
Ертіс бойындағы «Самал» саябағынан басталған кемелер шеруі ағысқа қарсы жүзіп, кемежайға дейін жетті. Мұнда жиналған қалалықтар мен қала қонақтары қайықтардың су бетінде ойқастағанын көріп, таң-тамаша болды. Көк туды желбіреткен кемелердің біріне ақсақалдар мен ақ жаулықты кейуаналар мінсе, енді біріне күй күмбірлеткен домбырашылар жайғасқан. Сөйтіп, іркес-тіркес Ертіспен жүзіп өтті. Адыр белдердің ортасынан қоныс тепкен Өскеменді қақ жарып, Ертіс ақса, оған Батыс Алтайдан арқырап-сарқырап бастау алған Үлбі қосылады. Осындай ерекше шаһарда су жолын дамытса, сұраныс жоқ емес. Тіпті, өзге де қалалардан су трамвайын қызықтап келетін меймандар аз емес.
– Жаз шықса, бала-шағамызбен қайыққа мініп, анау ГЭС-ке дейін қыдырып қайтамыз. Сулы қалада тұрып, мұндай серуеннің бары заңды да. Әйтпесе, жасанды өзеннен өкіртіп пайда тауып отырған қалаларды да білеміз. Оның қасында біздікі қолда бар байлық, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Сақып Бәсенова.
Бүгінгі ерекше шараға облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов та келіп қатысты. Ол күй күмбірін әуелетіп жүрген жас домбырашыларға жүрекжарды тілегін айтты.
– Бүгін біз халқымыздың рухани байлығын және тарихы мен дәстүрінің ажырамас байланысын білдіретін ерекше мереке – Ұлттық Домбыра күнін атап өтіп отырмыз. Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, бұл – ұрпақтар сабақтастығының символы, өткен мен бүгінді, болашақты жалғайтын мұра. Осы асыл мұра жастарымызды шабыттандырып, мәдени болмысымызды нығайтып, бізді ұлы мұрамызды мақтанышпен болашаққа жеткізуге үндей берсін! – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Бұл ауқымды шара соңғы 40 жылда өңірдегі кеме қатынасы саласында алғаш рет өткізіліп отыр. Аймақ басшысы айтқандай, су ресурстарына бай Шығыс Қазақстанда кеме қатынасы қайта жанданып, серпінді дамып келеді. Бүгінгі ауқымды шара соның дәлелі.
– Келер жылы біз бұл парадқа өзге облыстар мен шекара маңы мемлекеттерінен де қатысушыларды шақырамыз. Өйткені, Ертіс өзені мен оның акваториясы бұған толық мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Парадқа «Қазақстан су жолдары» компаниясының «Болат Карентаев», «Алтай», «КС-111» секілді теплоходтары, «BELALEKS» және ШҚО ТЖД катерлері қатысты. Сонымен қатар, гидроцикл иелері де белсене атсалысты.
Өскемен