде пионер жетекшісі болып жұмыс істедім, – дейді Көкшетау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, білім саласының ардагері Шияп Әлиев, – достық пен мәдениеттің ошағы еді. Ол заманда «Артекке» бару бір арман. Егер балалардың ұлттық демалыс лагері ұйымдастырылса, оған тек озат оқушыларды жіберу арқылы ынталандырудың бір жолын қалыптастыруға болады. Жергілікті ұлттың тілін, дәстүрін үйренемін деген өзге ұлттың балаларын да жіберсе нұр үстіне нұр емес пе?

Ел ертеңінің жайын ойласақ, тамырынан нәр алып, жас қайыңдай жайқалып өспес пе еді?!