
Сурет: ernur.kz
«EXPO National Day Hall» (EXPO Ұлттық күні залы) алаңында министр А.Шаққалиев пен Osaka EXPO-2025 қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының туын көтеру рәсімі өткізілді.
«Бүгінгі іс-шара қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайластырылған. Бұл өңірлердің географиялық қашықтығына қарамастан, рухымыздың жақын екенін білдіреді, себебі бізді дәстүрлер мен аға буынға деген құрмет, білім мен еңбекке деген жоғары мән біріктіреді», деді А.Шаққалиев іс-шараның ресми ашылу салтанатында.
Өз кезегінде Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Акиёси Като Осакадағы EXPO-да өткен еліміздің Ұлттық күнімен қазақстандық делегацияны құттықтап, мәдени алмасудың өзара түсіністікті, ынтымақтастықты және екі ел арасындағы байланыстарды дамытудағы маңыздылығына тоқталды.
Дүниежүзілік көрме қонақтары үшін Қазақстанның Ұлттық күнін мерекелеу шеңберінде EXPO аумағында балуанымыз төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульниковтің, ұлттық киімдегі әртістер мен батырлардың қатысуымен ауқымды шеру ұйымдастырылды. «Expo Hall Shining Hat» сахнасында қазақ өнерпаздарының қатысуымен концерт қойылды. Ауқымды мерекелік бағдарламаға шамамен 3 мың көрермен жинады. Ел мәдениетінің байлығын паш еткен Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің әуендерімен, Sarmad және Art Dombyra ансамбльдерінің этно және фольклорлық ырғақтарымен, опера солистері Зарина Алтынбаева мен Алтынбек Әбілданың керемет дауысы, сондай-ақ «Бірлік» ансамблінің жігерлі би қойылымдары және Қазақстанның көптеген басқа да талантты әртістерінің өнерімен есте қалды. Кеште Құрманғазының, Н.Тілендиевтің, Қ.Ахмедияровтың, Л.Хамидидің, Е.Брусиловскийдің және халық сүйіспеншілігіне бөленген өзге де композиторлардың туындылары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қазақстан павильоны келушілер арасында өте танымал екенін айта кеткен жөн. Оған келген қонақтар саны 900 мыңға жетті.
Қаперлей кетсек, биыл Жапонияның Осака қаласында EXPO-2025 дүниежүзілік көрмесі басталды. Ұйымдастырушылардың дерегі бойынша ауқымды іс-шараға 160 ел мен 9 халықаралық ұйым, 28 млн-нан аса адам қатысады деген болжам бар.