
Осындай қоңырқай тіршілік кешіп жатқан ауылда күн жылына сала жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сәуірдің соңында Терісаққан – Қоскөл бағытындағы аудандық дәрежедегі 45 шақырымдық тасжолда ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Жол жөндеуге аудандық бюджеттен 52 млн теңге бөлінген. Жауапты мердігер – «Constructive Stroy KZ» ЖШС.
Қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Негізінен жолдың аласа бөліктерін көтеру, қосымша суағарлар қою және жаңбыр кезінде батпақ болатын жол бөліктеріне езілмейтін материал төсеу жұмыстары жүргізілмек. Былтырғы су тасқынында шайылып кеткен жерлерді қалпына келтіру өте маңызды.
Таулы аймақ болған соң, жол жөндеу мәселесі де күрделі. Мұнда Тобылғы сай және Ақтан сай деген сайлар бар. Тобылғы сайдағы екі сайдың ортасы – 3 шақырым, Ақтан сайдың арасы – 5 шақырым. Осы сайларды қыста үнемі қар басып қалады. Салдарынан екі сайдың ортасында көліктер қар тұтқынына жиі түсіп жатады. Қазір техниканың бәрі осы жерлерді биіктету жұмысына жұмылдырылған. Бір сайдың өзіне кем дегенде 300 КамАЗ-дан артық топырақ төгіледі.
«Күрделі жерлерге көп көңіл бөліп жатырмыз. Қолданыстағы гридер жолдың ені кей жерде – 9 метр, кей тұсы 12 метрге дейін барады. Гридер отырған. Сай тереңдей береді. Соны теңестіруге көп қаржы, техника, топырақ керек», дейді Терісаққан ауылдық округінің әкімі Жантөре Ғазизұлы.
Көшені жарықтандыру жұмысы да назарда. Осы бағытта ауылдың кіреберіс Желдіадыр, Ұлытау, Шеңбер көшелеріне 46 дана жарық бағаны орнатылды. Аудандық бюджеттен 11 млн теңге бөлініп, бұл жауапты жұмысты Шымкент қаласының «Қуаныш Рай» мердігері мойнына алған.
Ұлытау облысы