
– Болатбек мырза, биылғы грантқа түсуге негізі ҰБТ-да қандай да бір өзгеріс бар ма?
– Жалпы формат бойынша айтарлықтай өзгеріс жоқ. Пәндердің, тапсырмалардың саны, ең жоғары балл (140), тестілеуге бөлінген уақыт (4 сағат) бұрынғыдай. Шекті балдар да өзгеріссіз қалды. «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін – 70 балл қажет. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, ал өзге жоғары оқу орындарына түсу үшін 50 балл жинау жеткілікті. Біз үшін басты мақсат – тестілеудің әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз ету. Сол себепті биыл да бақылау тиісті деңгейде, барлық үдеріс электронды форматта, барынша ашық жүргізіліп жатыр.
– Осы ҰБТ-ны нақты кім тапсыра алады?
– 2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға биылғы мектеп және колледж түлектері, сондай-ақ мектеп пен колледжді өткен жылы тәмамдағандар, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары мен шетелдік қазақ ұлтының өкілдері – қандастар да тестілеуге қатыса алады. Осыған қоса жоғары оқу орындарында шартты түрде оқып жатқан студенттерге де негізгі ҰБТ-ға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
– Бұрынғыға қарағанда тестілеуді тапсыру әлдеқайда жеңілдеген сияқты, тым оңайлап кеткен жоқ па? Әлде әлі де бәсеке бар ма?
– Өте орынды сұрақ. Шынын айтқанда, «ҰБТ бұрынғыдан жеңілдеп кетті» деуге еш негіз жоқ. Себебі тест тапсырмалары жыл сайын нақты ғылыми-әдістемелік талаптарға сай әзірленеді, құрылымы мен мазмұны бірізді болады. Әр пән бойынша тапсырмалар үш деңгейлі қиындықпен беріледі: негізгі (А деңгейі) – 50%, орташа (В деңгейі) – 30%, және күрделі (С деңгейі) – 20%. Мысалы, «Оқу сауаттылығы» пәнінде 10 тапсырманың 5-еуі – негізгі, 3-еуі – орташа, 2-еуі – күрделі сұрақтар. Бұл пропорция барлық пән мен ҰБТ кезеңдерінде тұрақты сақталады. Нәтижелерге зер салсақ, 2024 жылы талапкерлердің 76 пайызы шекті балды жинады. Орташа балл – 68. 2025 жылдың қаңтарындағы ҰБТ-да шекті балды жинағандар үлесі – 70,4%, орташа балл – 65,8. Наурыздағы ҰБТ кезінде шекті балды түлектердің 75,5% жинады, ал орташа балл 69-ды құрады. Бұл көрсеткіштерден байқайтынымыз – шекті балл жинау үлесі жылдан жылға аса қатты өзгеріп отырған жоқ. Бәсекеге келсек, әлі де бар және өте жоғары. Себебі талапкерлер шекті балды ғана емес, грант алу үшін әлдеқайда жоғары ұпай жинауға ұмтылады. Грант саны шектеулі, ал ниет білдірушілер қатары көп болғандықтан, шын мәніндегі білім мен дайындыққа негізделген әділ бәсеке сақталып отыр. Сондықтан жоғарыдағыдай пікір – көбіне субъективті көзқарас.
– Талапкер өз нәтижесімен келіспесе, бірден апелляцияға бере алатыны белгілі. Шағымдар әдетте қандай тапсырмаларға, сұрақтарға байланысты болады?
– Иә, талапкерлерге өз білімін әділ бағалатуға толық мүмкіндік берілген. Олар өз нәтижесімен келіспеген жағдайда мазмұндық немесе техникалық апелляцияға өтініш бере алады. Шағымдардың басым бөлігі көбіне бейінді пәндердегі күрделі немесе интерпретацияға ашық тапсырмаларға қатысты түседі. Кейінгі жылдары қанағаттандырылған апелляция өтініштерінің саны біртіндеп азайып келеді. Бұл тапсырмалар сапасының артып отырғанын көрсетеді.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Оқу жетістіктерін бағалау жүйесінің әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз ету және тест тапсырмаларының сапасын одан әрі арттыру үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізудің маңызы зор. Өкінішке қарай, елімізде ғылымның бұл бағыты іс жүзінде әлі де толыққанды дамымаған. Осыған байланысты 2025 жылдан бастап Ұлттық тестілеу орталығы ETS (АҚШ), AQA (Ұлыбритания) және Ресейдегі Жоғары экономика мектебі секілді әлемге танымал ұйымдармен бірлесе отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Басты мақсат – халықаралық ғылыми жетістіктерді ҰБТ тапсырмаларын әзірлеу жүйесіне енгізу. Сондай-ақ тест тапсырмаларын әзірлеушілерді оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Осының бәрі – ҰБТ-ның әділдігі мен сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар. Яғни талапкердің шағымы шынайы болса, әділ шешім қабылданады, ал негізсіз болса, бұл да нақты дәлелмен түсіндіріледі. Басты мақсатымыз – әр талапкердің білімін әділ бағалау.
– Елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды, бұларға түсуге де ҰБТ нәтижесі жарай ма?
– Иә, филиалдардың басым бөлігіне түсу үшін талапкердің ҰБТ сертификаты қажет. Алайда көптеген оқу орны ішкі іріктеу емтихандарын немесе қосымша сұхбаттасу, мотивациялық эссе, портфолио сияқты талаптарды да енгізіп отыр. Сондықтан талапкерлер нақты таңдаған филиалдың қабылдау талаптарымен алдын ала мұқият танысқаны жөн.
– Негізі ҰБТ сұрақтары биылғы қаңтар, сәуір айларындағы ақылы оқуға түсу үшін тапсырған ҰБТ сұрақтарынан басқа бола ма, әлде қайталана ма? Жалпы, биыл тестілеу тапсырмаларының мазмұны жаңарды ма?
– Бұл – талапкерлердің жиі қоятын сұрағы. Бірден айтайын, ҰБТ-ның барлық кезеңінде, соның ішінде қаңтар, наурыз, негізгі (мамыр–шілде) және тамыз айларындағы тестілеулерде бірдей құрылым мен қиындық деңгейі сақталады. Дегенмен, тапсырмалар базасы өте үлкен және жүйелі түрде жаңартылып отырады. Кейінгі жылдары тапсырмалар тек нақты фактіні жаттап алуға емес, функционалдық сауаттылықты, логикалық ойлау мен пәндік терең білімді тексеруге бағытталған. Негізі тапсырмалар тек орта мектеп бағдарламасы аясында дайындалады. Бұл талапкерлердің білім деңгейін әділ бағалауға, мектепте меңгерген негізгі пәндік дағдыларын тексеруге мүмкіндік береді. Әр тестілеу сессиясында бірдей сұрақтар қайталанбайды. Әрбір талапкерге жеке тест нұсқасы беріледі, бұл автоматты түрде таңдалып, алгоритм негізінде құрастырылады.
– Негізі тестілеуді тапсыруға ерекше білім беруді қажет ететін қанша үміткер өтініш берді, олардың ҰБТ-ны күйзеліссіз өткізуге қандай жағдай жасалған?
– Қоғамдағы өзекті мәселені көтеріп отырсыз. Ұлттық тестілеу орталығы ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің ҰБТ-ны қолайлы әрі психологиялық тұрғыдан жайлы жағдайда тапсыруын қамтамасыз етуге басымдық береді. Біріншіден, ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге қосымша 40 минут уақыт беру мүмкіндігі сақталды. Бұл – олардың тестілеуді асықпай тапсыруына жағдай жасайтын өте маңызды қадам. Екіншіден, көру қабілеті бұзылған талапкерлер үшін арнайы сызбалар мен диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді. Сонымен қатар тестілеу кезінде керек болған жағдайда (пән мұғалімі емес) арнайы көмекшілер де ұсынылады. Осы қабылданған шаралардың нәтижесінде кейінгі жылдары мұндай талапкерлердің ҰБТ-ға қатысу белсенділігі артып келеді. Мысалы, егер 2021 жылы олардың саны небәрі 90 болса, 2022 жылдан бастап жыл сайын 500-ден асып отыр.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін гранттық конкурс аясында арнайы квота қарастырылған. Бұл олардың ЖОО-ға тегін түсу мүмкіндігін арттырады. Кейінгі жылдары мұндай талапкерлердің грант иегері атанған жағдайлар жиі кездесіп жатыр. Таңдайтын пәндер мен мамандықтар әртүрлі, педагогика, психология, әлеуметтік жұмыс, ақпараттық технологиялар, гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға қызығушылық байқалады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір талапкерге, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар оқушыларға да тең мүмкіндік ұсыну. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады.
Әңгімелескен –
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»