Абай • Бүгін, 08:00

Достыққа дәнекер мұра

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ғылым ордасында» Абай Құнанбай­ұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Әдебиет – достық көпірі» тақырыбында көрме өтті.

Достыққа дәнекер мұра

Иран Ислам Республи­ка­сының Алматы қаласындағы бас консулдығы және мәдени өкілдігімен бірлесіп өткізген іс-шара хакімнің мұраларын дәріптеуге, адамзаттық құн­дылықтарға негізделген идеяларын халықаралық деңгейде насихаттауға арналды.

Қазақ-иран әдеби байла­нысын нығайтуға, екі ел арасындағы мәдени ынты­мақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған іс-ша­раға бас консул Суна Ахмади, Иран мәдени өкілдігінің басшысы Хоссейн Ағазаде, сондай-ақ Ирандағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

– Ақынның 180 жылдығы – оның рухани және әдеби мұрасын жаңа қырынан танып, зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды кезең. Абай  қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ғана емес, ұлттық ой-сана мен мәдениеттің рәмізіне айналды. Шығармалары әдебиеттанумен қатар, философия, тарих, тіл білімі және мәдениеттану салаларын­да кеңінен зерттеліп келеді. Осы орайда, «Ғылым орда­сы» Орталық ғылыми кітап­ханасының қорында сақталған сирек басылымдар мен қол­жазбалар – үлкен ғылыми маңызға ие. Бұл материалдар Абай стилін, жазба тілінің дамуын және шығармаларының таралуын зерттеуге мол мүм­кіндік береді, – деп атап өтті  «Ғылым ордасының» бас директоры Ұлар Мұқажанов.

Көрмеге «Ғылым орда­сының» сирек кітаптар қо­рындағы басылымдар, хакім­нің парсы тіліндегі аудар­малары, 500 беттік «қазақ-парсы» сөздігі, тағы да басқа шығармалары қойылып,  ұлы ақынның өлеңдері қазақ және парсы тілдерінде оқылды.

Кездесу барысында қаты­су­шылар Абай мұрасын парсы тіліне аударған белгілі жазушы, қазақ әдебиетін Иран жұртшылығына кеңі­нен танытқан көрнекті тұлға Қажы Мұхаммед Шадкамды еске алды. Сондай-ақ Абай өлең­дерін мәнер­­леп оқу байқауының жеңім­пазда­ры марапатталып, арнайы сыйлықтар табыс­талды. Темірбек Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттерінің «Абай – Рудаки» достық кіле­мі мен басқа да туындылары көп­­шіліктің назарына ұсы­ныл­ды. 

 

АЛМАТЫ