
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Бүгінде «Қазсушардың» Түркістандағы филиалы Мақтаарал ауданының шаруаларымен суармалы су беруге 3 223 келісімшарт жасасқан, ал Жетісай ауданы бойынша 1 492 келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта Жетісайда суармалы жер көлемі – 47 332 га, Мақтааралда – 27 255 га.
Одан кейін министр «Машиналық әдіспен су көтеру каналының» жұмысымен танысты. «Қазсушардың» Түркістандағы филиалы нысанды механикалық жолмен тазалауды аяқтап қалды.
«Келісімшарт жасаған су пайдаланушылармен міндеттемелерді орындау үшін каналдар бойынша кезекпен су беру жүргізіледі, ал министрліктің жұмыс тобы мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы су пайдаланудың заңдылығын қатаң бақылауда ұстайды. Сондай-ақ суды келісімшартсыз тұтынғандарға және су жеткізушінің келісімінсіз өсірілетін дақылдардың түрін өзгерткендерге айыппұл қарастырылған. Бірақ диқандар да су үнемдеу технологияларына көшіп, ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егуді азайту арқылы су ресурстарын үнемдеуге өз үлестерін қосуы керек. Мемлекет бұл үшін субсидиялар түрінде барлық қажетті жағдайды жасады», деді министр Н.Нұржігітов.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше биыл Түркістан облысында күріш егу жоспары 3,3 еседен асып кеткен. Суармалы су тапшылығы қаупіне және 4000 га шекті көлемге қарамастан, «Қазсушардың» жергілікті филиалы диқандармен 13 258 га күріш алқаптарын суаруға 1 047 келісімшарт жасасқан. Осыған байланысты филиалдың бірқатар басшысына қатаң сөгіс берілді.
Бұған дейін сала министрлігі еліміздің оңтүстігінде суару кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін арнайы жұмыс топтарын құрған болатын. Бұл топтар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Аталған облыстағы вегетациялық кезең министрліктің бақылауында тұр.