
Бүгінде құрылыс саласы экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі ретінде мемлекетіміздің қуат алуына орасан зор үлес қосып отыр. Алайда құрылыс жобаларын тиімді жүзеге асыру – тек қаржы мен материалдық базаға емес, жобаларды басқару мәдениетіне, экономикалық, ұйымдық-құқықтық тетіктердің жетілдірілуіне де тікелей байланысты. Өкінішке қарай, осы жүйедегі олқылықтар құрылыс саласындағы басқару деңгейінің төмендеуіне түркі болып келеді.
Қазіргі таңда қала құрылысы мен құрылыс қызметі бірнеше оқшау нормативтік актілермен реттеледі. Атап айтқанда, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заң, техникалық регламенттер, құрылыс нормалары мен ережелері, стандарттар, Үкімет қаулылары мен орталық уәкілетті органдардың актілері бар. Алайда осы заңнамалық кеңістіктегі әркелкілік, бірізділіктің жоқтығы саланың жүйелі дамуына кедергі келтіріп отыр. Сонымен қатар қолданыстағы құрылыс нормалары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмейді. Ал жергілікті басқару органдары мен құрылыс компанияларының заң талаптарын сақтамауы – жиі кездесетін жайт.
Осы қажеттілікті ескере отырып, 2022 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылыс кодексін әзірлеу туралы тапсырма берді. Содан бері кодекс жобасын қалыптастыру мен пысықтау мақсатында үлкен жұмыс жүргізілді. Кодекс тек бір саланың емес, тұтас ұлттық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасының болашағына жауап беретін құжат ретінде бағаланды.
Жоба Мәжіліске алғаш түскен кезде оның мазмұны әлі де пісіп-жетілмеген, толыққанды жүйелік құжат деңгейіне жетпеген еді. Құқықтық олқылықтар, қайшылықты нормалар, шала тұжырымдар көп болды. Дегенмен Мәжіліс қабырғасында түйткілдермен бетпе-бет келгенде үлкен жұмыс басталды. Жұмыс топтарында депутаттар мен мамандар, сарапшылар мен қоғам өкілдері нақты ұсыныстарын білдіріп, жобаға өмірмен үндес мазмұн қоса түсті.
Құрылыс заңнамасын біріктіру мен жүйелеу арқылы жүзеге асатын кодификация бүгінгі таңда ушығып тұрған мынадай түйткілдердің шешімін табуға негіз бола алады: сапасыз құрылыс жұмыстары; бірыңғай жоспарлаудың болмауы; жол қозғалысы ережелері мен бас жоспарға сәйкес келмейтін заңсыз нысандардың салынуы; рұқсат беру рәсімдерінің заңсыз жүргізілуі; жер телімдерінің мақсатсыз пайдаланылуы; инфрақұрылым қуаттарының тапшылығы мен қолданыстағы желілердің шамадан тыс жүктелуі; қысқамерзімді пайда көздейтін фирмалардың нарыққа кедергісіз енуі; хаотикалық құрылыс пен жасыл аймақтардың жойылуы; қалалардың тарихи келбетін бұзу; заңнамалық ережелердің түсініксіздігі мен көптігі; бақылаудың әлсіздігі мен жауапсыздық.
Мәселен, жобалық құжаттаманы сараптау мен құрылыс барысын бақылау жүйесі заман талабына сай емес. Құжаттарға үстірт көзқарас, техникалық қадағалаудың жеткіліксіздігі, әкімшілік рәсімдердің ашықтығының болмауы құрылыс сапасына кері әсер етіп жатыр. Бұған қоса жобалаушы, мердігер, техникалық қадағалаушы сынды қатысушылар арасындағы жауапкершіліктің нақты бөлінбеуі де мәселені күрделендіре түсті.
Осы түйткілдердің шешімі ретінде әзірленіп отырған Құрылыс кодексі құрылыс саласының заңнамалық тұғырын бекітетін жүйелі, іргелі құжат болуға тиіс. Кодекс нормаларды бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, саланың ашық, әділ және барлық тарапқа ортақ жұмыс ережелерін қалыптастырады.
