
Байқағанымыздай, Дональд Трамп көктемде Қазақстанға 27% енгізетінін жария еткен еді. Осы жолы көрсеткіш 2%-ға азайыпты. Дегенмен сол кезде Сауда министрлігі АҚШ енгізіп отырған импорттық баждың қатерлі емес екенін хабарлаған. Өйткені еліміз Құрама штаттарға негізінен, шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар (бүкіл экспорттың 92%-ы) сатады. Мұндай тауарлар АҚШ президентінің жарлығымен («АҚШ-тың тауар саудасындағы елеулі және тұрақты тапшылығына әкелетін сауда тәжірибелерін жою үшін өзара тарифтер арқылы импортты реттеу туралы») импорттық баж салынбайтын санатқа жатқызылған. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, біздің экспорттың 4,8%-ына ғана импорттық баж салынады. Бұл шамамен 100 млн доллардың тауары.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 4,2 млрд доллар болған. Оның 2,2 млрд доллары – Қазақстан сатып алған америкалық тауарлар құны. 2 млрд доллар (2024 жылы 30,6%-ға артқан) – Қазақстан экспорты.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, отандық экспорттың басым бөлігі қосымша тарифтерге жатпайды, өйткені олар АҚШ әкімшілігінің ережелерінде көзделген ерекшеліктер тізіміне енгізілген. «Экспорты 2024 жылы 95,2 млн долларды құраған жекелеген тауарлар топтарына қосымша баж салығы қолданылады. Оларға фосфор, ферросилиций, линза, бидай глютені және аммоний нитраты жатады. Осылайша, енгізілген тарифтік шаралар еліміздің АҚШ-қа экспортының жалпы көлемінің 4,8%-ына ғана әсер етеді» дейді.
«2024 жылы Қазақстанның экспорты 81,6 млрд доллар болды. Соның 2 млрд доллары, яғни 2,5%-ы – АҚШ-қа тиесілі. АҚШ бюджетіне төлемдердің өсуі жылына бірнеше ондаған миллион долларға бағалануы мүмкін. Тарифтердің өсуі көптеген елге қатысты болып отыр. Мұны халықаралық инвесторлар да жақсы түсінеді. Сондықтан тариф өсуінің Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына әсер ете қоюы екіталай. Тиісінше, біздің Үкімет күту режімін ұстануы және ешқандай қарсы шаралар қолданбауы мүмкін. Тарифтердің америкалық ішкі инфляцияға, Америка өнеркәсібіне және АҚШ-тың басқа елдермен қарым-қатынасына қалай әсер ететінін көру керек», дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.
Экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, салық салынбайтын 90%-дан астам шикізатты шегеретін болсақ, тапшылық шикізаттық профицитке айналып шыға келеді.
«Егер біз тариф енгізер болсақ, онда АҚШ көбірек зардап шегеді. Қазақстан, Лаос, Мьянма, Тунис – тиын-тебен цифрлар ғана және шикізатты шегерумен (салық салынбайды) тапшылық профицитке айналады. Егер бұл елдер тарифті көтеріп жауап берсе, оған Трамп тап солай жауап қайтарғанның өзінде АҚШ зардап шегеді. Бірақ бұл төрт ел жауап бермейтін шығар, өйткені жауап берудің экономикалық мәні жоқ. Ал қалған 8 елдің жағдайы сәл күрделілеу», дейді сарапшы.
Дональд Трамп белгілеген жаңа тарифтік мөлшерлемелер
Ел |
«Өзара» тариф |
1 тамыздан басталатын тариф |
Бангладеш |
37% |
35% |
Босния және Герцеговина |
35% |
30% |
Камбоджа |
49% |
36% |
Индонезия |
32% |
32% |
Жапония |
24% |
25% |
Қазақстан |
27% |
25% |
Лаос |
48% |
40% |
Малайзия |
24% |
25% |
Мьянма |
44% |
40% |
Сербия |
37% |
35% |
ОАР |
30% |
30% |
Оңтүстік Корея |
25% |
25% |
Таиланд |
36% |
36% |
Тунис |
28% |
25% |