Заң • Бүгін, 08:00

Жаңа кодекстің жауапкершілігі неде?

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Жаңа кодекстегі басты жаңалық – қосылған құн салығы мөлшерлемесінің 16% деңгейінде бекітілуі. Сонымен қатар салықтық әкімшілендірудің жаппай жеңілдетіліп, салық санының біршама азаюы да – елеулі өзгерістер санатында.

Жаңа кодекстің  жауапкершілігі неде?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Қарапайым азаматтарға қалай әсер етеді?

Маңызды өзгерістердің бірі – жеке табыс салығының жаңа жүйесі. Жылдық табысы 8 500 АЕК-тен (болжаммен 40 млн теңгеден) асатын адамдар 15% мөлшерінде салық төлейді. Бұған дейін бәріне бірдей 10% мөлшерлеме қолданылатын. Ал фермерлердің табысына бұрынғыдай 70% жеңілдік сақталады.

Зейнеткерлер мен әлеуметтік жағы­нан осал топтарға жеңілдік бар. Бірыңғай зейнетақы жинақ қорынан (БЗЖҚ) төленетін төлемдер енді салықтан босатылады. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік шегерім 882 АЕК-тен 5000 АЕК-ке дейін өсіріледі. Көлік салығы мен мүлік салығында да өзгеріс бар. Қолданыстағы мерзімі 10 жылдан асқан көліктер үшін салық азаяды. Керісінше, құны 75 млн теңгеден асатын автокөлік, 100 млн теңгелік кемелер, қымбат алкоголь мен темекі өнімдеріне және жалпы құны 450 млн тең­геден асатын жылжымайтын мүлікке 10% кө­лемінде қосымша салық салынады.

Төлемдерді төлеу үдерісі жеңілдейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салықтарын мо­биль­ді қосымша арқылы оңай төлей алады. Салық берешегі аз болса, шот бұғатталмайды, төлемді кейінге шегеру де жеңілдейді. Медицина мен білімге де тиімді өзгерістер бар. Дәрі-дәрмек пен медици­налық қызметтерге ҚҚС мөлшерлемесі 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10% болады. Ал мемлекет кепілдік берген медициналық қызметтер мен орфандық ауруларды емдеу ҚҚС-дан мүлде босатылады.

 

Енді бәріне декларация тапсыру міндет пе?

Ұлттық экономика ми­нистрлігі енгізілген түзетулер­дің мақсаты ескі нормаларды жаңарту, қайталанатын немесе ескірген ережелерді алып тас­тау, салық салу жүйесіне нақ­ты, нүктелі тетіктерді енгізу еке­нін хабарлады. Кодекстегі ең маңызды өзгерістердің бірі – же­ке тұлғалардың активтері мен мін­деттемелері туралы деклара­ция тапсыруға міндетті тұлға­лар тізімі кеңейді деген бап. Сарап­шы Дмитрий Казанцевтың ай­туынша, заңна­мадағы бұл тұ­жы­рымдаманың формасы кеңей­гені­мен, шын мәнінде, есеп тап­сыруға тиіс адамдардың саны азаяды.

– Қазір есеп тапсыруға тиіс тұлғалар нақты белгіленді. Бұл тізімге елден тыс жерде жылжымайтын мүлкі, акциялары, авторлық құқықтары мен басқа да мүлкі бар азаматтар кіреді. Ал тек ел аумағында ғана мүлкі мен шоттары бар азаматтарға есеп тапсырудың қажеті жоқ. Шынында, декларация тапсыру басқа мәселе, ал ақшаны бақылау мүлде басқа. Сіз табысыңыздан артық ақша жұмсап жатсаңыз, сізге есеп тапсыр деген ешкім болмаса да, мемлекет оны көреді, салық органдары сұрақ қоюы да мүмкін, – дейді ол.

Демек енді мемлекеттік органдарда ақша аударым­дарыңыз бен кіріс-шығысыңыз­ды ба­қылауға ресми мүмкіндік бар. Сондықтан ерте қуанудың қажеті жоқ. Жаңа түзетулерге сәйкес, ірі сатып алулар мен табыстар бойынша бақылау да күшейеді. Алайда сарапшы бұл тетік бұрыннан бар екенін, тек енді бақылау нақты әрі автоматтандырылған түрде жүргізілетінін айтады.

олол

– Бұрын егер салық органдарына қандай да бір ақпарат керек болса, олар ресми сұрау жіберетін. Енді банктер операция көлемі 20 мың АЕК-тен (78,6 млн теңге) асқан жағдайда автоматты түрде мәлімет беруге міндетті. Яғни акция­ларды үлкен сомаға сатып алсаңыз, банк бұл туралы салық органдарына толық есеп береді. Азамат ретінде қалай табыс тауып, қайда жұмсап жатқаныңыз бәрі ашық болуы керек. Бұл – халықаралық тәжірибе. Мемлекетпен ашық жұмыс істеймін десеңіз, қаржы­лық тәртіпті сақтауға тура келе­ді. Бұрын декларацияны жал­пыға бірдей тапсырады деген түсінік болды. Іс жүзінде көп адам оны толтырмай жатты, ал толтырғандардың өзі көп жағдайда формалды түрде ғана орындап жүрді. Енді мемлекет «кіріс есебін» тапсыруды тек шетелде активі, есепшоты, биз­несі немесе мүлкі бар азамат­тарға ғана міндеттеп отыр. Ел аума­ғынан тыс табыс немесе мүлік болмаса, есеп тапсыру міндетті емес, – деп түсіндіреді сарапшы.

 

Интернет платформа мен криптовалюта

Салық кодексінде алғаш рет «интернет-платформа» ұғы­мы нақты сипатталып, мұн­дай платформаларға салық аген­ті мәртебесі берілді. Енді «Glovo», «Яндекс Go», «Naimi.kz» се­кілді қызметтер жеке орын­даушы­лардың орнына салық төлейді.

– Бұған дейін осындай плат­формалар арқылы табыс тап­қысы келген адам жеке кәсіпкер (ЖК) болып тіркеліп, есеп тап­сырып, салық төлеуі керек болатын. Ал енді платформа са­лықты өздігінен ұстап қалады және есепті өзі тапсырады. Фрилансерге, курьерге немесе таксистке тек ЖК ашу ғана қалды. Бірақ 2026 жылдан бастап тіпті ЖК ашу да талап етілмейді, – дейді Дмитрий Казанцев.

Оның айтуынша, бұл баста­­маның бастамашысы интер­нет платформалардың өздері болған. Себебі олар үшін бұл адамдардың кіруін жеңілдетудің жолы. Салық мөлшері 4%, оның ішінде зейнетақы аударымы, міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру (МӘМС) және басқа да міндеттемелер кіреді. Яғни 4% төлеп, жұмысты жалғастыра беруге болады.

Салық кодексіндегі тағы бір маңызды өзгеріс – цифрлық активтерді, яғни криптовалютаны салықтық реттеу. Бұдан былай криптовалюта арқылы табыс тапқан азаматтар 10% табыс салығын төлеуі қажет. Егер тек криптовалюта сатып алып жүрсеңіз, есепте тек ақпараттық мақсатта көрсетесіз. Бірақ оны пайдамен сатсаңыз, онда міндетті түрде 10% салық төлеуіңіз керек.

Жаңа кодекс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.