Бұл кодексте заңнаманы жүйелеу, қайталанатын және өзара қайшы келетін нормаларды жою, құрылысты басқаруда цифрлық тетіктерді енгізу, сала қатысушыларының жауапкершілігін арттыру, қауіпсіздік пен энергия тиімділігінің озық стандарттарын заң жүзінде бекіту мақсаты басты орынға қойылған.
Кодекс құрылыс объектісінің бүкіл өмірлік циклын қамтиды. Яғни бастапқы құжаттаманы әзірлеуден бастап жобалау, құрылыс жүргізу, пайдалануға беру және тіпті оны бұзу кезеңіне дейінгі барлық рәсім қамтылады. Әкімшілік рәсімдер Бірыңғай цифрлық кеңістік аясында жүзеге асырылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, мерзімдерді қысқартып, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Саладағы жауапкершілікті нақты бөлу – Кодекстің басты тіректерінің бірі. Жаңа жүйе аясында жобалаушы жобаның дұрыстығына, мердігер орындалған жұмыстың сапасына, техникалық қадағалаушы бақылаудың дұрыстығына дербес жауап береді.
Сонымен қатар Кодексте техникалық реттеу мәселесіне де жаңаша көзқарас ұсынылған. Қауіпсіздіктің міндетті талаптарымен қатар, тиімділігі дәлелденген жағдайда баламалы жобалық шешімдер мен заманауи материалдарды қолдануға мүмкіндік беріледі. Бұл «жасыл құрылыс» пен энергия үнемдейтін технологияларды және экологиялық шешімдерді енгізуге жол ашады.
Сейсмикалық қауіп аймақтарында заманауи оқшаулағыш жүйелер мен инженерлік шешімдерді қолдану арқылы халықаралық стандарттарға сәйкес сейсмикалық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Бүгінде Қазақстан аумағының үштен бірі сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймаққа жатады.
Саланы цифрландыру Кодекс жобасында айрықша маңызға ие болмақ. Жобалауға дейінгі дайындықтан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық үдеріс цифрлық кеңістік арқылы қадағаланады. Құрылыс барысында техникалық қадағалау, авторлық бақылау, қабылдау актілері және орындалған жұмыстар бойынша төлем секілді кезеңдер онлайн түрде бақыланады. Сонымен қатар осы платформада құрылыс саласындағы мамандарды сертификаттау және оларды тіркеу рәсімдері де автоматтандырылмақ.
Жобалау сапасын арттыру мақсатында құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу – BIM технологиясы міндетті түрде қолданылады. Яғни жобалардың сапасын арттырып қана қоймай, құрылыс барысының ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қалаларды дамытуда да жаңаша тәсіл енгізіледі. Бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының талаптары күшейтіледі. Енді кез келген құрылыс бастамасы әлеуметтік инфрақұрылымның мүмкіндіктеріне, көлік жүйесіне, халық тығыздығына және жасыл аймақтардың сақталуына қарай жоспарланады. Мұндай жаңаша көзқарас қалалардың жүйесіз өсуіне жол бермей, үйлесімді және орнықты дамуына негіз болады.
Қысқасы, Құрылыс кодексі салалық заңнаманы жүйелеу құралы ғана емес, сапаға, қауіпсіздікке, цифрлық тиімділікке негізделген басқарудың жаңа философиясын ұсынады. Урбанизация, халық санының өсуі және өмір сүру сапасына қойылатын талаптардың артуы жағдайында бұл құжат – еліміздің сәулеттік келбетін айқындайтын, заманауи инфрақұрылымды қалыптастыратын және азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартатын маңызды тетікке айналады.
Мәжілістегі жұмыс топтарының жұмысы әдеттегі формалдылықпен шектеліп қалған жоқ. Әр ұсыныс, әр пікір кеңінен талқыланды, нақты мысалдармен негізделді. Құрылыс саласындағы нақты проблемаларға қанық депутаттар әр өңірдің ерекшелігін ескеріп, бірқатар маңызды түзету енгізді.
Ендігі кезекте жұмыс топтарының алдында тұрған басты міндет – Құрылыс кодексін мейлінше толықтырып, саладағы нақты қажеттіліктер мен қоғам сұранысына бейімдеу. Осылайша, құжаттың әр тармағы нақты істе іске асатын, тиімді шешімдердің негізіне айналмақ.
Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты