
«Облыстың географиялық жағынан ыңғайлы орналасуы, теміржол, автомобиль жолдары және халықаралық әуежай Қызылорданы еліміздің ірі логистикалық және өндірістік орталығына айналдыруға толық мүмкіндік береді. АЭА аумағы – 550 гектар. Қорқыт ата әуежайының қасынан орын тебеді. Оның 50 гектары авиацияға қызмет көрсету аймағы болса, 100 гектары көтерме-бөлшек сауда, қойма және сақтау аймағына арналады. Қалғаны өнеркәсіптік аймақ саналады. Қазір АЭА тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 28 негізгі экономикалық қызмет түрлері келісілді», дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыров.
АЭА-да құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, көлік-логистика, технология мен инновация саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Өнеркәсіптік аймақтан жүн және тері өңдеу, киім өндірісі, тоқылмаған материал өндірісі де орын теппек. Құрылыс индустриясын дамытатын шыныпластик арматура, полимерлі, арматураланған құбыр өндірісі, фиброцемент бұйымдарын және автоклавты газбетон өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр.
Жуырда қытайлық компаниямен «Силикатты-кальциленген тақтайша» шығару үшін меморандумға қол қойылды. Аймақта орналасатын алғашқы жоба да осы өндіріс орны болмақ. Өңір басшылығының шет мемлекеттерге жасаған жұмыс сапарларының нәтижесінде қазір сырттан келіп, аймақ экономикасын зерттеп жатқан компаниялар көп. Олардың арасында Қытай іскерлерінен бөлек Еуропа бизнесмендері де бар.
АЭА қатысушыларына бірқатар салық және кеден жеңілдігі ұсынылады. Олар корпоративтік табыс салығынан, АЭА аумағына өткізілетін тауарларға қосылған құн салығынан, кедендік баж бен жер және мүлік салығынан, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақыдан босатылады. Сонымен қатар квоталардан тыс шетелдік жұмыс күшін тартуда жеңілдіктер де қарастырылған.
Елімізде АЭА жұмысының ұзақтығы – 25 жыл. Бұл мерзімді ұзартуға да мүмкіндік бар. АЭА аумағында жер қойнауын пайдалану, акцизделетін тауар өндіру, ойын бизнесі саласындағы жобаларды іске асыруға болмайды. Басқарма басшысының айтуынша, жер алу үшін инвестор құжаттар тізбесіне сай басқарушы компанияға өтінім береді. Ал «QazIndustry» АҚ бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде инвесторды қатысушы ретінде тіркейді. Облыстың экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық жоба осылай жүзеге асырыла бастайды. 3 000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылатын АЭА-ның жоспарланған экономикалық көрсеткішке жетуі қадағаланады.
«Арнайы экономикалық аймағы көп Польша қазір ірі отандық және шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндіріске жол ашу, экспорттық және көліктік әлеуетті күшейту бағытында алда тұр. Біз осы мемлекеттің, өз елімізде құрылған басқа да АЭА тәжірибелерін зерттедік. Польшалық мамандар кеңесіне жүгіндік. Осы арқылы Сыр өңірін еліміздің логистикалық және өндірістік картасында жетекші орынға шығарамыз деген үміт бар», дейді басқарма басшысы.
Қызылорда