
Жуырда ғана жергілікті шаруалармен кездесуде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл өңірде 60 мың гектарға жуық егіс алқабы лазермен тегістелгенін айтып өтті.
Өткен жылы 55 мың гектарды лазермен тегістеу нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделіп, осыған дейін гектарына 40-55 центнерден айналып келген орташа өнім көлемі 70-80 центнерге дейін ұлғайған. Дегенмен қымбат техникаға әркімнің қолы жете бермейтіні тағы бар. Осы күні облыста 100 мың гектарға дейін егістік алқапты қамтуға мүмкіндік беретін осындай 123 техника бар.
Осыдан да Үкімет ауыл шаруашылығы кооперативтерінің лазермен тегістегіштерді сатып алу шығындарын 50%-ға дейін субсидиялауға көшті.
«Сіздермен ең алғаш кездесуде айтқан ұсыныстарыңыз бойынша бойынша біз кооперативтерге арналған субсидия мөлшерін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайттық. Осыған дейін субсидия егістік алқабы 200 гектардан асатын шаруашылықтарға ғана төленеді деген талап бар еді. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, бұл шектеуді де алып тастадық», деді Су ресурстары және ирригация министрі.
Облыстың солтүстігінде дән себу кешегі аптап ыстықтармен тұспа-тұс келіп, суару маусымы жылдағыдан ертерек басталды. Көктем басталғалы көктен тамшы да тамбаған өңірде биыл суға сұраныс еселеп артатыны анық. Бүгінде облысқа Шардара су қоймасынан секундына 600 текше метр су жіберіліп жатыр.
«Президенттің осы бағыттағы «көлеңкелі нарықты» жою жөнінде нақты тапсырма бергенін білесіздер. Осыған байланысты министрлік бірнеше маңызды шешім қабылдады. Енді «Қазсушар» филиалдары келісімшартқа отырған шаруа қожалықтарына ғана су береді. Заңсыз су алуға рұқсат жоқ. Жаңа Су кодексінде де осы мәселеге баса назар аударылып, жауапкершілік күшейтілді. Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді», деді министр.
Жалағаш ауданында ирригациялық және дренаждық жүйелерді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып отыр. Барлығы 1 362,2 шақырым канал қайта жаңартылып, 14 617 шағын гидротехникалық нысан ауыстырылып, жаңадан салыныпты. Сондай-ақ 327,86 шақырым коллектор мен 151 бақылау ұңғымасы қалпына келтірілген.
Осы жұмыстар нәтижесінде жалпы көлемі 15,1 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен жабдықтау жағдайы жақсарып, суармалы жерлер толық игерілді. Су шығынын 30%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беретін осы жоба арқылы жылына шамамен 95 млн текше метр су үнемделеді.
Жергілікті шаруа қожалықтары да көп жылдан бері аяқсумен қамту бағытындағы бұл жұмысқа оң баға беріп отыр. Олардың айтуынша каналдарды тазартып, шлюздер орнату арқасында су жеткізу жағдайы 35-40%-ға жақсарған.
Министрліктің мәліметінше, Дүниежүзілік банкпен бірлескен ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында осындай жұмыстар Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында да жүргізіліп жатыр. Осының арқасында 105 мың гектардан астам жердің суармалы жағдайы жақсарады. Жоба шамамен 86%-ға аяқталып тұр. Қазірдің өзінде 79,15 мың гектар егістікке су жеткізу жақсарып, жылына 201,8 млн текше метр су үнемдеуге жағдай жасалыпты.
Сырда биыл 80,9 мың гектарға егу жоспарланған. Қазір осы көлемнің 51,9 мың гектары егіліп, 41,8 мың гектары суға бастырылыпты.
ҚЫЗЫЛОРДА