Қоғам • 01 Тамыз, 2025

ЛГБТ насихатының салдары қандай?

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астана қаласында ғылым және сарапшылар қауымдастық­тарының өкілдері қоғамдағы ЛГБТ насихатының кәмелетке толмаған азаматтарға ықпалын талқылады. Осы мақсатта елімізде арнайы зерттеу жүргізілген еді.

ЛГБТ насихатының салдары қандай?

Сурет: ru.freepik.com

Былтыр елімізде петиция инс­титуты жұмысын бастап, азаматтардың ұсынысымен қоғам үшін маңызы жоғары бірқатар мәселе талқылауға салынғаны көпке мәлім. Сондай мәселенің бірі – ЛГБТ насихатына тыйым салу. «Біз Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ның ашық және жасырын насихатына қарсымыз» атты петиция тиісті дауыс жинаған соң, арнайы комиссия отырыстарында қаралып, талаптары ішінара мақұлданғаны белгілі.

Соның жалғасы ретінде ЛГБТ насиха­тының кәмелетке толмаған балаларға ықпалын анықтауға арналған зерттеуді Мәжіліс депутаттарының бастамасы бо­йынша «Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қоры» жеке зерттеу орталықта­ры мен сарапшыларды тарта отырып жүр­гізген. Жиында қор төрағасы, PhD, белгілі құқық қорғаушы Сүлеймен Үсен «Дәстүрлі емес қатынастар насиха­тының кәмелетке толмағандарға әсері жөніндегі аналитикалық есепті» ұсынды.

Оның айтуынша, жаһандық парадиг­маның өзгеруі мен әлемдегі жаңа коммуникация арналарының кеңінен дамуы аясында дәстүрлі құндылықтардың құнсыздану үдерісі күшейе түскен. Кейінгі зерттеулерге сәйкес, бүгінде адам күніне 2/3 уақытын интернетте өткізеді. Оның ішінде дүниетанымы енді қалып­таса бастаған балалар желідегі қызылды-жасылды ақпарат пен құндылықтарға тым сезімтал, тез қабылдағыш.

«Интернет пен әлеуметтік медиа­дағы дәстүрлі емес қатынастарды насихаттайтын материалдар балаларға зиянды әсер етіп, дәстүрлі құндылықтарға қарсы тұратыны анық: олар отбасы инс­титутын деформациялайды, осылайша бүкіл халықтың ұлттық қауіпсіз­дігіне қауіп төндіреді. Мысалы, Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қорының ақ­па­раты бойынша, респонденттердің 63,7%-ы ЛГБТ туралы ақпаратты тікелей әлеуметтік желілер арқылы алады. Бұл ретте 29 жасқа дейінгі респонденттер­дің 73,2%-ы интернетті ақпараттандыру­дың негізгі арнасы деп атайды», деді С.Үсен.

Маманның айтуынша, әлеуметтік желілердің таралуымен деструктивті мазмұнның таралу қаупі де өскен: порнография, қатыгездік пен зорлық-зомбылық көріністері, зиянды, оның ішінде дәстүрлі емес қатынастарды насихаттау артып келеді. Осыған байланысты әлемнің барлық мемлекеті балалар мен жастар болашағы үшін күресуге, сырттан насихатталатын стандартты емес мінез-құлық үлгілеріне қарсы тұруға тырысып жатыр. Мәселен, ЛГБТ насихатын заңнамалық деңгейде шектеу мәселелері Польша, Литва, Мажарстан, Қырғызстан, Грузия, т.б. елдерде қаралған.

«Бұл жағдайда еліміз заңна­малық деңгейде болашақ ұрпақ үшін «қауіп­сіз цифрлық ортаны» қалыптас­тыру жөнінде шаралар қабылдаған бірқатар мемлекеттің жолымен жүріп келеді. «Стратегия» қоғамдық қорының зерт­теуі­не сүйенсек, респонденттердің 84,2%-ы дәстүрлі құндылықтарды қорғау үшін мемлекет қабылдайтын шараларды қолдайды. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 67,3%-ы ЛГБТ насихатын заңнамалық деңгейде шектеуді жақ­тап, ал 79,8%-ы ЛГБТ насихатын жастар­ға қауіп деп санайды. Респонденттер­дің жартысынан көбін ­ЛГБТ насихаты­ның кәмелетке толмағандар­дың физика­лық және психоэмоционалды дамуы­на теріс әсері алаңдататыны анық­тал­­­ған. Сонымен қатар адамдар туу көр­сет­кішінің төмендеуі және отбасы инс­титутының жойылуы (әрқайсысы 42,8%), сондай-ақ инфекциялық аурулар мен репродуктивтік жүйесінің аурулары (37,2%) жайындағы қаупін де білдірді», деді С.Үсен.

Жиын барысында талқылауға ұсы­нылған есепте кәмелетке толмаған аза­мат­тарға сыртқы ақпараттық орта­ның психологиялық ықпалы және дәс­түрлі емес қатынастар насихатын қоғам­ның қабылдау мәселелері бойын­ша отан­дық және шетелдік ғылыми және әлеу­меттанулық зерттеулер қорытын­дылары, сондай-ақ халықаралық тәжіри­бені есепке ала отырып кәмелетке толма­ғандар арасындағы дәстүрлі емес қатынастарды насихаттауды реттеудің құқықтық аспек­тілері ұсынылды.

Сарапшылар дәстүрлі емес жыныстық қатынастар тақырыбындағы контентті тұрақты түрде тұтынатын жасөспірімдер жеке гендерлік немесе жыныстық сәйкес­тікке қатысты ішкі шатасуға, маза­сыздық пен ыңғайсыздық сезіміне тап болатынын атап өтті. Сонымен қатар аудиторияның жас ерекшеліктері мен психологиясын есепке алмай, дәстүрлі емес жыныстық қатынас тақырыбындағы ақпараттарды тарату жасөспірімдер дүниетанымы­ның қалыптасуына қатерлі ықпал етуі мүмкін екенін ескертті. Соның ішінде мульт­фильмдер, кітаптар мен сериалдар арқылы дәстүрлі емес жыныстық қатынастың белгілерін насихаттаудың да кері әсері айтылды.

Республикалық психикалық денсау­лық ғылыми-практикалық орталығының өкілі Н.Есімовтің айтуынша, ЛГБТ туралы ақпараттар жасөспірімдерді маза­сыздық пен сенімсіздікке, эмоционалды тұрақсыздық пен депрессиялық көңіл күйге, әлеуметтік оқшаулану сезіміне, тұлғааралық қарым-қатынас пен өзін-өзі анықтаудағы қиындыққа алып келуі мүмкін. Сарапшылар осы зерттеу барысында әлеуметтік желілерде ЛГБТ тақырыбында 1 559 материал жария­ланғанын анықтаған. Олар ЛГБТ құндылықтарын насихаттаумен айналысатын блогерлер мен тұтынушылардың белсенділігі жоғары екенін атап өтті.

Жиын барысында осы зерттеуді жүргізуге қатысқан өзге де қоғамдық ұйым­дардың, сонымен қатар Денсау­лық сақтау және Оқу-ағарту министр­ліктерінің өкілдері сөз алып, ойларын ортаға салды. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұрын шетін тақы­рып­тың кейінгі жылдары үлкен саяси ойынға айналғанын, бұның артында Батыс елдеріндегі ірі күштер тұрғанын айта келе, былтырғы петициядан кейін Парламент депутаттары бұл мәселені көтеріп, оған заңмен тыйым салу туралы ұсыныстарын жеткізгенін айтты. Сондай-ақ ол бұл зерттеулерді әрі қарай жалғастыру қажеттігін, оған бірнеше себеп түрткі болып отырғанын жеткізді.

«Мен бүгін білгім келген кейбір мәселені ести алмадым. Біріншіден, ЛГБТ өкілдері бұл жолға не себептен түсті: туғаннан ба немесе осындай наси­хат­тың себебінен өзгерді ме? Әлде зорлық-зомбылықтың құрбаны болды ма? Екіншіден, ЛГБТ өкілдері арасын­дағы аурулар туралы ешқандай зерттеуді көрмедік. Бәлкім, басқа елдерде бар шығар. Біз де сондай зерттеу жүргізуіміз керек. Үшіншіден, олардың арасында суицид жасау үрдісі қаншалықты тараған? Төртіншіден, олардың өмір сүру мерзімі қандай? Менің білуімше, олар 50 жасқа дейін ғана өмір сүреді. Біз осы зерттеулерді әрі қарай жалғастырып, ЛГБТ өкілінің әлеуметтік портретін жасауымыз керек», деді Е.Жаңбыршин.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Кеше

Акция аясындағы ауқымды жұмыс

«Таза Қазақстан» • Кеше

Онлайн сайлау жүйесі

Ғалам ғажаптары • Кеше

Қан алатын робот

Ғалам ғажаптары • Кеше

Апаттан аман қалған балалар

Ғалам ғажаптары • Кеше

«Сарығыз» тазы көрмеге барады

Мәдениет • 01 Тамыз, 2025

Даңғыл көпір

Мереке • 01 Тамыз, 2025

Абай тойы басталды

Абай • 01 Тамыз, 2025