
Сұрапыл соғысқа Сыр өңірінен мыңдаған азамат аттаныпты. Оқ-жалыннан аман оралғандары елге келіп, қираған тіршілікті қалыпқа келтіруге тырысты. Солардың бірі кезінде жау тылына тереңдей еніп, талай қауіпті сапардан аман оралған Давид – Дәуітбай еді. Еңгезердей қазақ баласының ерлігіне сүйсінген қаруластары оны «партизан Давид» атандырыпты.
Қазір майдангерлер өмірін зерттеп жүрген жергілікті өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы майдангер Дәуітбай Байдәулетовтің 1917 жылы Перовск уезі Кеңтүп болысында дүниеге келгенін жазады. Өлкетанушының дерегінше, партизан тұрған Қоғалыкөл ауылының өзінен 600-ден аса адам майданға аттаныпты. Алғашқы лекте барған Дәуітбай жау тылына тұтқиылдан шабуыл жасап, дұшпанға үлкен шығын келтірген атақты С.Ковпак бастаған партизандық қозғалыстың өкілі атанған екен.
Жерлесіміздің жанқиярлық ерлігі белгілі журналист Л.Монастырскаяның осыдан он шақты жыл бұрын «Прикаспийская коммуна» газетінде жарық көрген «Ратный подвиг казахстанцев» атты мақаласында да аталып өтіледі. «В партизанском соединении дважды Героя Советского Союза Сидора Артемьевича Ковпака, совершившего пять боевых рейдов по глубоким тылам врага общей протяженностью более 10 тыс. км, в том числе от Путивля до Карпат, в борьбе с оккупантами неоднократно отличался казах Д.Байдаулетов из Кзыл-Ординской области. За проявленное мужество в пяти крупных операциях в 1942 г. 17 марта 1943 г. он был награжден медалью «Партизану Отечественной войны» I-й степени, а за отвагу в последующих боях Указом Президиума Верховного Совета СССР от 5 января 1944 г. он награжден орденом «Отечественной войны II-й степени» деген жолдар Сыр бойынан барған азаматтың соғыс соқпағын суреттейді. Осы мақалада партизандар құрамында өзге де қазақстандық сарбаздармен бірге қаншама қауіпті тапсырманы тап-тұйнақтай орындап, соғыста ерлігімен ерекшеленген қазалылық Рысмағамбет Ибрагимов туралы да жазылыпты.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер жайлы «Бесарықтан Берлинге дейін», «Қоғалыкөл қаһармандары» атты қос кітап шығарған өлкетанушы соғыс басталғанша Путивль қалалық атқару комитетінің төрағасы болған С.Ковпак бастаған партизандар 26 айлық күресте Украинаның, Ресейдің, және Белоруссияның 18 облысын басып өтіп, он мың шақырым жол жүргенін айтады. Осы уақыт ішінде 18 мың фашистің көзі жойылып, 62 теміржол эшелоны қиратылады. Жаудың ізін аңдыған батырлар 256 көпір мен азық-түлік, киім-кешек және оқ-дәрі сақталған 96 қойманы, 2 мұнай кәсіпорнын талқандапты. Екі жүз шақырымнан артық телеграф, телефон сымдарын үзіп, 50 байланыс торабын, 500-ге жуық автокөлікті жояды.
1941 жылдың 22 қыркүйегінде №1 бұйрықпен құрылған партизан отряды құрамында небәрі 40-қа тарта жауынгер болыпты. Көп ұзамай олардың қатары көбейе берген. Осы қатардағы партизан Давид-Дәуітбайдың жау құрған талай тұзақтан сытылып шыққан ептілігі, ұрыс қимылдарын ұйымдастырудағы батылдығы қаруластарына үлгі болған екен.
Майданнан кейін туған ауылына оралып, еңбекке кіріскен қаһарман соғыс туралы сөзге сараң болған деседі. Томаға-тұйық ғұмыр кешіп 1978 жылы дүниеден озыпты.
Сын сағатта сынбаған қаһармандар бұрын құрмет төрінен түспейтін. Осы Қоғалыкөл ауылының тұрғындары да Дәуітбай ерлігін дәріптеп, «біз даңқты партизанның ауылынанбыз» дегенді мақтан тұтатын. Бірақ қазіргі ұрпақ арасынан олардың есімін де біле бермейтіндер аз емес. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайтыны рас болса, екі майданда да ерлік танытқан мыңдаған майдангер рухы дәуірлер өтсе де жаңғыра беруі керек.
Қызылорда