
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Еуразиялық даму банкінің сарапшылары Орталық Азия экономикасы жаһандық орташа көрсеткіштен 1,4 есе жылдамырақ өсіп жатыр дейді. Сарапшылардың бағалауынша, аймақ инвесторлар үшін барған сайын тартымды болып, Еуразияда жаңа мүмкіндікке жол ашты.
ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Евгений Винокуровтың айтуынша, 2022–2024 жылдары өңірдің орташа жылдық экономикалық өсімі 4,7% болды, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 40%-ға жоғары. Былтыр ОА-дағы номиналды ІЖӨ 520 млрд долларға жетті.
«Аймақтың инвестициялық тартымдылығы экономикалық өсіммен ғана емес, халық санының артуымен де байланысты. Қазір аймақта 80 миллионнан астам адам тұрады. Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуеті де ауқымды, бұл оны Еуразиядағы негізгі транзиттік тораптардың біріне айналдырады», дейді Е.Винокуров.
2024 жылы еліміз жаңа жобаларға инвестиция тарту бойынша Солтүстік және Орталық Азия елдері арасында көшбасшы атанды. Өткен жылдың қорытындысында елге 15,7 млрд доллар инвестиция тарттық, бұл – аймақтағы инвестицияның 63%-ы. БҰҰ жанындағы Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссия баяндамасына сүйенсек, Қазақстан тартқан 15,7 млрд доллар көлеміндегі инвестиция 2023 жылғы көрсеткіштен 88%-ға жоғары.
Қазақстаннан кейін 4 млрд доллар инвестициямен Өзбекстан, Қырғызстан (2,1 млрд доллар), Әзербайжан (1,2 млрд доллар), Түрікменстан (339 млн доллар), Грузия (126 млн доллар) және Армения (67 млн доллар) тұр. Мамандардың пайымынша, инвесторлардың Қазақстанға қызығушылық білдіруі ең бірінші кезекте әртараптандыру стратегиясы, жасыл энергияны қолдау, цифрландыру және технологиялық инновациялармен байланысты.
Пәкістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Науман Башир Бхаттидің айтуынша, сенімді электрондық сауда платформалары, финтех шешімдері және өңірлік байланыстары дамып жатқан Орталық Азия – экономикалық өсудің зор әлеуетіне ие. Тиісінше, осы бастамалардың барлығында Қазақстан алдыңғы қатарда дейді. ҚХР-дың еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі кейінгі 8 жыл бойы тұрақты өсіп келе жатқанын, 2024 жылы Қытай деректері бойынша 43,8 млрд долларға жеткенін айтады.
Қазір Қазақстан Қытаймен сауда-экономикалық әріптестікті нығайтып, өңірдегі транзиттік хабқа айналу мүмкіндігін пысықтап жатыр. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, біз Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастықтың жай қатысушысы емес, оның архитекторы болатындай мүмкіндікке иеміз.
«Шығыс пен Батысты бір-біріне қарсы қоймаймыз, қабырға тұрғызбаймыз – біз дәліз саламыз. Сол дәліздердің бірі – Қытаймен терең, теңгерімді әрі прагматикалық серіктестік. Қазақстан қазірдің өзінде Қытайдың Орталық Азияға шығатын қақпасына айналып отыр. Бірақ бұл аз – біз Еуразия кеңістігіндегі серіктестік архитектурасының орталығына айналуымыз қажет және соған лайықпыз. Бұл – Еуропа мен Таяу Шығысқа шығатын жолды қамтитын ауқымды миссия», дейді қаржыгер.
Дүниежүзілік банк (ДБ) мамандарының болжамынша, Орталық Азиядағы биылғы экономикалық өсім 5% деңгейінде болуы мүмкін. Бұл жағынан аймақ барлық субөңірдің өсім қарқынынан алда тұр. Бұл ең бірінші кезекте мұнай өндірісін арттыру фонындағы Қазақстанның динамикалық өсімімен байланысты дейді ДБ сарапшылары.