Білім • Бүгін, 09:32

Атажұртта бас қосқан өрендер

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертіс бойында қазақ тілі мен әдебиеті бойынша шетелдегі қазақ балаларына арналған халықаралық олимпиада өтті. Алты мемлекеттен келген 40-тан астам оқушы ана тілін ардақтап, мәртебесін асырды.

Атажұртта бас қосқан өрендер

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған бұл сайыс осымен қатарынан 22 жыл өтіп отыр. Қазақтың дарынды балаларын анықтау және әлеуметтік-құқықтық қорғау, тілді, әдебиетті, тарихты үйренуге ынталандыру, қазақ халқының мәдениетіне қызығушылықты арттыру мақсатын көздейтін іс-шараға Қытай, Моң­ғо­лия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген 40-тан астам оқушы жиналды.

Зияткерлік сайыстың негізін қалаушы­лардың бірі – ардагер журналист Сүлеймен Мәмет 1996 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік қазақтарды қолдау мақ­са­тында арнайы шешім қабылданғанын еске салды. Ол кезде көптеген қандасымыз та­рихи Отанына оралуға мүмкіндік ала бас­таған.

– Бұл олимпиада – шетелде тұратын отандастарымызға рухани көпір бола білген мәдени-ағартушылық бастама. 22 жыл ішінде ғылым докторлары, мұғалімдер, дип­ломаттардың бірнеше ұрпағы өсіп-жетілді. Олар халықтар достығына қызмет етіп жүр. Жыл сайын балалардың білім деңгейі мен ана тіліне деген шынайы сүйіспеншілігі мені тәнті етеді. Биыл қатысушылардың бірі әжесінің сәлемін жеткізіп, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындады. Эссе жазу кезінде жастар ең алдымен ата жұрты – Қазақстанға деген махаббатын білдірді, – дейді Сүлеймен Мәмет.

Жас шамалары 14 пен 18 жас аралығын қамтыған өрендер олим­пиаданың бірнеше кезеңін өткерді. Оның алғашқысында эссе жазса, одан кейін «Тарихи таным» тақырыбындағы зерт­теу жобаларын қорғап, «Ұлтымды сүйе­мін» тақыры­бында көркем таныстырылым әзір­леді. Соңғы­сы музыкалық, поэтикалық немесе театр­ландырылған қойылым түрінде ұсы­нылды

Қырғыз елінен келген Ару­жан Абуләзиз қазақ және қыр­ғыз тілдерінің ұқсастығына қара­мастан, ана тіліне деген қызы­ғу­шылығы бәсеңдемейтінін айтты.

– Эссе кезеңінде маған «Сүйікті қалам» тақырыбы түсті. Мен Бішкек пен Алматы туралы жаздым. Бұл шаһарлар жаныма жақын. Қазақ тілін үйде ғана үйренемін, отбасымыз түгел­дей ана тілімізде сөйлейді. Анам, әкем және әжем көп көмектеседі. Пав­лодарға алғаш келдім. Ертіс өзе­нінде қайықпен серуендеп, жаға­­лауды аралап, Достық үйіне бардық, – дей­ді ол.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен және «Дарын» республикалық ғылыми-прак­­тикалық орталығының грамоталарымен марапатталды. Ең үздік қатысушылар Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық универ­ситеттің білім беру гранттарына ие болды. Сонымен қатар облыс әкімі атынан барлық қатысушыға домбыралар табысталды.

«Ертіс Дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдіс­те­мелік орталығының директоры Азамат Шаймұрат олимпиада мақсаты – жер бетінде тарыдай шашырап кеткен қазақ балаларының басын қосып, ана тілдерін меңгерту екенін айтады.

 – «Дарын» республикалық орталығы өкілдерінің айтуынша, бұл олимпиада тарихында балалардың естерінде қалатындай ерекше сыйлық жасаған Павлодар өңірі. Облыс әкімінің атынан барлық қатысушыға домбыра сыйға берілді. Балаларға Ертіс үстінде теплоходпен саяхат ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Алмас қылыш» фильмін көрсеттік. Осымен аталған олимпиада Ертіс-Баян өңірінде екінші рет табысты өтті, – дейді ол.

 

Павлодар облысы