Экспорт • 06 Маусым, 2025

Шиелі цементі шетелге шығарылады

190 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан алты жыл бұрын Шиелі ауданын­да ашылған «Гежуба Шиелі цемент» ком­паниясы табысты жұмыс істеп тұрған ірі кәсіпорынның бірі. Қытайлық корпорация­мен бірлесіп, индустрияландыру картасына енгізілген өндіріс орнының жобалық құны – 64 млрд теңге. Жылына орта есеппен 1 млн тонна цемент өндіретін компания өнімі ел өңірлерімен қатар шетелде де сұранысқа ие.

Шиелі цементі шетелге шығарылады

Компания шығаратын тампонажды цемент құрылыс, мұнай-газ және уран өндірісінде кеңінен қолданылады. Қажетті шикізаттың дені Шиелі ауданынан алынып, қалғаны басқа облыстардан жеткізіліп тұр.

«Жылына бір мәрте ғана жөндеу жұмыс­ы­на тоқтаймыз. Қалған уақытта үздіксіз, тәулігіне 24 сағат жұ­мыс істейміз. Өндіріс толық авто­мат­­тан­дырылған. Сырттағы ақау­ды бәрін бақылап отыратын орталық басқару пуль­тінен анықтап, жөндеу жұмыс­ын жүргізе береміз. Зауыт­тың өзінде 250, мердігер компа­нияларда 400-ге жуық адам жұ­мыс істейді. Мамандардың бәрі дер­лік жергілікті азаматтар», дейді зауыт­тың орталық басқару бөлі­мінің басшысы Табиғат Әбеков.

Маман демекші, зауыт жұ­­мысын бастаған жылы жер­гілікті 100 жас Қытай еліндегі зауытта оқып келіпті. Ар­тынша инвесторлар Шиелі ин­дустриялық-аграрлық кол­леджі базасында тағы 100 ма­ман даярлауды қолға ал­ған. Қазір маман даяр­лау бағытында М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан универ­ситетімен байланысты нығайтқан. Зауыт осы оқу орнымен бірігіп, оқу орындары мен өндірісте қолдану үшін цемент технологиясы туралы кітап та шығарып жатыр.

аа

Шет мемлекеттер арасынан зауыт өнімін Қырғызстан, Түрік­менстан, Ауғанстан мен Тәжікстан көбірек алады. Бас­тапқыда тұты­нушылар қатарында Өзбекстан да бар еді. Қытайлық корпорация 3-4 жыл бұрын өзбек еліне де осындай өндіріс орнын салып, қазір олар Орталық Азия бойынша осы саладағы ірі кәсіпорын атанып отыр.

«Шикізаттан өнімге ай­нал­ған­ша бар жұмыс осы орта­­лықтан басқа­рылады. Отандық мамандар қазір ше­тел­діктердің орнын бас­ты. Жұмыс тұрақты, табыс ойдағыдай болғасын өн­ді­ріс орнынан кететіндер аз. Орташа айлық 250 мың теңгеден жо­ғары. Былтыр жалақыны 10%-ға көтерді. Өнім бағасы қым­бат­­та­ған­дық­тан, биыл да айлық өседі деп отырмыз. Сондықтан осы зауыт жұмысшысы болуға ынталылар көптеп саналады. Осылайша, еліміздегі жал­ғыз тампонажды цемент өндіретін зауыт жұмысын өз жігіттеріміз дөңгелетіп әкетті. Өнім сапалы болғандықтан жыл са­йын тұтынушылар қатары да артып келеді», дейді жалпы бас­­қа­ру бөлімінің басшысы Ерсін Базылбек.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен өңірлік коммуникация қызметі Жұмысшы мамандықтары жылы­на орай ұйымдастырған көшпе­лі брифингте Шиелі ауданында кәсіпкер­лікті дамытуда өндіріс саласына ден қойыл­ғанын байқадық. Алдағы уақытта аудан­да жалпы құны 70 млрд тең­геге жуық жобалар жүзеге асырылады. Бұлар­дың арасында жеке инвестиция үлесі басым.

Әзірге аудан өндірісінің көш басында өнімі елдің барлық өңіріне тасымалданып, құрылыс индустриясына кеңінен пайдаланылып отырған «Гежуба Шиелі цемент» компаниясы тұр.

 

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы