
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Отыз жылдан астам уақыт бойы елдік түзілімі жойылып, зәулім ғимараттары, салтанат сарайлары – сауда орталығына, аспұзыл мен құмарханаға, ұлтының тағдыры мен тарихының ұйытқысы болған сана құты – кітапханалар мен тарихи үйлер, мысалы, Семейдің «Семей» атты бас қонақүйі – «Семипалатинск» деп өзгертіліп, өзгелері көлденең көпестердің кеңсесі мен сыраханасына, ар-ождан, рух нысанасы болған, Алаштың тәуелсіздігі жарияланып, ақ туы желбіреген қасиетті Алаш кеңсесі – монастрьге айналған киелі ұяның, сондай-ақ бағзы заманнан бастап «ақтабан шұбырындының» табы қалған жерлердегі үйінді тастардың жермен-жексен болып, күлтөбе құрлы белгісі қалмаған «сормаңдай Семейдің» (халықтың қойған атауы) және еңсесі басылып, телімге түскен Алтай, Тарбағатай, Шыңғыс тауларының тағдыры – менің де жанымды жанұшырта қинайды.
Осыншама толқынды, тегеурінді мәселелердің ішінен ұлтымыздың ар-ожданы, ақыл-ойы, рух қормалы Абайдың тағдыры мен танымына, қазақ ұлтының рухани ой бесігіне қатысты бір мәселеге тоқталғым келеді. Біз Абайдың өмірі мен таным ізін өшіретін ең талмауытты масқараға жол бердік.
Ол масқараның мәнісі мынада. Тура 1997 жылы, кезінде Абай «дүние мен ғылым есігін ашқан», Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Р.Марсеков, Х.Ғаббасов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Ж.Аймауытұлы, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ш.Айманов, тағы да басқа ұлт зиялылары мен мұқым семейлік шәкірттер білімге сусындаған Семейдегі Н.В.Гоголь атындағы кітапхана ғимараты салынды тағдырға ұшырап, сатылып кетті. Демдерінің лебі қалған сөрелер мен көз нұры тамған кітаптар қоқыс бөлмеге қатталып, дымқыл шалып, заман дертіне ұшырады. Оның үстіне облыс тарап, Семейдің шаңырағы ортасына (тура мағынасында) түсті.
Әдепсіздердің елдің, Абай елінің, Семей өңірінің атынан сөз айтуға құқы жоқ. Міне, солар қасиетті кітапхана ғимаратын, сол арқылы бүкіл қазақ рухы ұялаған ұяны да сатып жіберді. Бұрынғы Семейдің сүлдері ғана қалды. Абайдың 150 жылдық мерейтойында ЮНЕСКО мінбесінен айтылған мадақ пен марапат, қазақтың ар-намысы, ожданы, тарихи жады сұқсыр ниеттің жемтігіне айналды. Қазіргі Мәңгілік ел көшесіндегі 22-үйдегі кітапхананы іздеген жұрт, қазақ руханиятының қормалы болған ғимараттың орнын сипап, Абайды еске түсіретін орын таппай, мәңгіріп қалды. Ал Абайдың өмір тарихы мен таным тарихын кітапханасыз қалдыру ақынның өкпе-бауырын қолқасымен қоса суырып алғанмен бірдей.
* * *
Егер қала тарихына үңілсек, XIX ғасырдың екінші жартысында Семей шаһары қазақ даласындағы рухани ордаға айналды. Абай өмір сүрген 1845–1904 жылдар мен Михаэлис жер аударылып келген 1869 жылдар аралығында Семейде 1883 жылы Санақ комитеті үйінде ашылған жалғыз кітапхана болған. Бас кітапханашы – белгілі өлкетанушы, этнограф, публицист Н.Я.Коншин еді. Бұл кітапхана – хакім Абайдың дүниетанымын кеңейтіп, әлемдік әдебиетпен табысуына себепкер болды.
Табиғатындағы әр нәрсеге құлшына кірісетін, бір берілсе, құлай берілетін мінезімен Абай басқа бір әлемге құмарлана ұмтылады. Бар ықыласы білімге ауады. Медреседегі Шығыс классиктері мен ойшылдарының, дін ғұламаларының іліміне сусыны қанған соң, қалалық кітапханаға көңілі ауып, оның тұрақты оқырманы болады. Бұл тұңғиық жол оны Нұркенің оқыған қызының нәзік сүрлеуімен қиыстырады. Сөйтіп, 1879 жылдың қысы, 1880 жылдың көктемін қалада өткізеді. Болыстық Ысқаққа көшкен соң, ел ісінен де суына бастайды. Қаладағы мазмұнды күндерінен жұбаныш тапқан Абай, арпалыспен өткен жылдарына өкініп:
Өкінішті бар өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп, – деген ойға келеді.
Сондай сәтті, сұранысты күндері кітапханаға келіп, Толстойдың бір кітабын сұрайды. Қыр қазағының тілегіне таңғалған ақ кіре бастаған қаба сақалды орыс азаматы: «Толстойдың кітабы сізге неге керек?» деп таңдана сұрайды. Абай Толстой мен сол жылдары орыс қоғамында үлкен пікір аңысын тудырған «толстойшылдық ағым» туралы білгісі келгенін айтады. «Содан екеуі кітапханадан бірге шығып ұзақ әңгімелеседі. Артынан жақын таныс, сыйлас, тату адамдардың һаліне жетеді» (М.Әуезов).
Бұл адам Абайға: «Менің дүниеге көзімді ашқан – Михаэлис» дегізетін Петербург университетінің жаратылыстану факультетінің студенті, патшаға қарсы қозғалысқа қатысқаны үшін Семейге жер аударылып келген Михаэлис еді.
«Михаэлистің айтуы бойынша Абай кітап оқуды тәртіпті ретке келтіріп: көркем әдебиет, сын, фалсафа, тарих, табиғат ғылымдары, әлеуметтік әдебиеттер деп жүйелеп, белгілі бір мақсатпен іріктеп оқитын болады. Зиялылардың арасындағы таныстар мен пікірлестері де көбейіп, Гросс, Долгополов сияқты ғалымдармен етене араласып, «жаңа бір дүниенің көкжиегі ашылады. Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков-Щедрин, Достоевский, Белинский, Добрлюбов, Писарев, Чернышевскийдің шығармаларын таңдап, талдап оқып, пікір алысатын деңгейге көтеріледі. Гете мен Байронға, Мицкевичке назар салады. Жазда қырға шыққанда солардың кітаптарын ала кетеді. Сол 1880–1881 жылдардың мөлшерінде Лермонтовтың «Кең жайлау – жасыл бесік жас балаға», «Бородино» атты өлеңдерін қазақшаға аударады. Өзі де сол жылдары «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» атты өлеңдерін жазады. Бұл оның өлеңді өнер деп түсініп, бет бұра бастаған кезі еді. Екінші қыста, Спенсер, Луис, Дарвин сияқты Еуропа оқымыстыларына ауысады. «Әсіресе Дрепердің «Еуропаның есею тарихы» деген философиялық еңбегін ден қоя оқиды (М.Әуезов).
Бұл туралы Американың саяхатшы ғалымы Дж.Кеннан 1891 жылы Нью-Йоркте және Лондонда қатар шыққан, кейін дүниені аралап кеткен өзінің «Сібір және жер аудырылу» атты атақты кітабында Абай Құнанбайұлының (Кононбайдың) білім деңгейінен мағлұмат беретін маңызды дерек бар. Саяси жер аударылғандардың хал-аһуалымен танысу үшін Дж.Кеннан Семейде 1885 жылы, шамамен 14–19 шілде аралығында болған. Губернатор Цеклинский оған қалада саяси қуғынға ұшырап, жер аударылып келген қырыққа жуық адамның бар екенін және олардың өте сауатты, зиялы, империяға пайдалы адамдар екенін айтып беріп, оны кеңсе қызметкері Лобановскиймен таныстырады. Лобановский өз кезегінде Дж.Кеннанды саяси мәтіппен жер аударылғандармен таныстырады, қазақ ауылын көрсетеді. Содан кейін губернатордың кеңсесінде қызмет ететін «өте талантты жас ғалым, антропология мұражайын ұйымдастыруға талпынып жүрген Леонтьевпен» жүздестіреді. Өзара тіл табысқан соң, оның өте білімқұмар екеніне тәнті болады.
Содан кейін Дж.Кеннанды саяси сенімсіздермен сұқбаттастыру үшін Леонтьев жеке пәтерде арнайы кеш ұйымдастырады. Әңгіме кітап пен кітапхана туралы болғанда, Леонтьев оған мынадай деректі айтып береді. Ол әңгіме туралы Дж.Кеннан өзiнiң атақты еңбегінде: «Менің қойған сұрағыма байланысты, Леонтьев маған Ceмей кітапханасының тарихы туралы айтып берді. Ол:
– Кітапхана тек қана саяси жер аударылғандар үшін ғана үлкен игілікті іс атқарып отырған жоқ, сонымен қатар ол қала тұрғындарының ой-өріс тіршілігіне де жан бітірді. Тіпті қазақтар да (Түпнұсқада: қырғыздар да – Т.Ж.), – деді ол, – ара-тұра оның қызметін пайдаланып тұрады. Мен бір білімді қазақтың қариясын (старика-киргиза) білемін, оның аты-жөні Ибрагим Құнанбай (түпнұсқада – Ибрагим Конобай), ол кітапханаға тек қана келіп қоймайды, сонымен қатар ондағы Бокль, Милль және Дрэпер сияқты авторлардың да кітабын оқиды.
– Сонда сiз, – деп дауыстады бір студент, – Семейде Милль мен Дрэпердің шығармаларын оқитын кәрі қазақ тұрады деп айтқыныз келiп тұр ма?!
– Иә, дәл солай, – деп сеніммен қасқая жауап берді Леонтьев. – Мен оны алғаш көргенімде, оның менен: индукция мен дедукцияның арасындағы айырмашылықты сұрағаны қатты таңғалдырды. Кейіннен көзім жеткеніндей, ол шынында да, ағылшын философиясын жақсы біледі екен және содан кейін мен атаған кітаптардың барлығының да орыс тіліндегі аудармасын оқып шығыпты.
– Сiз ол оқығандарының бәрін түсінді деп ойлайсыз ба? – деп сұрады әлгі студент.
– Мен екі кеш бойы одан Дрэпердің «Еуропаның ақыл-ойының дамуы» атты шығармасы бойынша емтихан алдым, – деп жауап берді Леонтьев, – шындығын айтуым керек, ол мұны өте орнықты түсініпті.
– Менің назарымды мына мәселе аударды, – дедiм мен, – кітапханадағы кітаптардың көпшілігі, соның ішінде ағылшын ғалымдарының шығармалары цензураның бақылауынан өтсе де, қолға беруге тыйым салынған еңбектер екен.
– Неге бұлай: әуелі кітапты оқуға рұқсат береді де, артынан тыйым салады?
– Біздің цензурамыздың ұстанымы өзгеше, – деді жер аударылғандардың біреуі, – сіз мынаны қалай түсіндірген болар едіңіз: мысалы Адам Смиттің «Адамзат байлығы» сияқты кітаптарға тыйым салынған, ал, Дарвиннің «Тектердің тарихы» мен «Адамзаттың шығу тегі» атты шығармаларына рұқсат берілген. Соңғы шығармалар алдыңғысына қарағанда әлдеқайда қауіпті емес пе» [Кеннан Дж., 1 т., Б198-199], – деп жазды.
Міне, Леонтьевтің Дж.Кеннанға айтып берген бұл дерегі ілгеріде айтылған Абайдың Михаэлиспен кітапханада кездесуін еске түсіреді. Абай кітапханада Михаэлиспен танысты ма, жоқ, Леонтьевпен танысты ма, қайсысы шындық, әлде екеуiмен де кітапханада кездесті ме, оны анықтау – басқа әңгіменің арқауы.
Ал үзіндіні ұзақ келтіруіміздің себебі, бірінші, мұнда Семей кітапханасының кітап қоры туралы толық мағлұмат келтірілген. Сондай-ақ аталған кітаптарды Абайдың оқығандығынан немесе оқуы мүмкін екендігінен хабардар етеді. Үшінші, бұл – Көкбай сияқты молдалардың өзі айтып берген, Абайдың Дарвинді ден қойып оқығандығы туралы естелігінің растығын бұлжытпайтын бір дәлел болып табылады.
Ал Абай тура сол күндері, яғни Джордж Кеннан Семейге келгенде, Шар өзені бойындағы Қарамола сиязына төбе билік етіп қайтып, іле соңынан жазылған арыз-шағымдарға байланысты тергеу астында жүрген еді.
Бұл кітапхананың кітап қоры және соғыстан кейінгі күтімсіз күйі туралы белгілі ғалым Қ.Мұхамедханұлы 1947 жылы 27 қарашада ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының басшысы Қ.Сәтбаевқа жазған:
«Сізге Семей қаласындағы кітапханалардың сапасы төзбестік аянышты халін аз сөзбен баяндап өтуді мақұл көрдім.
1. Гоголь атындағы кітапхана...» деп басталатын хатында арап һәрпімен жазылған көптеген сирек қолжазбалар мен кітаптардың талан-таражға түскенін баян етіп, бұл кітапхананың маңызын атап көрсете келіп:
«Қазіргі кезде Семей қаласындағы Абай атындағы әмбебап-ғылыми кітапхананың сирек басылымдарының алтын қорын құрап отырған: Пушкин А.С. Сочинения. СПБ., 1887; Толстой Л.Н. Сочинения. М., 1889; Уэвелль В. История индуктивных наук. СПБ., 1867; Сочинения Платона. СПБ., 1863; Байрон Сочинения. СПБ., 1884; Херасков М. Эпические творения. ч.1.-М., 1786; ч.2. 1787; Кантемир А.Д. Сочинения. СПБ., 1868; Спенсер Г. Основания психологии. СПБ., 1876 Даль В.И. Сочинения. 1883; Беккер К. Всемирная история. СПБ., 1846; Карамзин Н.М. История государства Российского. СПБ., 1845; Илиада Гомера.-/ Пер. Гнедича Н. СПБ., 1829, тағы басқалары – соның айқын айғағы. Бұл кітаптар XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген, әлемдік мәдениеттен шалғайдағы қазақы ауылдың төл перзенті Абай Құнанбайұлының білімге құмарлық шөлін басқан рухани бұлақ бола алды... Семейдің қоғамдық кітапханасының орыс және әлем әдебиеті классиктері шығармалары, әртүрлі ғылым салаларынан кітап қоры мол. «Вестник Европы», «Русский вестник», «Русская мысль», «Исторический вестник», т.б. Ресей мерзімді басылымдарын алып отырған сол замандағы Сібір кітапханаларының ішіндегі ең бай кітапхана», деп Семей кітапханасының Абай ғұмырнамасы мен шығармашылық зертханасының қалыптасуында аса маңызды орын алатынын, оны сақтап қалудың ұлт руханияты үшін құрметті парыз екенін, кітпапхана үйін қалайда күрделі жөндеуден өткізу қажеттігіне назар аударады.
