
Фото: ашық дереккөз
Оқиға 21 мамыр күні Алматы қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, зардап шеккен азаматтар — жекеменшік техникалық қызмет көрсететін компанияда жұмыс істейтін электриктер.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жедел жәрдем шақыртуы 13:05 шамасында тіркелген. Дәрігерлер оқиға орнына дереу жетіп, екі науқасты анестезиология және реанимация бөлімшесіне жеткізді.
– Пациенттер II–III дәрежелі күйік алған. Қазіргі таңда олар жансақтау бөлімінде. Жағдайлары тұрақты ауыр, қажетті интенсивті ем жүргізіліп жатыр, – делінген басқарма таратқан ресми ақпаратта.
Алмалы аудандық Полиция басқармасы аталған дерек бойынша тергеу амалдарын бастады. Оқиғаның нақты себебі мен кінәлі тұлғалар тексеріс нәтижесінде анықталатын болады.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ 2 курс студенті