
Спикердің айтуынша, БЕЖ-дің қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Қазіргі уақытта жүйе ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан жан-жақты тексеріліп жатыр. Бұл жұмыс ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық қызметі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жүргізеді. Жүйе пилоттық режимде іске қосылып, оның барлық тетіктері нақты жағдайда сынақтан өтіп жатыр.
«Пилоттық жобада біз бәрін сынап көреміз, кемшіліктерді ескереміз. Бұл өнеркәсіптік пайдалануға берген кезде жүйе ақаусыз жұмыс істеуі үшін жасалуда», деді Тұрғанбаев.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, БЕЖ серверлері еліміздің ішінде орналасады. Бұл азаматтардың жеке деректерінің сыртқа кетпеуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, БЕЖ тек қажетті сәтте ғана мемлекеттік дерекқорлармен байланыс орнатады. Мысалы, егер пайдаланушының ЖСН-і арқылы оның борышкерлер тізімінде бар-жоғы тексерілсе, жүйе тек сол нақты ЖСН бойынша ғана сұрау жібереді.
Тіркеу кезінде пайдаланушы ЖСН мен телефон нөмірін енгізіп, SMS-код арқылы жеке басын растайды. Кейін екінші кезең – биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі. Мұндай жүйе бөгде адамның атынан тіркелуді болдырмайды және ең алдымен кәмелетке толмағандардың құмар ойындарға қатысуына тосқауыл қоюға бағытталған.
Әділет Тұрғанбаевтың айтуынша, арнайы құрылған мемлекеттік оператор БЕЖ-дің қауіпсіз әрі әділ жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл жүйе ойын бизнесіне қатысушылардың деректерін қорғап қана қоймай, олардың құқықтарын сақтауға да бағытталған.
«Мысалы, біз адамның борышкерлер тізімінде бар-жоғын тексерген кезде, бүкіл базаны – яғни 3-4 миллион адам туралы мәліметті – жүйемізге жүктемейміз. Бұл – мүлде мүмкін емес. Жүйе адамның ЖСН-ін енгізгенде ғана нақты сұрау жібереді. Яғни, «бұл адам базада бар ма?» деген сұрақ жолдаймыз. Егер «иә» деген жауап келсе – біз ол адамға аккаунт ашуға рұқсат бермейміз, ол бәс тігуге құқылы болмайды», деді Әділет Тұрғанбаев.