Бұл ғимарат Абай кітап оқыған жай ғана жағырапиялық нүкте, мекен-жай емес, қазақ руханиятының алыбы Абайдың Абай болып, ұлт тұлғасы ретінде қалыптасуына әсер еткен руханият мектебінің киелі мекені. Кезінде Гоголь атын иеленіп, кейіннен Абайдың аты беріліп, басқа ғимаратқа көшірілген, Семей қаласындағы Мәңгілік ел көшесіндегі 22-үй тоқсаныншы жылдары «ЦентрКредит банкке», одан үшінші қол арқылы жеке меншікке сатылып кеткен (қазір онда татар өнер мектебі орналасқан). Ал осы ғимаратты қайтару туралы қозғау салына бастаған тұста, яғни 2020 жылдың 31 қаңтарындағы №1 келісім (договор) бойынша «Қазақстан Республикасындағы Татарстан Республикасының толық өкілетті уәкілдігі» «жылжымайтын бұл мүлікті» ешқандай несиесіз (безвозмедно) «Татар өнер мектебіне» («КГКП «Татарская школа искусств) пайдалануға берген» бұл кітапхана – ұлтымыздың рухани тарихының қасиетті ескерткіші. Бұл кітапхана Абайдың рухани университеті болып табылады. Абай – сол білім ордасының мәңгілік оқырманы. Сол ғимараттың маңдайшасына «Абай Құнанбайұлы көп жылдар бойы осы кітапхананың оқырманы болды» деп екі тілде жазылып еді. Халықтың жүрегіне жазылып, жанарына бір ғасыр бойы көзайым болған бұл тақта да өкілетсіз өкілдердің назарына ілікпеді. Ашығын айтқанда, қай әкім, қай басшы кімге, неге, қандай мезіреті үшін сатты? Мұның барлығы заңдық құқық тұрғысынан анықталып, шындық қалпына келтірілуі керек. Татар Республикасы да қазақ руханиятының тарихын жоюға және заңсыздыққа жол бере қоймас.
Кейбір тырнақ астынан кір іздеген адамдар қазіргі татар музыкалық мектебі болып тұрған сол ескі ғимараттың 1902 жылы салынғанын алға тартып, бұл ғимаратта Абайдың болмағанын өзеурей дәлелдеуге тырысып жүргенін байқаймыз. Бұл – елдің көңіліне қаяу түсіретін тірлік. Кезінде Абай сусындаған рухани бастау Семейдің қоғамдық кітапханасы негізінде жасақталды. Абайдың айнымас достары болған сол ескі кітаптар осы кітапхананың сөресіне жайғасты. Ендеше, Абай мұнда болмады деп кім айта алады?
Хакімнің ғазиз саусағы тиіп, көз нұры сіңген сол кітаптар 1930 жылы осы ғимарат кітапханаға айналғанда, сонда көшті. Демек Абайдың табаны тиген Семейдің қоғамдық кітапханасының мұрагері – осы ғимарат. Біз бұл ғимаратты Абай кітап оқыған ғимарат деп санайтын себебіміз осы. Сондықтан бұл ғимаратты Абай орталығы етіп ашу – данышпанның кемел ілімін жастар санасына сіңіріп, руханиятты дамыту жолындағы іргелі қадам болары сөзсіз. Көптің көкейінде жүрген бұл қастерлі нысан сонда ғана өзінің тиісті орнын алар еді.
«Ғылым таппай мақтанба» деген ақынның бар үміті – ғылымды ел болу. Биылғы мерейлі тұста Семей қаласындағы Мәңгілік ел көшесі, 22 мекенжайының тарихи маңызы мен құндылығы бағамдалып, арнайы Абай орталығы болып ашылса, тарих тәпсірінде дұрыс шешім болар еді. Абайдың артына қалдырған мұраларындағы жүрек, қайрат, ақыл ұстанымы қазіргі қазақ қоғамында да өз рөлін жоғалтпақ емес. Ал оның басқан әр ізі де қазақ жұрты үшін қадірлі бола бермек. Жаһандану дәуірінде де Абай қозғаған асыл идеялар ойымызға қайыра оралады. Ендігі біздің міндетіміз – Абай идеяларын заман талабына сай жаңарту һәм жүзеге асыру.
