
Қызылордаға барған сенаторлар қала әкімі Нұржан Ахатовпен бірге бірқатар қалалық нысанды, оның ішінде Президент саябағын, «Қорқыт ата» аллеясын, Мемлекеттік рәміздер алаңын аралады. Бұл нысандардың аумағы Мемлекет басшысының жайлы қала ортасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында абаттандырылған еді.
Депутаттар жаңартылған көшелерді, бақтар мен көпқабатты үйлердің аулаларын, спорт және ойын алаңдарын, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жаңарған тұрғын үй ғимараттарының қасбеттерін көрді. Кейінгі үш жылда 400-ден аса жоба жүзеге асып, облыс орталығын көгалдандыру мен инфрақұрылымды жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жасалғаны атап өтілді.
Сенаторлар Президенттің бастамасы бойынша жүзеге асқан «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасы бүгінде жалпыұлттық сипатқа ие болғанын атап өтті. Ол маңызды тәрбиелік мәні зор әрі қоғамды ынтымаққа ұйыстыратын қадам болып отыр.
«Мемлекет басшысының бастамалары жергілікті жерлерде нақты жүзеге асқанын Қызылорда қаласынан көріп отырмыз. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс жалғаса береріне, облыс экологиялық тұрақтылық пен абаттандыру орталығының үлгісі ретінде дами түсетініне сенімдіміз», деді сенатор Н.Байқадамов.
Депутат Р.Рүстемов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аса маңызды екеніне назар аударды. Соның арқасында облыста 80-нен аса спорт нысаны салынып, ондаған тұрғын үйдің қасбеттері жөнделген. Сенаторлар Мемлекет басшысының тапсырмалары өңірде сапалы жүзеге асып жатқанын атап өтті. Әр істің тиімділігі жоғары екеніне және жергілікті тұрғындардан қолдау тауып отырғанына куә болды.
Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығына бас сұққан депутат А.Лукин мекеменің ұжымымен және қамқорлыққа бөленген жандармен кездесіп, олардың өмір сүру жағдайымен, көрсетілетін әлеуметтік және медициналық қызметтер ауқымымен танысты. Басқосуда зардап шеккендерді қорғаудың заңнамалық және институционалдық тетіктерін жетілдіру, салалық мекемелер арасындағы үйлестіруді күшейту, сондай-ақ қайталанған зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алуда тиімділікті арттыру мәселелері талқыланды. Депутат былтыр әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткендерге жазаны қатаңдату, алдын алу шараларын кеңейту, сондай-ақ азаматтардың осал санаттарын құқықтық қорғауды күшейту туралы маңызды заң қабылданғанын айтты.
Депутат жұмыс сапары аясында елордалық «Сарыарқа» ауданының активімен де кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері, оның ішінде үй маңындағы аумақтарды абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту, қала тұрғындарына медициналық көмек пен білім беру инфрақұрылымының қолжетімділігі талқылаудың негізгі тақырыбы болды.
Сенатор Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» іс-шарасы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, абаттандыру мәселелерін шешуге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін маңызды біріктіруші факторға айналғанын атап өтті.
«Таза Қазақстан» мемлекеттік органдардың, жұртшылық пен қарапайым азаматтардың күш-жігерін біріктіре отырып, шын мәнінде жалпыұлттық сипатқа ие болып отыр. Бұл қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырудың және еліміздің болашағы үшін ортақ жауапкершілік сезімін күшейтудің маңызды құралы», деп атап өтті А.Лукин.