
– Дөрбетқан мырза, биыл «ISAAC–2025» конгресі елімізде өтеді екен. Бұған өзіңіздің ұйытқы болғаныңызды білдік. Мұндай мүмкіндікке қалай қол жеткіздіңіз?
– Иә, «ISAAC» конгресі елімізде ғана емес, Орталық Азияда тұңғыш рет өткелі отыр. Футболдан әлем чемпионатын өткіземіз десек, онда өзіңіз футболды мықты ойнай білуіңіз керек. Сол секілді жоғары білім-ғылым саласында беделді, ауқымды «ISAAC» конгресін ұйымдастыру да – кез келгеннің қолына түсе бермейтін керемет мүмкіндік. Себебі мұны өткізуге ұйымдастырушы тараптан ешқандай қаржы кетпейді, керісінше қатысушылар өз жарнасын төлейді. Алдағы шілде айының 21–25 аралығы өтетін іс-шараға қазірдің өзінде 700-ге жуық адам тіркелді. Екі жылда бір рет өткізілетін «ISAAC»-қа әлемнің осы саладағы белді ғалымдары мен мамандарынан 10–12 адам бас баяндамашы ретінде арнайы шақыртылады. Мен 2019 жылы өткен ХІІ «ISAAC»-та тура осы конгрестің бүкіл шетелге тарайтын афишасында баяндамашылар тізімінде тұрғанмын. Сол кезде «ISAAC» президенті келесі жиынды Қазақстанда өткізуді ұсынды. Назарбаев университетінде істеймін, басшылықтан сұрап, кейін қолдайтынын айттым. Сөйтсем, «ISAAC» тарапы бізге жиынды өткізу құқы жай беріле салмайтынын, конкурс болатынын, финалистер іріктеліп, дауыс беру арқылы шешілетінін, қаласа қатысып көру керегін жеткізді. 2020 жылы конкурс өтіп, сондағы шешіммен біздің елде, Назарбаев университетінде ұйымдастыру мүмкіндігін жеңіп алдық. Бұл жерде университеттің беделі үлкен рөл ойнағанын айтқан жөн. Елімізде деңгейі жоғары халықаралық ғылыми журналдарға шыққан мақалалардың тең жартысын Назарбаев университеті, қалған жартысын біздегі барлық жоғары оқу орындары береді екен. Осыдан-ақ аз уақытта отандық ғылымның әлемдік аренадағы орнын айқындауға қосқан үлесін білуге болады, мұны мойындау керек.
– Конференция, форум десе, қоғамда ақша шашу деген түсінік қалыптасқан. Ұйымдастыруға қаржы кетпейді дегеннің өзінде бір аптадай уақыт алатын конгресс бізге не береді?
– Дүниежүзінде жоғары оқу орындары өз өрісін кеңейтіп жатыр. Осыған орай өзара бәсеке де күшейіп келеді. Сол себепті мұндай келелі жиындарды өткізуге таласады, себебі халықаралық конгресс – университетке таптырмас жарнама, мысалы, әлемнің Кембридж, Браун, Оксфорд секілді атақты оқу ордаларының қабырғасында «ISAAC–2025» афишасы ілініп тұр, екіншіден, ұйымдастырушы тарапқа көп пайда әкеледі. Қысқаша білім-ғылым туризмі десе де болады. Бірақ бұл – ең соңғы сатысы. Әуелі біздің ғылыми қоғамдастықты, отандық ғылымды басқа жұртшылыққа танытады, халықаралық деңгейдегі орнымызды бекіте түседі. Мәселен, зерттеу нәтижесінде жазылған мақаламызды мойындалған журналдарға жібереміз, сол жұмыстарды сараптамадан өткізетін де – осы жиынға қатысушылар. Әлемнің беделді сарапшылары (баяндамашылар арасында заманауи ғылымның күн тәртібін жасап отырған адамдар, Нобель сыйлығын тағайындайтын комитеттің мүшесі, Нобель сыйлығына пара-пар Филдс сыйлығының лауреаты, тағы басқа мықты ғалымдар бар) сіздің елге келіп, білгенін айтып, тәжірибесін бөлісіп, пікірлеседі, ынтымақтастық орнайды, олар арқылы бізді қаншама мемлекеттің ғылыми өкілдері таниды.
Біз осы конгресті одан әрі пайдаланып жатырмыз, елімізде математикаға қызыққан 100-ге жуық жасты конкурспен іріктеп алдық, «Қалан» компаниясы «Travel grant» бөліп, оларды шетелдік білікті жас маманмен бірге жатақханаға жайластырмақшымыз, конференцияға қатысады, баяндама оқиды, пікір алмасады, осының өзі жастарымызды шабыттандырады. Бұл – жұмсақ күш, мұндай жағдай арқылы қазіргі буын ертең шетелдік замандасымен бірге зерттеу жүргізуі мүмкін.
