Ғылым • Бүгін, 10:20

Ауқымды ізденіс, елеулі еңбек

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Су – жер бетінің ғана емес, жер астындағы да тұрақтылықтың кепілі. Кейінгі онжылдықта жаһандық климаттың құбылуы мен урбанизацияның үдеуі, әсіресе құрғақ континенттерде, жерасты суларын стратегиялық ресурс деңгейіне шығарды. Сондықтан Қазақстанда жасалған «Гидрогеологиялық карталар атласы» сияқты кешенді ғылыми еңбек – елдік қана емес, аймақтық маңызы бар дереккөз.

Ауқымды ізденіс, елеулі еңбек

Сурет: e-history.kz

Бұл Атлас Қазақстанның жерасты сула­рының ресурстарын жүйелі түрде жік­теу­ге және картографиялық бейнелеуге бағыт­талған көп жылғы академиялық және далалық зерттеулердің негізгі нәтижесі. Менің кәсіби пайымымша, Мемлекет­тік сыйлыққа ұсынылып отырған жұмыс Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы жетістік ретінде бағалануға әбден лайық. Ең алдымен, ол – жерасты сулары ресурстарын жүйелі түрде жіктеп, оларды кеңістіктік және уақыттық тұр­ғы­да сипаттауға бағытталған іргелі еңбек. Бұл – классикалық гидро­геологиялық тәсілдер мен заманауи геоақпараттық технологиялардың сәтті үйлесімі. Атлас ондаған тақырыптық карта, көлденең қималар, аналитикалық схемалар мен мәліметтердің жоғары көрнекілікпен ұсынылуы арқылы ерекшеленеді.

Жер қойнауының гидросферасын минералды сулардан бастап геологиялық ортаның экологиялық жағдайына дейін толық қамтитын бұл құрылым, су ресурс­тары секторында жоспарлау, болжау, шешім қабылдау үшін таптырмас құрал болмақ. Қазақстанда су тапшылығы әсіресе елордалық аймақта айқын байқалады. Атласта табиғи ресурстарды басқару мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты ғылыми негізі ұсынылған. Бұл – тек теориялық ізденіс емес, қалалық және шалғай ауылдық аймақтарды сумен қамтамасыз ету, инженерлік зерттеулер жүргізу, апатты жағдайлардың алдын алу секілді практикалық бағыттарда да қолдануға болатын әмбебап шешімдер жиынтығы.

Атластың ғылыми маңызын атап өтер болсам, оның негізгі ерекшелігі – кең ауқымды ұлттық гидрогеологиялық ақпа­ратты біріктіруі және оны жаңа гипотезалар мен болжау модельдерін жасау үшін қолдануға мүмкіндік беруінде. Сонымен қатар бұл жұмыс жоғары білім саласында студенттер мен магистранттар үшін жер­асты су ресурстарын түсінуге арналған бірегей әдістемелік материал бола алады.

Қазақстандық ғалымдар мен инженер-зерттеушілердің жобадағы табандылығы мен кәсіби шеберлігі айрықша құрметке лайық. Олар ғылым мен өндіріс арасын­да­ғы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, гидрогеологиялық білім мен экология­лық жауапкершілікті ұштастырып отыр. Мен халық­аралық сарапшы ретінде «Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталарының атласын» 2025 жылғы Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сый­лық­қа лайықты деп санаймын. Бұл еңбек – Қазақстанның тұрақты дамуына, ғылыми өркендеуіне, зияткерлік егемендігіне қо­сыл­ған шынайы үлес.

 

Рашми Гангаса Уолвекар,

Phd, профессор, халықаралық сарапшы

 

Ұлыбритания 

Соңғы жаңалықтар

Инклюзивті кофехана көпке үлгі

Аймақтар • Бүгін, 10:40

Әлібидің жарқын жеңісі

Жекпе-жек • Бүгін, 09:40

Құтқарушылардың қоныстойы

Құтқарушы • Бүгін, 09:20

Уран өңдеу зауыты іске қосылды

Аймақтар • Бүгін, 09:10

Қоқыс импорттайтын мемлекет

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:50

Төрт жылда бір келетін мүмкіндік

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:40

Бирма жазуының сыры

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Жұмбақ Ницше

Мың бір мысал • Бүгін, 08:25

Заманауи киіз үй

Өнер • Бүгін, 08:05

Экобуккроссинг сөресі іске қосылды

«Таза Қазақстан» • Кеше