Қоғам • Бүгін, 08:35

Сағындық ақсақалдың сауапты ісі

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодардағы қарттар үйінде тұратын қария Сағындық Жұмабаев қажылыққа деп жинап келген 3,6 млн теңге қаражатын мүгедек балаларға берді. Ақсақалдың жасы бүгінде 93-тен асқан.

Сағындық ақсақалдың сауапты ісі

Әлгі қаражатты қария он жыл бойы жинап келіпті. Кейінгі уақытта денсаулығы жиі сыр беруіне әрі жасының ұлғаюына байланысты ұзақ  сапардан, қажы­лықтан бас тартуына тура келген. Айтуынша, өзі – тыл ардагері. Бала жасынан колхозда жұмыс істеп, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жауды жеңу жолында бел жазбай еңбек еткен.

«Меккеге барамын деп ұзақ жылдар зейнетақымнан жырып ақша жинаған едім. Ал 2022 жылы шетелге шығу үшін төлқұжат алдым. Өкінішке қарай, сол жылы қажылыққа баратындардың жасы 65-тен аспауы керек деген талап қойылып, мені туроператорлар қабылдамай қойғаны. Одан соң денсаулығым сыр беріп, жүріп-тұруым ауырлай бастағанын сездім. Оның үстіне таныс адамдар ол жаққа бару үшін жаныма адам ертіп жүруім керектігін айтты. Ақыр соңы қасиетті сапардан бас  тартуыма тура келді», дейді Сағындық ақсақал.

Отасқан жарымен ұзақ жылдар түтін түтеткен. Алайда тағ­дырдың жазуымен араларында бала болмаған. 2009 жылы зайы­бы қайтыс болған соң, жалғыз қалады. Жалғыз інісі 69 жасында өмірден озған. Ал анасы 98 жасында дүние салыпты. Сондықтан өзінің ұзақ өмір сүруінің сырын анасының тегінен дарыған деп есептейді.

1

«Кейінгі уақытта шешем түсіме жиі кіреді. Ананың орны ыстық екен, оны үнемі сағынамын. Ойлана келе, көп жыл бойы жинаған қаражатымды мүгедек бала асырап отырған отбасыларына беруді ұйғардым. Жолдастарымнан сұрастыра жүріп, дертке шалдыққан балаларды тауып, оларды аналарымен бірге бір жерге жинадық. Тірнектеп жинаған 3,6 млн теңгемді 120 мың теңгеден бөліп, 30 баланың анасына ұстаттым. «Қалқаларым, бұл түн ұйқысын төрт бөліп, баласының өмірі үшін күрескен аналар еңбегінің өтеуі деп түсініңдер», деп атап айттым. Ананың аялы алақанын, оның өз перзентін өсіріп-жеткізудегі еңбегін дүниеде ешнәрсемен өлшей алмайсың», деп толғанды тыл ардагері.

Ақсақал биыл Жеңістің 80 жылында тыл ардагері ретінде біржолғы бюджеттік төлемді ала алмағанын айтады. Тұрып жатқан қарттар үйінің басшылығынан сұрағанда «Сіздер онсыз да мемлекеттің қамқорлығын­да отырсыздар, ондай төлем қарастырылмаған», деп жауап­ беріпті. Қария Жеңіске үлес қосқан қарттарды алалау дұрыс емес деп санайды. Сондықтан бұл шешімге өзінің қамкөңіл болып қалғанын жеткізді.

«Ал қарттар үйіндегі жалпы жағдай көңілімізден шығады. Қарын тоқ, көйлек көк. Жал­ғыз өзім бір бөлмеде тұрып жатырмын. Қызметкерлердің бар­лығы мейірбан, қамқорлықпен қарайды», дейді ол.

Сағындық ата қазіргі Терең­көл ауданында шөп шабушы, колхоз есепшісі, бригадир,­ кірпіш зауытының шебері, қойма­ меңгерушісі қызметтерін атқар­ған. Кейін Павлодарға көшіп келіп, зейнетке шыққанға дейін алюминий және трактор зауыттарында еңбек еткен. 1988 жылдан бері зейнетте. Өмірдің талай қиындығын көрген ақсақалдың  мүгедек балаларға жасаған  са­уапты ісі талайға өнеге боларлық.

 

Павлодар облысы