
«Soile AI» мүмкіндіктері жеделхат боты, веб-интерфейс, мобильді қосымша және смарт сағат интеграциясынан тұрады. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін AI көмекшісі бар.
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті эндаумент қорының ұйымдастыруымен өткен «ANaMed» форумында «Soile AI» платформасының ерекшелігімен таныстырып, команда мүшелері арнайы бағдармаларды түзу логопед, дәрігерлердің көмегімен іске асқанын айтады.
Форумда қазылар алқасының назарына ұсынылған 40-тан астам жобаның ішінде оқушылар ұсынған бірден-бір жоба – «Soile AI». Университет ректоры Марат Шорановтың айтуынша, форумға келіп түскен жобалардың қай-қайсысы да әлеуеті зор әрі қоғамға аса қажет. Олардың қатарында студенттерге арналған веб-тренажер-зертхана, нашар көретін жандарға арналған арнайы құрылғы, диабетті анықтауға көмектесетін ұлтарақ, ортодонттар мен пластикалық хирургтарға арналған бет-әлпет, тағы да басқа әзірлемелер бар. Оқушылар ғылыми зерттеулердің түрлі кезеңдерінен өтіп, университеттің технопаркінде нағыз ғалым ретінде жұмыс істейтін болады.
«Soile AI» жобасының авторы әрі жетекшісі, Алматы облысы Қарабұлақ ауылындағы №22 мектептің оқушысы Үкілі Омарованың айтуынша, платформа дауысты дұрыс танып, сөйлемді түсінуге мүмкіндік береді. Ол жай ғана технология емес, қолжетімді, инклюзивті құрал. Церебральды сал ауруына, паркинсонға шалдыққан, құлағы нашар еститін, инсульттан кейін кекештеніп сөйлейтін науқастар үшін қолайлы.
Командада бес оқушы бар. Жасанды интеллектіні шебер меңгерген оқушылар өздерінің бағдарламалау, медицинаға икемділігіне, әлеуметтік желіде жұмыс істеу мүмкіндігіне қарай жоба жоғары деңгейде жетілдіруге тырысты. «Бүгінде әлемде 800 млн-нан астам адам сөйлеу кемістігінен зардап шегеді. ТМД елдерінде бұл көрсеткіш 50 млн-нан асады. Мұның себебі церебральды сал ауруы, инсульт, паркинсон және басқа неврологиялық жағдайлармен байланысты болуы мүмкін. Біз церебральды сал ауруына шалдыққан баланың жағдайында жұмыс істедік. Қазіргі кезде мамандарды қолдау, пилоттық тестілеу және медициналық орталықтар, академиялармен әріптестік орнаттық», дейді Үкілі Омарова.
Бүгінде команда елімізбен қатар шетелдердегі конкурстардың жеңімпазы. Осыдан 6 ай шамасында басталған жоба «ITtest 2024 топ-1» стартабында, ТМД-да халықаралық әлеуметтік жобалар конкурсында 1-орын, «Infomatrix Asia 2025» жеңімпазы атанды. Халықаралық жасанды интеллект қауымдастығының «AI-мен денсаулық сақтаудың үздік бастамасына» үміткер, биыл «Central Asia Startup Cup», «MedTech» стартаптарының халықаралық акселерациясы, «Technovation Girls», халықаралық «ANaMed AI Challenge» жеңімпаздары қатарына енді.
Денсаулық сақтау саласындағы стартаптардың республикалық көрмесіне, KIHE 2025 халықаралық көрмесіне қатысқан команда жақында Астанада болып, өз жобаларын «BI Group» компаниясына таныстырды. «BI Group» компаниясы «Binom», «Quantum», жайлы мектептерге енгізу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен білім беру саласындағы үздік жобаларды іздестірген болатын. Нәтижесінде, ең үздік 4 жобаның қатарында аталған «Soile AI» мектептерге енгізілетін болады. Жаз айларында мектептерде, медициналық орталықтарда қанатқақты жоба ретінде іске аспақшы. Қазіргі таңда жобаға Корея, Жапония, Қытай, АҚШ, Өзбекстан, Ресей тарапы қызығушылық танытып отыр.
«Ғылымды коммерцияландыру жөніндегі одақ» РҚБ президенті Құрманғазы Омаров атап өткендей, Президенттің елімізді толығымен цифрлы мемлекетке айналдыру тапсырмасын іске асыруда облыстық, республикалық конкурстар мен олимпиадаларда жеңіске жеткен сапалы цифрлық жобаларды жасап жатқан мектеп оқушылардың ғылыми әлеуеті жоғары. Барлық өңірдегі «Аstana hub» өңірлік бөлімшелері арқылы оқушылардың цифрлық жобаларды құруына жүйелі қолдау көрсету қажет. Бірақ әзірге елімізде кәмелетке толмағандарды қолдау жүйесі жеткіліксіз. Мұндай қолдау болмайынша, оқушылардың сапалы жобалары кәсіпкерлердің заңды, қаржылық және әкімшілік мүмкіндіктерінен тыс қалып қояды. Сондықтан одақ тарапынан оқушылардың жобаларын іске асыруды жүйелі қолдау бағыты ойластырылып жатыр.
АЛМАТЫ