Адамдар алғаш рет өнім айырбастай бастағанда, ортақ бағалау өлшемінің жоқтығы қисапсыз қиындық тудырды. Әр тайпа өзінше саудаласты. Тіпті бір тауарды екіншісіне ауыстыру үшін бірнеше адамның алдынан өту қажет болды. Айталық, 1873 жылы Африканы аралаған еуропалық саяхатшы Верни Камеронның жазбасы өте қызық:
«Қарапайым қайық алуым қиямет болды. Ибн-Хабибаның адамы пілдің сүйегін сұрады. Ол менде қайдан болсын? Пілдің сүйегі Ибн Салиб дегенде бар екен. «Айырбастайық» деп едім, матаның орнына ғана беремін деп тұрып алды. Енді қайттім? Ақыры мата Мұхаммед Ибн-Ғаріпте бар болып шығып, ал ол мыс сым іздеп жүргені белгілі болды. Бағыма орай сым менде баршылық-тұғын. Сөйтіп оған сым бердім, ол Салибке мата жеткізді, ал Салиб Ибн-Хабибаға піл сүйегін берді. Содан кейін ғана қайықты пайдалануға рұқсат алдым».
Міне, дәл осындай қиындықтар «қарапайым ақша» түрін ойлап табуға әкеліп тіреді. Ол кезде әлемнің әр түкпірінде сауда сан қырлы жүрді. Біреу малмен, біреу астықпен айырбас жасап, қажетін алып жүрді. Бірақ сауда дамыған сайын ең орнықты әрі құнды тауар – бағалы металл екеніне адамның көзі анық жетті. Алтын мен күміс – тозбайды, құнын жоғалтпайды. Таразыда дәл өлшенеді. Сондықтан олар біртіндеп исі адамзат мойындаған әмбебап құндылыққа айналды.
Б.з.д. VII ғасырдың соңында Кіші Азияда тұңғыш металл ақшалар соғылды. Бұл – салмағы мен сапасын мемлекет кепілдейтін дөңгелек құймалар еді. «Монета» атауы Юнона Монета құдайының Римдегі ғибадатханасынан тараған болатын. Этимологиялық тамырына үңілсек, монео – ескертемін, ақыл беремін деген мағынаны білдіреді. Дәл осы жерде б.з.д. 275 жылдан бастап Рим ақшалары жасала бастады. Сол дәуірден-ақ өз монетасын соғу – мемлекет егемендігінің айқын белгісі саналды.
Ақша эволюциясының бастауы тым тереңде жатқанын қазақ даласынан табылған көне теңгелер де дәлелдейді. Ұлттық энциклопедия дерегіне сүйенсек, біздің жеріміздегі ақша мәдениеті әлемдік өркениетпен қатар дамыған. Мәселен, ақ ғұндар іздің заманымыздың I ғасырында-ақ екі бетіне түрлі жазу қашалған теңгелер соққан. Бір жағында пехлеви, екінші жағында түркі-руна жазуы болған. Олар V–VI ғасырлар шамасында сауда айналымына еркін түскен. Енді қазақ халқының негізін қалаған тайпалар Ұлы Жібек жолының бойын мекендегені белгілі. Сондықтан ақша дайындау мен оны айналымға енгізу бұл өңір үшін ерте басталған өмірлік қажеттілік болды. VI–VIII ғасырларда билеуші әулеттердің таңбасы мен рудың рәмізі түсірілген арнайы теңгелер құйыла бастаған. Сырдарияның орта ағысында өмір сүрген тайпалардың қола теңгелері де VI–VIII ғасырдың бірінші жартысына дейін айналымда болған. Бұл ақшада Ашиде әулетінің рәмізі – арыстан бейнесі бейнеленген. Сол дәуірде Суяб пен Тараз қалаларында арнайы теңге соғатын шеберханалар жұмыс істегенін ата тарих анық айтады.
Орыстарда ақша шығару ісі кінәз Владимир мойнына крест ілген кезде жолға қойылды. Ол кезде кінәздіктер өз ақшаларымен қатар түркілерді «теңгесін» де жиі қолданған. «Деньги» сөзінің түп-тамыры осы «теңгеге» тіреледі. Ал ХІІІ ғасырда «рубль» пайда болды. Мағынасы «шабылған», «бөлінген» дегенді білдіреді. Күміс құймалардың бөлінген кесектерін орыстар «рубль» деп атап кеткен.
Ал қағаз ақшаны алғаш ойлап тапқан ел – Қытай. XI–XIV ғасырларда олар империя көлемінде кеңінен қолданылды. Кейін мемлекет дағдарысқа тап болғанда қағаз ақша айналымнан біраз уақыт жоғалды. Батыс Еуропада қағаз ақша Қытайдан әлдеқайда кейін пайда болды. XVII ғасырдағы Англияда айналымның 80%-ын алтын монеталар, 20%-ын банкноттар құрады.
Өнеркәсіптік революциядан кейін экономиканың өсу қарқыны бірден үдеді. Қолда бар алтын-күмістің көлемі бұл қарқынға ілесе алмағандықтан, қағаз ақшаға көшу бүкіл Еуропа үшін табиғи құбылысқа айналды. XVIII ғасырдың ішінде қағаз ақша Еуропаның барлық дерлік елінде пайда болып, XIX ғасырдың соңына қарай әлемдік қаржы жүйесінің негізгі тірегіне айналды.
Уақыт өте қағаз ақша алтынға айырбасталмайтын, дербес валютаға айналды. XIX ғасырда жеке банктердің жеке валюталары толық жойылды. Бірақ сол кезеңнің талай экономисі «жеке ақша» жүйесі экономиканы тоқыраудан құтқара алар еді деген пікірді ұстанды. Дегенмен мемлекет шығарған ақша – негізгі әрі сенімді валюта болып қала берді.
XX ғасырдың екінші жартысында ақша жаңа белеске өтті. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу басталды. Алдымен чек, кейін банк карталары шықты. Бүгінде дүние жүзінде электронды ақша жүйесі қалыптасты. Бұл бағыт алғаш 1970 жылы Францияда басталды.
Қазіргі әлемде айналымдағы ақшаның 80%-ы – банктегі шоттардағы цифрлық жазбалар. Ақшаның өзі көзге көрінбейтін, материалдық пішінсіз құбылысқа айналды. Қазіргі әлемде айналымдағы ақшаның 80%-ы – банктегі шоттардағы цифрлық жазбалар. Ақшаның өзі көзге көрінбейтін, материалдық пішінсіз құбылысқа айналды.
Цифрланудың кернеуі күшейген тұста дүниеге келген жаңа құбылыстардың бірі – биткоин. 2009 жылы Сатоси Накамото деген жасырын тұлғаның жариялаған алгоритмі негізінде пайда болған бұл виртуалды валюта орталық банктерге бағынбайды, оған қандай да бір мемлекет кепілдік бермейді. Блокчейн жүйесінің арқасында әр транзакция әлемнің мыңдаған серверіне жазылып, ашық та қауіпсіз орындалады. Құны кейде күрт өсіп, кейде күрт құлдыраса да, биткоин халықаралық қаржы нарығына төңкеріс жасаған жаңа феномен саналады. Біреулер оны болашақтың ақшасы десе, енді бірі қауіп-қатері тым жоғары цифрлық актив деп бағалайды. Не де болса қазіргі сәттегі ақша эволюциясы үлген өзгерістің алдында тұрғаны анық.