
Фото: azretsultan.kz
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК – республикамыздағы іргелі музейлердің бірі. Музей ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Ясауи ( Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап ХIV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған кесене негізінде Түркістан қаласында 1977 жылы 28 наурызда Қазақ ССР Министрлер кеңесінің №144-Р қаулысымен «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» ретінде ашылды. 2023 жылы 19 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің №415 Жарлығымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына елімізде музей-қорықтары арасында алғашқы болып Ұлттық мәртебе берілді.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы – еліміздің рухани астанасына келушілер үшін маңызды рухани және туристік орын. Тарихи орындарға келушілер саны жыл санап артып, музей жұмысының ауқымы кеңейіп келе жатқанына қарамастан, соңғы жылдары қызмет құны өзгермеген.
2011 жылы қабылданған «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының 140-бабына сәйкес, мемлекеттік қазыналық кәсіпорындардың жұмысы тек бюджет қаржысы есебінен емес, сонымен бірге өз кіріс көздері арқылы да қаржыландырылуы тиіс. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылғы №354 бұйрығына сәйкес, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына ақылы қызметтерден түсетін табыс көлемі жылдық шығынның 30 пайызынан кем болмауы қажет.
Қазіргі таңда музей-қорықта ақылы негізде экскурсиялық қызмет, аудиогид қызметі, фото-видео түсірілім, тарихи-мәдени сараптама жүргізу, ақылы дәріс, лекция, квест, тренинг, т.б. ғылыми-мәдени шаралар өткізу сияқты түрлі қызметтер ұсынылады. Бұл қызметтерден түсетін қаржы музейдің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, ғылыми-зерттеу мен мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады.
Дегенмен көршілес елдермен салыстырғанда елімізде рухани орындарға кіру бағасы едәуір төмен. Мәселен, Өзбекстандағы Самарқан музейіне кіру құны шетелдіктер үшін шамамен 1 640 теңге, ал Мәскеу қаласындағы Кремль музейінің билет құны 7 414 теңгеге дейін жетеді. Қырғызстан Республикасының мемлекеттік музейіне кіру – 1 200 теңгеден асады. Яғни, Қазақстандағы музейге кіру құны ТМД елдеріне қарағанда бірнеше есе арзан.
Осы арада тағы бір маңызды фактор – инфляция деңгейі. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2015 жылдан 2025 жылға дейін елдегі тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасы 2,6 есеге артқан. Музейді ұстауға кететін шығындар орта есеппен 4,6 есе көбейген.
Туризмді дамыту, рухани құндылықтарды ұрпаққа жеткізу үшін музейлердің тұрақты дамуы аса маңызды. Бұл – бүгінгі күннің сұранысы. Бағалардың өзгеруі –музейдің сапалы қызмет көрсетуі мен тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы тиімділігін арттыруға бағытталған қадам.
Осыған орай, Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 4 шiлдедегi № 307-НҚ «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары өндіретін және сататын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес музей-қорыққа кіру билетінің бағасы:
Қазақстан азаматтары үшін – 300-1 000 теңге аралығында
Шетел азаматтары үшін – 1 500-2 000 теңге
Ұжымдық келушілерге экскурсиялық қызмет көрсету – 1 000-5 000 теңге көлемінде белгіленген, деп жазылған «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының арнайы хабарламасында.