«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автожолдардың ақылы учаскелерінде мемлекеттік тіркеу нөмірлерін әдейі жасырған немесе жалған мемлекеттік нөмір белгілерін пайдаланатын көлік құралдарына бақылауды күшейтті.
Мұндай заңбұзушылықтар көбінесе жол ақысын төлеуден жалтару және автоматты бақылау жүйелерін айналып өту мақсатында жасалады. Алайда мұндай әрекеттер қолданыстағы заң талаптарына қайшы әрі жол-көлік оқиғалары, жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе өзге де төтенше жағдайлар кезінде көлік құралын сәйкестендіруді қиындатады.
Екібастұзда картонға маркермен мемлекеттік нөмір жазып алған жүргізуші ұсталды
2026 жылдың басынан бері республикалық маңызы бар автожолдардың ақылы учаскелерінде мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасырудың, өзгертіп пайдаланудың немесе жалған нөмірлерді қолданудың 1 942 дерегі анықталды.
Ұлттық компания мамандары ақылы жол учаскелерінде тұрақты мониторинг жүргізуде. Осындай құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда барлық материалдар жедел түрде ішкі істер органдарына, оның ішінде патрульдік полиция бөлімшелеріне Қазақстан заңнамасына сәйкес шара қабылдау үшін жолданады.
Ұлттық компания мемлекеттік тіркеу нөмірлері әрдайым таза, анық көрінетін, белгіленген талаптарға сәйкес болуы және арнайы көзделген орынға орнатылуы тиіс екенін еске салады. Оқылмайтын, стандартқа сәйкес келмейтін немесе дұрыс орнатылмаған мемлекеттік нөмірлер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
1 шілдеден бастап электросамокаттарға мемлекеттік нөмір беріледі
Ал жалған немесе қолдан жасалған нөмірлерді пайдалану, сондай-ақ оларды жасыруға арналған құрылғыларды қолдану заңнамаға сәйкес анағұрлым қатаң жауапкершілікке, тіпті көлік құралын басқару құқығынан айыруға дейін әкелуі мүмкін.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасырмауға және ақылы автомобиль жолдары үшін төлемді уақытылы төлеуге шақырады.
Жолдағы тәртіп, жауапкершілік пен ашықтық – барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты қағидаттардың бірі.