Мәдениет • Бүгін, 09:30

Сахнада – «Әзім әңгімесі»

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Наз» мемлекеттік би театры XXV театр маусымын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арнап «Әзім әңгімесі» хореографиялық спектаклімен қорытын­дылады. Театр репер­туарын­дағы салмағы ауыр, көр­кемдік деңгейі жоғары қойы­лымдардың бірі алғаш рет 2021 жылы сахналанған еді.

Сахнада – «Әзім әңгімесі»

Наз» мемлекеттік би театры – елімізде ашылған алғашқы кәсіби би театры. 2007 жылдың 1 наурызында елорда әкімінің шешімі­­мен Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры болып өз алдына шаңырақ көтерді. Театр­дың іргетасын қалаған кәсіби хорео­графтар – Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтар.
Аталған қойылым хакімнің аяқталмай қалған шығармасы «Әзім әңгімесі» ертегісінің же­лі­сімен сахналанып отыр. Абай «Мың бір түн» әңгімесінің бір тарауын өлеңге айналдырады. Бел­гілі ғалым Қажым Жұмалиев: «Мың бір түнде» мұндай ғажайып оқиғалар сан рет кездесе береді ғой. Әйтсе де, «Әзімнің» олардан бір айырмасы – алхимия мә­селесінің сөз болуы», деп жазады.
Әзімге кездескен жәдігөй шал тәрізді сұм-сұрқиялар ғалым­дардың ашқан ғылыми жаңалық­тарын өздерінің баю мүддесіне пайдалануы, ол үшін неше түрлі зымияндыққа баруы мүмкін. Жәдігөй шал – солардың бірі. Өмірінің ең қызығы, ең негізгі мақ­саты баю ғана деп ұғыну­шы­лар қандай да болсын зұлымдық іс-әрекеттерден де тайынбайды. Ездік те, қаныпезер қаражүректік те оларға бұйым емес. Поэма­да­ғы алхимик Жәдігөй шал өзінің зымияндық мақсатын орындау үшін Әзімді қолына алдап түсі­реді де, тау басына, ысылдаған әбжылан, айдаһарлардың ішін­де қалдырады. Бірақ олар би со­ңында кенеттен екі жаққа айрылысып кетеді.
Үнемі шығармашылық ізде­ністе жүретін, жаңашыл көз­қарасымен танымал театр дирек­торы, хореография өнерінің майталманы Еркебұлан Ағымбаев «Әзім әңгімесі» тақырыбына ұзақ жыл бойы толғанып келген. Сондай толқыныс пен да­йындықтың, шеберліктің нәти­жесінде ұлттық рух пен заманауи хореографияның үйлескен, көркемдік құндылығы зор туынды сахнаға келді.

аа
Қойылым Абайдың рухани мұрасын, терең философия­сын би өнері арқылы көрерменге жет­кізу­ді мақсат етеді. Спектакль­де әрбір қимыл, әрбір қадам терең ма­ғыналы, рәмізге толы. Шығар­­ма­шылық топ та осал емес. Қоюшы хореографтар – С.Дүзбаев, А.Беглова, Ұ.Изенаев, М.Бай­булова, қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бас балетмейстер Қадиша Ағымбаева.
Осыдан ширек ғасыр бұрын ­Ас­тана қалалық филармониясы­ның жанынан төрт биші қыз­дан шағын ансамбль болып құрылған айтулы өнер ордасы тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің арқасында бүгінде 130-дан аса қызметкері бар қазақ театр тарихындағы тұңғыш әрі өз кәсіби қолтаңбасы қалыптасқан ұлттық би театрына айналып отыр.
Өнер ұжымы елордамыздың мәдени-рухани дамуына зор үлес қосып қана қоймай, еліміздің мәдени кеңістігінің жаңа белес­ке көтерілуіне де ерекше әсер етті. Дәстүрлі қазақ би өнерін дамыту, ұлттық фольклор мен этнографияны кеңінен насихаттауды мұрат тұтқан ұжымның өнер әлеміндегі орны айрық­ша. Осы қиын да қызыққа толы 25 жылдық шығармашылық жолда театрдың негізін қала­ған Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтардың еңбегі ерен.
XXV маусымның аяқталуымен қатар, театр ұжымы жаңа шығар­машылық белестерге қадам басып отыр. Жазғы демалыс кезінде өнер ұжымы Қытай Халық Рес­пуб­ликасына гастрольдік сапарға ат­танады. Ал демалыс аяқталған соң, театрға жаңадан қабылданған жастар дайындыққа кірісіп, ре­пертуардағы билер мен спектакль партияларын меңгеретін болады.
Жылды табысты аяқтаған «Наз» театрының алдағы мау­сым­нан күтер үміті үлкен. Көрер­меннің қошеметі мен ыстық ықыласы – ­театр ұжымының шабытын арттырып, шығармашы­лық ізденістерін одан әрі жалғас­тыруға серпін берері сөзсіз.