Соңғы бес жылда Семей өңірін серпілтіп тастайтын, елдің қуанышы мен жұбанышына айналған екі айтулы, үмітті оқиға болды. Біріншісі – облыстың қайта ашылуы, екіншісі – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Семей қаласын қазақтың тарихи-мәдени астанасына айналдыру туралы айтулы ұсынысы. Бір ұлттың тарихи-мәдени астанасы болу – сол мемлекеттің қасиетті мекеніне айналу деген сөз. Ал соған сай болу үшін туған қаламызды қасиеттендіру бағытында не істеліп жатыр? Өзгені былай қойғанда, Абайға қатысты бұрынғы Гоголь атындағы кітапхана қайда? Маңдайға басатын бірден-бір тарихи ғимарат емес пе еді? Алаш үкіметі жарияланған ғимарат қайда? Ұлттық тәуелсіздігіміздің киелі шаңырағы емес пе еді ол? «Абай жолы» романында суреттелген тарихи ғимараттар сақталды ма, сақталса қайда және қандай жағдайда?
1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығы мерейтойы кезінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, С.Торайғырұлы, Ж.Аймауытұлы, ең соңында М.Әуезовтің өзі Кәмилаға үйленгеннен кейін тұрған, «Қаракөз» пьесасы мен әңгімелері жазылған бұрынғы «Академик Павлов атындағы көшедегі
4-үйді» (сол кездегі мекенжайы) дегдар Қайым Мұхамедханов арнайы апарып көрсетіп еді. Терезе жақтаулары, төбе жиегі ағашпен өрнектелген үй болатын. Жанығып жүріп мұражай жасау туралы Үкімет қаулысына енгізіп ем. Қаулы қабылданды. Бірақ қаражаттың қиын кезінде «Алаш ардагерлері» мұражайы Ә.Молдабаевтың үйіне жасақталды. Дәл қазір бір үйді ауласымен қосып сатып алуға үкіметімнің қауқары жетеді ғой.
Тарихи-рухани ескерткіш ретінде күтім тілеп тұрған ғимарат – Тінібай мешіті. Бұл мешіттің табалдырығында Құнанбай, Тәттімбет, Кемпірбайдан бастап Абай мен Шәкәрімнің, Әлекең-Әлихан Бөкейхан бастатқан Алаш дегдарларының – Ақаңның-Ахмет Байтұрсынұлының, Жақаңның-Міржақып Дулатұлының, Мұхамеджан Тынышбаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, Райымжан Марсековтің, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытұлының, Қаныш Сәтбаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Әлкей Марғұланның, ең соңғы тұяқ Қайым Мұхамедханов табанының ізі жатыр. Ал Абай пайдаланған, аңызға айналған Гоголь атындағы кітапхана әлдебір көпестің қолында. Оны қайта өңдеп, өзгертуге кезінде жұрт қарсы болып тоқтатқан еді. Қалайда қолдан жасанды көсем, жасанды шешен, жасанды көше, жер аттарын жасамай, тозған ескі Семейді – қасиетті қарт Семейді қалпына қайта келтірудің қамына шұғыл әрі табанды түрде кіріскен лазым. Ол үшін жекелеп емес, мұқым Семей қаласындағы тарихи орындарды анықтап, тізімге алып, тарихи сипаттама жасап, пәрменді шешім шығара алатын мемлекеттік дәргейі бар арнайы комиссия құру қажет. Сонда ғана әркімнің жалған жаласы мен сылтауына, бұлтағы мен бұқпантайына жол берілмейді.
Қату да, бату да айтылған тұстар болса, көңіліңе алма, ағайын, ғафу ет. Бірақ шын сөзім, жан сөзім осы.
Туған жердің осындай тағдыры әкімдік емес, перзенттік ар-намысын оятып, ұлан-ғайыр еліңе үндеу тастаған әлеуетті әкім Берік Уәлиұлының салауат-сауынына, сол елдің бір перзенті ретінде өз мамандығыма сәйкес осы рисала арқылы үн қосқым келді.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы-ғалым