Конгрестің тағы бір берері – осы конференция аясында түскен баяндамаларды, ғылыми мақалаларды сұрыптап, үздіктерін дүниежүзіне белгілі «Спрингер» баспасынан шығатын «Қазақстандағы математика» деген екітомдық кітапқа жинақтадық. Бас редактор ретінде жұмыстардың сапалы, қысқа емес, толық, телавтор ретінде кемі 1 отандық ғалымның болуын қадағалаймын. 60-қа тарта мақаланың ішінен 30-ға жуығын екшеп алдық. Томдыққа енетін еңбек халықаралық деңгейде сараптамадан өтеді, квартилі жоғары журналға мақала шығарғанмен бірдей болады, кейін әлемдік университеттердің кітапханаларына таратылады, ондағы ғылыми жұмыстарға сілтемелер жасалады. Сондай-ақ автордың бірі ретінде шыққан елімізде оқыған докторант осы арқылы докторлық дәрежесін қорғауға жолдама алады, ғалымдардың беделін арттыруға ықпал етеді. Конгрестің ашылуында кітаптың тұсауы кесіледі. Әрі осының бәрі еңбегі жарияланған мамандарға тегін үлестіріледі.
– Енді осындай халықаралық ұйымдар сенім арта алатындай деңгейге жету жолыңыз жөнінде айтсаңыз, механик қалай математикке айналды, жалпы ғылымға қалай келдіңіз?
– Біз рухани-әлеуметтік тұрғыда дағдарыс кезеңінде мектепке бардық. Өзім туып-өскен Моңғолияны айтып отырған жоқпын, бұл жалпы кеңес одағына тәуелді болған барлық мемлекетке тән болды. Моңғолша әріп таныдым, 15 жасымда ғана дұрыстап, мектепте тұрақтап оқи бастадым. Сонда байқағаным кейбір пәндерден мүлдем хабарым жоқ, кейбірінен әлдеқашан озып кетіппін. Өзім қызыққан саланы, яғни математиканы кітаптар арқылы 15-16 жасымда-ақ университет деңгейіне дейін меңгеріп алдым. Содан 5-сыныпта екі сыныпқа бірден секірдім, мұғалімдерім қабілетімді байқаған болар, оның үстіне бәрін біліп алып, өзгелердің миын ашытамын. Кезінде орысша жазылған мықты кітаптарды моңғолшаға аударды, соларды тауыстым. Осыған қоса Қазақстанның керемет бір саясаты болды, кеңес кезінен 2010 жылға дейін Баян-Өлкедегі қазақ мектептеріне барлық пән бойынша қазақтілді кітаптар жіберіп тұратын. Мұны қандай ұлтын ойлаған адамдар істегенін білмеймін, әйтеуір осы мүмкіндік ұлттық кодымнан ажырамауыма ықпал етті. Оқулық арқылы тілді сақтап қалдық. Осындай қамқорлықты көріп өскенде ұлтыңды қалай сүймейсің! 2005 жылы мектеп бітіріп, Алматыдағы туыстарыма тарттым. Өйткені нағашым білімді кісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне баруды ұсынды. Сөйтіп, құжат тапсыруға келдім, сол сәтте бірден 5 мамандықты таңдау керек екен, аға-жеңгем «Механика және математика» факультетінде бар-жоғы бес-ақ мамандық болған, соның бәрін белгілеп тастаған ғой. Балл бойынша ең соңында механика мамандығына ілініппін. Ал мені ғылымға әкелген – «мехматтағы» оқытушыларымның адалдығы. Мейрамханаларда жұмыс істеп жүретін басқа факультеттің студенттері бізге «Сендер сонда шынымен де сессияны өздерің оқып жабасыңдар ма?» деп таңғалатын. Осы факультетке түскеніме қатты қуанамын, өйткені математика мамандығының профессорлары бізге де дәріс оқитын.
– Магистратураны Англияда оқыдыңыз, докторантура туралы ақпарат жоқ екен. Ғылыми дәрежеңізді қайда қорғадыңыз?
– 2009 жылы «механика» мамандығын бітірген соң, сол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «математика» мамандығы бойынша оқып, магистр және PhD дәрежесін алып шықтым. Уақытынан бұрын қорғадым. Негізі кандидаттық қорғауым керек еді, бірақ жүйе ауысып кетті. Бакалавриатта оқып жүргенімде ұзақ жыл бойы шешілмеген есепті шығарып, сол бойынша жетекшіммен 2 ғылыми мақала жазып, еңбегім кеңес кезінде мойындалған Ресей Ғылым академиясының белді ғылыми журналына басылды. Мәскеуге барып, баяндама жасадым, орысша керемет білмеймін, математикаға есеп шығарғаның жеткілікті. Мәскеудегі Ильин деген академик қорғауға лайық деп пікір білдірді. Ал Новосібірдегі конференцияда кездескен ғалым Ари Лаптев баяндамама тәнті болып, кейін екінші ғылыми жетекшім болып қорғатқан еді. Көрдіңіз бе, ғылыми дәрежемді алуға бір ғана конференцияның әсері қандай десеңізші. Өзім осындай жолдан өткендіктен де жоғарыда аталған халықаралық беделді конференцияны ұйымдастыруға мұрындық болып отырмын.
