Саясат • Бүгін, 09:00

Қасым-Жомарт Тоқаев: Құрлық арқылы байланыстың маңызы арта түседі

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясының делегация басшыларын ресми қарсы алу рәсіміне қатысу үшін «Аваза» конгресс-орталығына келді. Мұнда Қазақстан басшысын Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов күтіп алды. Бұдан соң конференцияға қатысушы делегация басшылары бірге суретке түсті. Алқалы жиынның ашылу салтанатына дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Басқосуда аймақ елдері ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды. Содан соң Мемлекет басшысы конференция өтетін «Аваза» спорт кешеніне келді. Онда Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қарсы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Құрлық арқылы байланыстың маңызы арта түседі

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі конференцияны шақыру бастамасын көтергені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді. Сондай-ақ теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің проблемаларын шешуге және мүмкіндіктерін пайдалануға бейіл танытқаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғыс айтты.

– Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Яғни еліміз бұл үздіксіз үдеріске бастапқы жылдардан бері қатысып келеді. Осы тарихи оқиға барысында Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мәселелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарды. Біз алдымызда тұрған міндеттерді одан әрі ілгерілету мақсатында Авазада бас қосып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, осы топ құрамындағы 32 дамушы елде жарты миллиардтан астам адам тұрады. Олардың көпшілігі қаржыландыруға және технологияға қол жеткізуде, сон­дай-ақ жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілермен бетпе-бет келеді.

сми

– Аймақтағы шектеулі байланыс – теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің басты проблемасы. Бұл транзит және сауда шығыны, сондай-ақ геосаяси факторларға осалдық секілді біршама экономикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілет­тілікті төмендетеді. Түрлі қақтығыстар, экономикалық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы және жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Дегенмен Қазақ­стан теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселе­лердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перспективті серіктес ретінде қарау керек деп санайды. Мұндай елдердің үні анық естілуге тиіс, ал біздің өзара ынтымақтастығымыз терең, ұжымдық ұмтылысымыз батыл болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы ретінде толық қолдайтынын мәлімдеді.

– Бұл маңызды бастама транзиттік елдердің, халықаралық даму ұйымдары мен қаржы институттарының саяси қолдауына ие болуға тиіс. Көлік, энергетика және цифрлы инфрақұрылым сияқты басты секторларға инвестицияны ынталандыруға арналған жаңа қаржы тетіктері керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тағы бір түйткіл ретінде атады.

– Теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Дегенмен менің ойымша, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары теңгерімді әрі инклюзивті сипатын сақтап, елдердің даму жолындағы сұраныстарына сай болу­ға тиіс. Климаттық өзгерістермен күрес­ке жұмылу мақсатында сіздерді келе­сі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­мен бірге Астанада ұйымдас­тыры­латын Өңірлік экологиялық саммитке шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің серіктестермен бірге аймақтағы өзара байланысты нығайту, цифрлық трансформацияны ілгерілету және ұзақмерзімді әрі орнықты өсімге ықпал етуді көздейтін елеулі шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.

президент

– Біз Орта дәліз және «Солтүстік-Оңтүстік» бағдары бойындағы көлік жолдары мен транзит инфрақұрылы­мын дамытуға баса мән береміз. Түпкі мақсатымыз – теміржолдың, автокөлік жолдарының, сондай-ақ авиация мен логистика орталықтарының біртұтас желісін құру. Бұл Қазақстанның Еуразиялық транзит хабы ретіндегі позициясын нығайтады. Қазіргі кезде Азия мен Еуропа арасындағы құр­лық арқы­лы тасымалданатын жүк­тің 85 пайыз­ға

жуығы еліміз арқылы өтеді. Біз сон­дай-ақ цифрландыруға инвестиция құйып жатырмыз. Астана қаласында «Alem.AI» жасанды интеллект орталығы құрылды. Жуырда суперкомпьютер іске қосылды. Ғылыми ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз. Серіктестерімізді қатарымызға қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сы өңір­лік күн тәртібі жөнінде пікір біл­діріп, елдердің мүмкіндігі география­мен шектелмейтінін Орталық Азия тәжірибесі көрсетіп отырғанын айтты.

– Қазір теңізге шығар жолымыз бол­маға­нымен, келешекте амалын таба­мыз. Яғни құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі. Біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы орнықты. Саяси ерік-жігер, стратегиялық инвестиция мен халық­аралық серіктес­тік болса, теңізге шыға­тын жолдың жоқ­тығы кедергі емес, керісінше, өсімге ынта­ландырады. Орталық Азия өзара тиімді ықпалдастық қанат жайған аймаққа айналғанына куә болып отырмыз. Өңірдің сауда, инвес­тиция, көлік, байланыс және ресурс­тарды орнықты бас­қару салаларында даму әлеуеті жоғары. Екі күн бұрын Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталы­ғын құру туралы келісімге қол қойылды. Оның штаб-пәтері Алматыда орналас­қан. Бұл тұтас аймақ үшін маңызды жетістік әрі Аваза бағдарламасының игі мақсаттарына толық сай келеді. Қазақстанның осы бастамасын қолдағаны үшін БҰҰ Бас хатшысына және Орталық Азиядағы серіктестерімізге тағы да ризашы­лығымды білдіремін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл екенін растады.

– Теңіз қатынасы жоқ дамушы елдердің жаһандық күн тәртібінен тыс қалмауын халықаралық серіктестікті нығайту арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

* * *

көрме

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыда аталған конференцияға қатысушы делегация басшыларымен бірге Орталық Азия елдерінің көрме павильонына барды.

Көрермендер ұлттық нақышта безендірілген Қазақстан экспозициясын тамашалады. Павильонда қонақжайлық пен ырыс-берекені паш ету үшін киіз үй тігілген. Қонақтарға ұлттық салт-дәстүрлерімізден театрландырылған қойылым ұсынылды. Сондай-ақ көрмеде Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің мәдени мұрасы мен меймандос халқының бай рухани қазынасымен танысуға болады.