
Фото: disk.yandex.ru
Шара барысында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов журналистиканың қазіргі қоғамдағы маңызын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, ақпарат құралдары – тек жаңалық тарату құралы емес, халық пен биліктің арасындағы диалог алаңы, сенім көпірі, қоғамдық сананы қалыптастырушы қуатты күш.
Форум аясында сала үздіктеріне мемлекеттік және ведомстволық марапаттар, сондай-ақ облыс әкімінің арнайы сыйлықтары табысталды.
Мемлекет басшысының атынан берілетін «Құрмет» ордені медиаорталықтың бас директоры Арсений Дүйсеновке және «Астана» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Ирина Якунинаға тапсырылды. Ал «Шапағат» медалімен «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі, Buqara.kz сайтының бас редакторы Талғатжан Мұхамедиев марапатталды.
Сондай-ақ, «Еңбек ардагері» медалі – «Деловой Казахстан» газетінің тілшісі Ольга Сизоваға табыс етілді. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі – «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Мерей Қайнаровқа табысталды.
Сонымен қоса, облыс және қала әкімдерінің, басқарма басшыларының арнайы марапаттары өңірлік және қалалық ақпарат құралдарының ұжымдарына табысталып, мерекелік жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Бұл – ақпарат саласының қоғамдағы ерекше рөліне берілген шынайы баға, қалам ұстаған қауымға көрсетілген құрметтің бір парасы болды.