Білім • 27 Мамыр, 2025

«Алтын белгіге» үміткерлер көбейді

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысы көлеміндегі 444 мектепте 1-11 сынып аралығында 74 мың оқушы білім алды. Сондай-ақ өңірде 104 қазақша, 232 орысша және 108 аралас мектеп бар. Оқушылардың яғни 56 686 бала, 75,3 пайызы, орысша оқиды.

«Алтын белгіге» үміткерлер көбейді

Орыс тілінде білім алатын  қазақ бала­ла­рының саны әлі күнге көп. Мысалы, Петропавл қаласын­дағы 10 538 қазақ баласының 5 553, яғни 53 пайызы өткен оқу жылында өзге тілде білім алды. Ал балабақшадағы 3 690 қазақ баласының 1 910, яғни 52 пайызы орыс тілінде тәрбиеленіп жатыр.

«Қазақ тілі» қоғамы облыс­тық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджановтың айтуынша, мемлекеттік тілде оқы­татын мектептерге баратын балалар санын арттыру үшін мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналарымен түсіндіру жұмыс­тарын жүргізу қолға алынған. «Соның нәтижесінде жыл сайын қазақ мектептеріне 1-сыныпқа баратын балалар саны артып келеді. Мәселен, 2024–2025 оқу жылында 1,4%-ға өсіп, бар­лы­ғы 27,6%-ды құрады. Ал 2023–2024 оқу жылында ол – 26,2 %,-ды қамтыса, 2022–2023 оқу жылында – 22,9% болған еді», дейді ол.

Облыс көлемінде осы оқу жылы 23 мамырда аяқталды. Барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» атты республикалық сынып сағаты өтті. Ал мектеп­алды даярлық сыныптарында сабақ 30 мамырда тәмамдалады.

«Сынып сағатының негізгі мақсаты – оқушылардың ұстаз­дарына деген құрметін, білім алуға деген ұмтылысын және оқу жылындағы жетістіктерін объективті бағалау қабілетін қалыптастыру. Сонымен қа­­тар осы күні барлық білім алу­шылар арасында «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тақырыптары бойынша эссе байқауы өткі­­зілді», деді облыстық бі­­лім бас­қармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мектепті «Алтын белгімен» бітіруге 122 түлек талаптанып отыр. Бұл былтырғыға қарағанда 36 оқу­шыға артық. Олардың жазбаша жұмыстарын облыстық комиссия тексереді. Сондай-ақ мектепті «Үздік аттес­татпен» бітіруге 230 түлек үміт­­­кер.

Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталып, 4 шіл­де­де аяқталады. Былтыр сол­түс­тіктің түлектері ҰБТ бойын­ша 78,3 балл алған еді. Биыл облыста екі тестілеу пунк­ті даярланған, біреуі – Петро­павл қаласында, екіншісі – Ғ.Мүсірепов ауданының орта­лы­ғында. Қазіргі таңда ҰБТ-ны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы