Мәдениет • Бүгін, 09:34

«Опералия» аясында...

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана Опера» сахнасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалінің аясында балет труппасының кеші өтті.

«Опералия» аясында...

Бағдарламаны «Астана Опера» балет­ труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова әзірледі. Екі бөлімнен тұрған бұл кеш көрермен қауымға классикалық әрі заманауи хореография жауһарларын ұсынды. Оған қоса қазақ авторларының шығармалары шетелдік шеберлердің туындыларымен үйлесімді үндестік тапты. Елорда тұрғындары отандық сахнаның танымал жұлдыздары – театрдың жетекші солистерінің шеберлігін де, жас дарын­дардың жетістіктерін де жоғары баға­лады. Осы кеште өз өнерлерін театр­дың примасы Мәдина Өнербаева, жетекші солист Арман Уразов, солистер Серік Нақыспеков, Айбар Тоқтар, Диас Құрманғазы, Мөлдір Шәкімова, балет әртістері Камила Шахманова, Ғазиза Молдахмет, Камила Орманова, Назира Заетова, Жақсылық Сауқымбеков және труппаның басқа да бишілері көрсетті.

Гала-балет бағдарламасы аясында бірінші бөлімде жақсы танылған клас­си­ка­лық нөмірлер – Ю.Григорович­тің хорео­графиясында П.Чайковский­дің «Щел­кунчик» балетінен па-де-де, К.Голей­зовскийдің хореографиясында В.Жело­­бинскийдің музыкасына Сыған биі және М.Петипаның хорео­гра­фиясында Р.Дригоның «Талисман» балеті­нен па-де-де ұсынылды. Зама­науи хорео­граф, «Астана Опера» солисі ­Сұл­тан­бек Ғұмардың ерекше қойы­­лым­дары – «HasSak» этно-фольклорлық тобының музыкасына «Той бастар» мен «Кемел адам» және «Turan» этно-фольклорлық ансамблінің өңдеуінде Ақтоты Райымқұлованың музыкасына жазылған «Мәңгүрт» шығармасы кештің сәніне айналды. Балет әртіс­тері дирижер Ерболат Ахмедьяровтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» сим­фониялық оркестрінің сүйе­мелдеуімен өнер көрсетті. Жақында ­маэстро шығар­машылық ұжымды дирижер ретінде толықтырғанын айта кетейік.

Ал екінші бөлімде көрермен қауымды заманауи неміс хореографы Раймондо Ребектің қазақ труппасы үшін арнайы қойған «How Long Is Now?» («Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?») бір актілі ба­леті қуантты. Спектакль уақыт ағымы және оны адамның ақыл-парасатпен қабылдауы туралы философиялық тол­ғамға құрылған, мұнда әртістердің үш жұбы адам­ның өмір жолының түрлі кезеңін бейне­лей­ді. «Астана Операдағы» балет кеші әдет­­тегідей керемет өтті. Нөмірлер өте тама­ша орындалды, труппа мінсіз техни­ка­­ны, қозғалыс мәнерлілігін, керемет әр­тіс­­тік­ті және музыкалық шеберлікті көрсетті. Ал ұлттық нөмірлер әсер ет­ке­ні сөзсіз», дейді көрермен Жамал Нұр­қа­йы­мова.

Еске сала кетейік, бұл кеш «Опера­лия – 2025» фестивалі аясындағы соңғы балеттік іс-шара және балет труппа­сын жазғы демалыс күтіп тұр. Ал 12–13 шілдеде «Астана Опера» сахнасын­да ха­лық­аралық фестивальды әрі XII театр­лық маусымын түйіндейтін Дж.Пуч­чинидің «Турандот» әйгілі операсының ауқымды қойылымы ұсынылады.