Англияда магистратурада оқығаным таза қызығушылықтан туған. Бүкіл әлем, бәріміз атомнан тұрамыз. Атом деген – негіздердің негізі, қарапайым бөлшек. Біз бұның ішін әлі толық түсіне алмай келеміз. Атомды бөлшектей берсеңіз, қатты ұсақталып, қарапайым бөлшекке жеткенде массадан айырыласыз. Былай қарасаңыз, көзге көрініп тұрған заттың бәрінде масса бар ғой. Содан «Қарапайым бөлшектің массасы қай жерінде?» деген сұрақ туады. Оны көзбен көре алмайсыз, оған түйсігіңіз де жете алмайды. Бұған тек құрал керек. Қандай құрал? Бұл – математика. 1950 жылдары «King’s College London» жоғары оқу орнында жұмыс істейтін қарапайым математик Питер Хиггс жай есеп шығарып отырып массаны ойлап тапқан. Бүкіл адамзаттың, барша технологияның таппағанын қағаз, қаламмен ғана есептеп берді. Соған Нобель сыйлығын алған. Осыны тек 2012 жылы оқыдым, сөйтіп бар ағылшыншаммен «King’s College London»-ға хат жаздым. Ол жақтан магистратурадан бастап көруге болатыны туралы жауап алдым. Туысым үйін кепілдікке қойып, «Болашақ» бағдарламасымен аттандым. Көздегеніме жетіп, жолым болып, Питер Хиггстің кафедрасына түстім. Барынша тырысып, кітапханада қона жүріп, «Теориялық физика» бойынша магистр дәрежесіне қол жеткіздім.
– Бір жылдық оқуыңыздың нәтижесінде үлкен сыйлықты иелендіңіз. Бұл қандай еңбегіңізге берілді?
– «King’s College London»-да оқып жүргенімде түрлі семинарға қатыстым. Лондондағы Империал колледжінің математика кафедрасына ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрдым. Сол қызметімде Империал колледжінің профессоры Михаил Ружанскиймен бірге теория жазып, зерттеуіміз туралы мақалалар шығардық. Ғылыми мақаланы жақсы журналға жібергенде алдымен рецензиядан өтеді, сол тексерген білікті мамандар бізге көп мақаланың басын біріктіріп, бір кітап етуге сұранып тұрған жұмыс екенін айтты. Содан соң мұны қалың кітап етіп бастырып, «Біртекті Ли топтарындағы Харди теңсіздігі (Харди теңсіздігіне 100 жыл)» атты монографиямызға «Ferran Sunyer i Balaguer Prize» деген халықаралық сыйлықты иелендік. Математикадан есеп шығару бар, теория жасау бар. «Ferran Sunyer i Balaguer Prize» – дәл сол теория жасауда жылына бір рет берілетін сыйлық. Сыйлықтың қомақты қаламақысы да бар, одан бас тарттық, өйткені профессор Михаил Ружанскийдің «Біз ойлап тапқан жоқпыз, тек бар нәрсені таныдық» деген меценаттық ұстанымы бойынша жасаған теориямыз қолдануды қалайтын кез келген адамға тегін болуы керек. Осы сыйлықты иеленгенде шетелдік жоғары оқу орындарынан қызметке көп шақырту алдық. Бірақ мен отандық университетті таңдадым.
– Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде отандық ғылымның дамуына кедергі келтіріп тұрған түйткілдерді атай аласыз ба, мұны жою жолдары қандай?
– Қаншалықты қарабайыр естілсе де айтайын, ғылым даму үшін азаматтық қоғам ояну қажет. Қандай жағдайда болсын сындарлы диалогке келуіміз керек. Сонда ғана ғылым дамиды. Қазір көбі мына немесе ана саланы дамытқан жөн дейді. Біз мұның бәрін бастан өткіздік. Талай технопарк, кластер, хабты ашып, жауып тастадық. Әлемдік деңгейде жасай алатын ғылымымызды қолдаусыз қалдырмағанымыз абзал. Бізде ғылым бар, әлеует бар. Қарапайым мектеп оқушысына қараңыз, барлық салада білімі әлемдік деңгейде. Ғылымның бәсі неге әлі де биік болмай тұр, себебі жылдар бойғы рухани құлдыраудан, рухани аштықтан енді өз-өзімізге келіп жатырмыз. Ал аш адам сізден ең бірінші «Бұл маған не үшін керек?» деп сұрайды. Ғылымның жалғыз мақсаты бар, бұл – жаңа білімді қалыптастыру. Сіздің тоңазытқышқа нан әкелетін, жаңа көлік я техника жасайтын технология. Технологияда талай шаруа бар. Басты шарт – адал қоғам және ашық бәсеке. Ал ғылымның дамуына сөзсіз адалдық керек, онсыз дамымайды.
Әңгімелескен –
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»