Еңбек • Бүгін, 10:10

Іскерлігі мен мәдениеті үйлескен

60 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы, I дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бейбіт Қасенов – қос дәуірдің куәгері. Сезімі тұнық, ойы бекзат, көшелі азамат жетпісті орталап қалған жасына қарамастан, әлі күнге ат үстінен түспей, еліне қызмет етіп келеді.

Іскерлігі мен мәдениеті үйлескен

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Б.Қасенов ат жалын тартып мінгеннен іскерлік, ұйым­дас­ты­рушылық қабілеттерімен та­нылды. Қатардағы маманнан бастап үлкен өмір, қызмет баспалдақтарынан өтті. Ақыл-парасаты мен білім-білігін ха­лықтың игілікті істеріне арнады. Әрқилы бастамалар мен игі істердің ұйытқысы болып, ауыл, аудан басшылығы дең­гейін­дегі қызметтерді абырой­лы атқарумен қатар, қоғам өмі­ріне белсене араласып тәжі­рибелі басшы, шебер ұйым­дастырушы ретінде көрінді. Ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосты.

Білікті маман, атпал азамат ретінде басшылық, ұйым­дас­ты­рушылық жұмыстарға тартылды. Сөйтіп, 1978 жылы Жаңаарқа ауданы Ақтау селолық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. 80-жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас зоотехнигі, меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1984 жылы қой өсірумен айналысатын Карл Маркс атындағы совхозға директор болып тағайындалды. Жігерлі басшы жұмысқа белсене кірісіп, шаруашылықтың төрт бөлімшесіндегі қой малын жасына, салмағына, сапасына қарай сұрыптап, селекциялық жұмыстар жүргізді. Совхоз орта­лы­ғынан 3000 қой, 50 ірі қара мал, 50 бас жылқы бордақылайтын алаң салынды. Шаруашылықпен бірге спорт, мәдениет саласының дамуына ерекше көңіл бөлді. Ауыл­ға кіреберістегі 11 шақы­рым­дық автокөлік жолына асфальт төселді. Ауыл орталығына ағаш кесетін қондырғы орнатып, қалыңдығы 30-40 мм құрайтын тақтайлар дайындап, құрылысқа пайдаланды. Ауыл тұрғындарына, шопандарға жаңа үйлер, мал қоралары салынды. 500 орындық Жастар үйі, тойхана бой көтерді.

Қысқа түсетін қойдың саны 51 мыңға, жылқы саны 2 400 басқа дейін өсті. 1986 жылдың қоры­тындысында шаруашылық елі­міз­дің қой түлігін дамытумен айналысатын совхоздардың ішінде жеңімпаз атанды. Мал шаруа­шылығы өнімдерін өнді­ру­ді, сатып алуды арттыру жо­лын­да атқарған еңбектері баға­ланып, шаруашылық ұжымы Қызыл Тумен марапатталды. Дирек­тор­ға жаңа УАЗ автөкөлік, сов­хоз еңбеккерлеріне 3000 рубль, ша­руа­шылыққа бір автобус сыйға тар­тылды. Кейін мем­лекет қай­рат­­кері Шәбден Ера­лиевтің есімі бе­рілген осы шаруа­шы­лық­ты Б.Қа­се­нов 1991 жылға дейін бас­қар­ды.

1992 жылы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде қыз­метте жүргенінде аудан басшылары Бейбіт Байбосынұлын Моңғолия мемлекетінің Баян-Өлгей аймағынан қан­дастарды көшіріп әкелуге жіберді. «Елге Баян-Өлгейден 46 отбасын (150 адам) көшіріп әкеліп, ауылдарға 10-15 отбасыдан орналастырдық, жұмыс, баспана бердік», дейді Бейбіт аға әңгімесінде.

1993 жылдан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімін, 2000–2004 жылдары аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік сала бөлімін басқарды. 2004–2011 жылдары, зейнеткерлікке шыққанша аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Бүгінде Б.Қасенов – Жаңаарқа кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудан әкімі аппаратының кеңесшісі қызметін қоса атқарады. Сол тұрғыда аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайын, әлеуметтік мәселелерін шешуге ұдайы ықпал етіп, көмектесіп отырады.

2019 жылы Жаңаарқа ауда­ны­­ның 90 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфулиннің туғанына 125 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Мерекеде тұңғыш рет «10 000 литр қымызды бір мезет­те 1000 күбіге құйып, пісу» ша­ра­­сы ұйымдастырылып, Жаңа­­арқа қымызы Гиннестің ре­­корд­­тар кітабына енді. Осы ізгі істі ұйымдастырушы, идея автор­ла­рының бірі Б.Қасенов болды.

2021 жылы Тәуелсіздіктің ­30 жылдығына орай еліміздегі алты мың­нан астам елді мекеннің іші­нен Жаңаарқа ауданының бір кез­дері Б.Қасенов директор бол­ған Ера­лиев ауылы үлгілі 30 ауыл тізіміне енді.

Бейбіт Байбосынұлының шаруа­шылық саласына сіңір­ген есепсіз еңбегі лайықты баға­лан­ды. «Ерен еңбегі үшін», Ауыл шаруа­шылығы саласының «Құр­метті ардагері», Ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігінің «Еңбек арда­­­гері», басқа да бірқатар мере­й­­­той­лық медальдармен марапатталды.

Б.Қасенов – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. 1994 жылдан бері Жаңаарқа ауданының «Ат спорты федерациясын» басқарып келеді. Жаңаарқа аудандық ұлттық спорт қауымдастығы­ның төрағасы. Қауымдастықтың тікелей басшылығымен аудан орталығында, кейбір ауылдарда ат шабатын, ұлттық ойындар өтетін жарыс алаңдары салынды.

Сондай-ақ Бейбіт аға – таны­мал әнші, әуесқой сазгер. Шым­кент қаласында өткен Шәм­ші Қалдаяқов әндерін орын­дау­шыларының республикалық байқауына қатысып, жүлдегер атанған. «Қазақтың дастар­­қаны», тағы бірнеше өз жанынан шы­ғарған әндері бар. Руханият саласына қосқан үлесі де елеу­сіз емес. 2017 жылы «Құрметті спорт қызметкері», 2021 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерін кеудесіне тақты. Бүгінде ел ағасы атанып отырған Б.Қасеновтің өрісті өмір жолы кейінгі толқын інілер мен өскелең ұрпаққа тағылымды үлгі-өнеге.

 

Ұлытау облысы